Өткен айда қазақ мұнайының 120 жылдық мерейтойын атап өттік. Осы датаға орай төменде «қара алтынды» игеру тарихына қысқаша тоқталып отырмыз.
Жер астынан шығатын қазба байлықтардың ішіндегі адамзат үшін асылының бірі темір екені белгілі. Ұлы Абайдың: «Қара жер адамзатқа болған мекен, Қазына іші толған әртүрлі кен. Ішінде жүз мың түрлі асылы бар, солардың ең артығы немене екен?» деп жұмбақтайтыны осы темір болса керек. Алайда бүгінгі таңда адамзат үшін мұнайдың маңызы темірден анағұрлым асып кеткен сияқты. Қазір көптеген елдердің экономикалық қуатын да мұнай бағасы анықтайды.
Дүние жүзіндегі барлық техниканың 70 пайыздан астамы мұнай өнімдерінің күшімен қозғалады. Әрине көмір мен газ оған біршама бәсекелестік тудыра алады. Әсіресе экологиялық жағынан тиімді болғандықтан дамыған елдердің көліктері газбен жүруге көшіп жатыр. Алайда оның ауысу көлемі мардымды емес. Еуроодақ 2020 жылы барлық автомобильдерінің 10 пайызын газға көшіреді. Сондықтан жуық арада газ мұнайдың орнын баса алмайды деп батыл болжам айтуға болады.
Қазір әлемде өндірілген барлық мұнайдың 16 пайызы энергетика бермейтін салаларда қолданылады. Көбіміз күнделікті өмірде қолданып жүрген үй жиһаздары, ыдыстар, тіпті тамақ өнімдерінің өзінде мұнай компоненттері бар екенін біле бермейміз. «Қара алтыннан» қазір 6 мыңға жуық өнім алынады. Оның кейбірін ғана атап өтетін болсақ, жүздеген түрлі дәрі-дәрмектер, пластикалық контейнерлер, тұрмыстық бұйымдар мен техникалардың қораптары, жиһаздардың бөлшектері, ойыншықтар, сәбилердің түрлі бұйымдары мен емізіктері, сағыз, жасанды тері, жастыққа, көрпеге салынатын қауырсындар, полиэтилен, маталар, косметикалық заттар, түрлі иіссулар, жууға арналған ұнтақ пен сұйық сабын, сусабын, құрылыста қолданылатын материалдар, түрлі бояулар, автомобильді салқындататын сұйықтықтар, майлар, сусындар және т.б. Әрине химиялық жолмен алынған оның кейбірі адам ағзасына зиянды да болып жатады, бірақ оған мұнай кінәлі емес екені белгілі.
Жер бетіне шығып жатқан қарақошқыл, жылтыр сұйықтықты қазақтар алғашында «қара май», «жер майы» деп атаған. Уақыт өте келе оған «мұнай» деген ат таңылған. Аталарымыз алдымен қара майды сүзіп алып, адамның, малдың шықпа, бөртпе сияқты дерттерін емдеуге пайдаланған. «Қара алтынның» медициналық қасиетін ғылыми жолмен білмесе де, тәжірибе жасау арқылы оның пайдасына көздері жеткен. Мұнайлы өлкенің шежірешісі Қожыбай Әлжанұлы Мәтен есімді балгер ХVІІІ ғасырда науқастарды мұнаймен емдегенін айтқан. Кейін адамдар оның жанатынына көзі жетіп, от тұтату үшін тамызық қылуға немесе тезекке құйып отқа жағуға пайдаланыпты. Битумы мол қоюын арбасының доңғалағын майлауға да кеңінен қолданған. Сөйтіп қазақтар өз жерінде мұнайдың түрлі пайдасын алғашқылардың бірі болып көре бастаған.
Осы күні қазақ мұнайын ашушылар жөнінде ұшқары пікірлер жиі айтылады. Әсіресе Кеңес Одағы жылдарында шыққан әдебиеттерде қазақ мұнайының «атасы» болуды көрінгенге теліп біттік. Және ол есімдердің бәрі де басқа ұлттардың адамдары болатын. Осының өзінен басқалардың еңбегінің «зор» екені мойындалып, өздігімізден аяқ баса алмағанымызды көрсетіп, кемсітудің бір амалы сезіледі.
