Жамбыл ауданы Құмтиын ауылынан батысқа қарай Қыз әулие кесенесі бар. Аталған кесене Аса-Жұма тасжолының бойында орналасқан. Алайда бұл жер неліктен Қыз әулие аталған, кесене кімнің құрметіне тұрғызылған деген нақты дерек жоқ. Ел аузындағы аңыз-әңгімелер ғана жұмбақ мекеннің жайынан там-тұмдап сыр шертеді.
Аңызға жүгінсек, ерте заманда сайдың тасындай келісті жеті ағайынды батыр жігіт өмір сүріпті. Жоңғар шапқыншылығы кезінде жау қолынан сол жігіттердің бәрі де қаза тауыпты. Сол батырлардың көркіне көз ақы берерліктей сұлу жалғыз қарындасы болыпты. Бұл қыздың көріпкелдік, әулиелік қасиеті бар екен. Күндердің күнінде әулие қыз ағаларының түгелдей мерт болғанын, жаудың өзін алып кетпекші болып жүргенін біліп, өзін Алладан тас мүсінге айналдырып, өз елінде қалдыруын сұраған дейді. Қыздың тілегі қабыл болып, кейіннен бұл жер «Қыз әулие» аталып кеткен екен.
Тарих қашанда өзінің тылсым әлеміне тарта түседі. Жазық даладағы жұмбақ кесене туралы ел аузында сақталған аңыз осы. Алайда көне кесене маңында осы уақытқа дейін ешқандай ғылыми зерттеулер жүргізілмепті. Тек жергілікті өлкетанушылар мен ауыл тұрғындары шама-шарқынша зерттеген. Қыз әулие кесенесі жеті бұрышты, қабырғасы ақ кірпіштен қаланған. Биіктігі екі жарым метр болады. Жамбыл аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы, Құмтиын ауылының тұрғыны Бақыт Сырлыбаевтың айтуынша, ертеректе ауылдың тұрғыны болған бір әйелдің түсіне аян беріп, содан осы «Қыз әулие» кесенесін салдырған екен. Кесененің жеті бұрышты болу себебі, ол қапыда жау қолынан мерт болған жеті ағайынды жігітке арналған. Сол жеті жігіттің жеті бұрышқа шырақ жағуы үшін жасалған.
Тарихтан белгілі, Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан стратегиялық маңызы жоғары орталықтардың бірі Тараз қаласы болған. Әсіресе ІХ-ХІІ ғасырларда Тараз шаһары гүлдену кезеңін бастан кешірді. Қарахандықтар билік құрған кезеңде Тараздың маңайында көптеген кіші қалалардың болғаны да белгілі. Мәселен, Тараз іргесіндегі Дех-Нуджекес, Адахкент қалалары осының айғағы. Көне қалалардың үйінділері күні бүгінге дейін сақталған. Қыз әулие кесенесі осы Адахкент қаласы шахристанының аумағында орналасқан. Бүгінде кесене маңы қалың қорымға айналған.
Жалпы, «Қыз әулие» кесенесі еліміздің бірқатар өңірлерінде кездеседі. Жергілікті жұрттың сенімі бойынша мұнда тағдыр талқысына түскен тұрғындар түнеп, Жаратушыға жалбарынады екен. Күн сайын келушілердің де қарасы көп.
Жамбыл облысы