Ал олардың бар еңбегі тек мұнай көлкіп жатқан жерлерді көргенін қағазға түсірген. Мұны «кен орнын ашқан» деп айту артық. Олар жердің астын барлап, мұнайды бірнеше метр тереңдіктен тапқан жоқ. Ал өнеркәсіптік өңдеу ХІХ ғасырда басталғанда бұрғылар алдымен сол мұнай көлкіп шығып жатқан белгілі жерлерге түскен. Сондықтан қазақ мұнайының ашылуын әркімге тели беруді доғарған жөн.
Бір қызығы, мұнайды қазақтан басқа халық «мұнай» деп атамайды. Түрікше оны «нефт», парсыша «нафт» дейді. Әзербайжандар, өзбектер, қырғыздар «нефть» десе, түрікмендер «невит» дейді. Өзінің төл атауын берген қазақтар ғана. Алғашында олар «май», «қара май», «жер майы» десе, артынан «мұнай» деген әдемі атауын теліген.
Мұнай атауының қайдан шыққаны жөнінде көптеген пікірлер бар. Біздіңше, бұл халықтың қайнаған ортасынан сөздің дыбысталу үндестігінен туған. Алдымен май, қара май, жер май деп атап келіп, оның түсіне көп қараған адам мұңлы жүзді көргендей болған сияқты. Үнемі қап-қара, кейде қарақошқыл болып жылтырап жатқан майдың бойында қандай да бір мұңлы елес жүргендей.
Қазақ мұнайын өндірістік жолмен алуды Ресей кәсіпкерлері 1892 жылы Түркістанға темір жол тарту жұмыстарымен қатар қолға алған. Алдымен геолог С.Никитин бастаған арнаулы экспедиция шығып, тереңдігі 6-9 метр мөлшеріндегі қолдан салынатын бұрғыны Доссор, Ескене және Қарашүңгілге қояды. Сол кездегі өнеркәсіп жаңалықтары газет арқылы Ресейдің орталық қалаларына тарап отырған. Содан Ембі, Каспий жерінде мұнай бар дегенді естіген В.Леман деген кәсіпкер «Леман и К» компаниясын тіркетіп, қасына бірнеше әріптестін тартады. Атыраудағы алғашқы мұнай кәсіпорыны болған осы компания 1898 жылдан 1909 жылға дейін 11 жыл жұмыс істеген. Балтық бойы немістерінің қатарынан шыққан оны жерлесі әрі қандасы, Ресейдің сол жылдары премьер-министрі болған С.Витте қолдап, компания ұлан-ғайыр жерді барлауға рұқсат алады. Осы компания 1898 жылға дейін 60 ұңғыма қазған. Ақыры еңбегі жанып, 1899 жылы Қарашүңгілде алғашқы мұнай бұрқағы атылды. Осы жылды қазақ мұнайының туған жылы деп атап жүрміз.
Алғашқы бұрғы түскен кен орындарының бірі Ескене кен орны туралы деректер 1886 жылдан бері белгілі. Ондағы алғашқы геологиялық барлау жұмыстары 1892 жылы басталды. Ал мұнайдың бұрғымен жер бетіне шығарылғаны 1908 жылға жатады.
Қазақ жеріндегі ең алғашқы мұнай құбырын да ағылшындар осы жерге салған. Доссор-Ракуша деп аталған ол Кеңес Одағы жылдарында да пайдаланылған. Қазіргі Атырау облысындағы шағын кент – Ракуша кезінде жергілікті маңызы бар порт болған.
Егер Ескене кен орнының тарихына толығырақ тоқтала кететін болсақ, деректердің бәрінде оның мұнайы өте сапалы болғаны айтылады. Оның 70 пайызға жуығы керосин қоспасы екен. Сондықтан оны айырмай-ақ қолдануға да болған. Әсіресе соғыс жылдарында танкілерге оны айырмай-ақ құйған.
Ескененің өзі Байұлының Шеркеш, Ысық аталарының қыстауларының маңынан табылған кен орны. Атауы да сол аталардың бірі – Ескенеден алынған. Жері сор болған, оның тұзын халық пайдаланып отырған. Тіпті кейін үлкен кент тұрғызылып, тұрғындары көбейгенде де халық Ескененің тұзын пайдаланған екен. Тұздың астындағы қара балшықтың емдік қасиеті зор. Кейін осы жерге санаторий салынып, суықтан болған дерттің бәрі осы Ескененің тұзды қара балшығымен емделеді.
1934 жылдан Доссор, Мақат, Ескене, Байшонас, Қосшағыл және тағы басқа кен орындарынан өндірілген барлық мұнай Орскінің мұнай өңдеу зауытына жеткізілген. Сондықтан Доссор-Ракуша құбырының қажеті болмай қалады. Ал ондағы 10 мың текше метрлік төрт алып резервуарды Ескенеге көшіріп, осында эстакада жасалады.
Ескене стансасында тәуліктік қуаты 10-12 тонна болатын жанармай айыратын шағын зауыт 1947 жылға дейін жұмыс істеді. Ал эстакадада қорланған Ескененің жоғары сапалы жанармайы кешеге дейін темір жолмен Мәскеудің түбіндегі Ярославль қаласындағы авиазауытқа жеткізіліп отырған.
Өндіріс пен өнеркәсібі жан-жақты дамып жатқан Ескене кенті де жыл санап көркейген. Тұрғындар саны артып, аумағы да үлкейеді. Ауылда қазақша-орысша мектеп, интернат, балабақша, тұрғын үйлер, дүкендер, басқа да мәдени-тұрмыстық нысандар, Ембі кәсіпшіліктері ашылған елді мекендердің ешқайсында болмаған ауылдық саябақ та ашылған. Осы саябақты онда тұрған жандардың бәрі де ұмыта алмайды. Оның ішінде жазғы клуб, би алаңы, жеміс бақшасы, аурухана, амбулатория, балабақша, тіпті бассейнге дейін болған екен.
Соғыс кезінде осы кәсіпшіліктің жетістіктері Одақ көлеміне әйгілі болып, Қорғаныс комитетінің ауыспалы Қызыл туын 7 рет жеңіп алады. Осынша марапатталғандарға Қызыл ту мәңгіге қалдырылатын тәртіп бар екен, сондықтан ту Ескенеде қалдырылады. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болған, Ленин орденді мұнайшы Рамазан Есқариев өзінің естелігінде сол кездегі Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің төрағасы Әбсамат Қазақпаев пен Гурьев облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Сергей Кругловтың ауыспалы Қызыл туды ескенелік мұнайшылар ұжымына мәңгілікке тапсыруға келгенін, тумен бірге 35 мың сом сыйлық берілгенін еске алады.
Сол кезеңдерде Ескенеде алғашқы шақырылған КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты, мұнайшы-стахановшы Сабырғали Зорбаев та жұмыс істеді. 1893 жылы туып, 1970 жылы өмірден өткен С.Зорбаев 1937 жылы депутат болып сайланған. Кейін Ленин және «Құрмет белгісі» ордендерінің және бірнеше медальдармен марапатталды. Тағы бір ардагер мұнайшы Сақтапберген Бекмұрзиев 1942 жылдың 7 қарашасында Ескенеде еңбекшілердің митингісі болып, онда Сәдір Әжібаев, Әбіл Оразов, Қойшығұл Жұбанов деген белсенділер шығып сөйлеп, бес күндік жалақымызды Қорғаныс қорына аударайық деген үндеу тастағанын еске алады. Бұл қаржыға «Қазақстан мұнайшысы» атты танк колоннасы құрылсын деген ұсыныс болады. Осының артынан Ескене мұнайшыларына Сталиннің Алғыс хаты келіп жетеді. Кейін Лениндік сыйлық алған атақты геолог, қазақтың алғашқы мұнайшы-инженерлерінің бірі Нәрен Имашев те осы Ескене кен орнында бірнеше жыл директор болған.
Қазақстанның тәуелсіздік жылдарында да Ескене мұнайы еліміздің экономикасының дамуына өзіндік үлесін қосты. «Ембімұнайгаз» АҚ құрамына кірген кен орнында 1995 жылы ғана 44 ұңғы жұмыс істеп тұрған. Бірақ рентабельдігі төмен деп кен орны 1999 жылы уақытша консервацияланған. Алайда 2001 жылы қайтадан кен өндіріліп, 12 ұңғы жасаған. Осыдан кейін Ескене 2011 жылы тоқтатылды. Осы жылы Ескене ауылы Қашаған мұнай кен орнының экологиялық аймағына кіріп, 2013 жылдың 17 сәуіріндегі Атырау облысы әкімінің қаулысы және мәслихаттың шешімімен Мақат ауданының Ескене мен Байшонас ауылдары таратылды.
Бұл кент еліміздің талай жасының қанатын қатайтып, өмір жолына ұшуына еңбегі сіңген. Елдің экономикасының аяғынан тік тұруына үлесін қосқан кен орны. Сондықтан ол өзінің терең тарихымен елдің есінде мәңгі қалады. Қазір осы ауылдан шыққан бір топ адамның бастамасымен оның орнына ескерткіш-белгі орнату және тарихы туралы кітап жазу қолға алынып жатыр.