Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауы – еліміздегі түйінді мәселелерді шешудің бағытын айқындаған тың бағдарламалық құжат болды.
Президент өз Жолдауында қазіргі заманғы тиімді мемлекет құру, азаматтардың құқықтары мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қарқынды дамыған және инклюзивті экономика, әлеуметтік жаңғырудың жаңа кезеңі, қуатты өңірлер – қуатты ел сынды негізгі басымдықтарды айқындап берді. Тыңғылықты пысықталып, ойластырылған міндеттер мен тапсырмалар белгілеген әрбір басымдық маңызды.
Мысалы, Президент азаматтардың барлық сындарлы өтінім-сұрақтарына шұғыл әрі тиімді жауап қата алатын «халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру міндетін қойып отыр. Иә, бүгінде әр тұрғынның көкейкесті мәселесі заң шеңберінде және көшеде емес, тиісті мекеменің жауапкершілікпен қарауының нәтижесінде оң шешімін табуы маңызды. Бұл орайда сайлаушылармен кездесіп, барлық мұң-мұқтаждарын тыңдап және оны тиісті орындарға жолдап отыратын жергілікті мәслихат депутаттарының жұмысын да жандандыра түсу қажет деп ойлаймын. Сондай-ақ ол кездесулерді форматын өзгерте отырып жиі өткізу де оң нәтиже берері анық. Яғни, халықпен кері байланыс орнатуда депутаттардың белсенділігі де маңызды.
Мемлекет басшысы Үкіметке микро және шағын бизнес компанияларын табыс салығынан 3 жылға босату туралы заңды негіз құруды тапсырды. Мұнда темекі, ішімдік сынды акциздік тауармен айналысатындар, жер қойнауын пайдаланатын кейбір санаттар жеңілдікке ілінбейді. Сонымен бірге қызметкер мен жұмысшы жалдап отырған кәсіпкерлер салықтан босатылады. Бұл да өз кезегінде елге үлкен көмек болатын шешім. Енді аяққа тұрып келе жатқан бизнесмендер үшін оңтайлы болмақ, олар осы салықтан босатылған уақыт аралығында кәсібін жолға қойып, ел экономикасының дамуына ықпал етеді. Мемлекеттің экономикаға араласуын тоқтату жолында бірқатар өзгеріс енгізілмек. Бұл бастамалар бизнеспен айналысушы кез келген компанияға немесе кәсіпкерге нарықтық бәсекелестікте жол ашады. Бұрынғыдай мемлекеттің ақшасына алақан жайып отыратын компаниялар азайып, таза бәсекелестік пайда болады. Бұл өз кезегінде экономиканың кең қанат жаюына ықпал етеді.
Сондай-ақ Президент халыққа Жолдауында Үкімет мүшелеріне, мемлекеттік органдар мен өңірлердің, мемлекеттік компаниялардың және мекемелердің басшыларына тиісті реформаның жүзеге асырылуы үшін дербес жауапкершілік жүктелетінін мәлімдеді және қазақ халқының мемлекет құраушы ұлт ретіндегі рөлін бекемдеу туралы айтты.
«Қазақ халқының мемлекет құраушы ұлт ретіндегі рөлін бекемдеп, этносаралық татулық пен дінаралық түсіністікті қалыптастыра беруіміз қажет. Біздің ұстанымымыз: Ел бірлігі – оның әралуандығында!» деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы тамыз конференциясында алдағы төрт жыл ішінде мұғалімдердің еңбекақысын екі есе арттыруды тапсырғанын айта келіп: «Бұл – келесі жылдан бастап ұстаздардың жалақысы 25 пайызға өседі деген сөз», деді.
Жолдауда айтылған тағы бір маңызды мәселе – азаматтық қоғамға қолдау көрсету қажеттігі. Президент: «Азаматтық қоғамға қолдау көрсету керек, халықты жалпымемлекеттік өзекті тапсырмаларды талқылауға тарту керек. Сол үшін де Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі құрылды», дей келіп, ол келелі мәселелер көшеде емес, Парламентте шешілуі тиіс екенін қадап айтты.
Сондай-ақ «Алда болатын мәжіліс және мәслихат сайлауы елді көппартиялы жүйеге әкелуі тиіс», деді Президент.
Жолдаудағы асы маңызды мәселенің бірі – қазақ тілінің мәртебесі, бұл ретте Президент қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретінде рөлінің күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңінің келіп жеткендігін атап көрсетті. Мемлекеттік тілге қатысты міндетті жүзеге асыру үшін қолдан келген барлық қажетті жағдайларымызды жасауымыз қажет деп білемін, бұл біздің ұлтымыз бен ұрпақтарымыздың келешегі үшін қажетті шара болмақ. Жолдауда халықты әлеуметтік қорғауға, әлеуметтік мәселелерді шешуге баса мән берілді. Білім беру, медициналық қызмет көрсетудің сапасын арттыру, әлеуметтік қолдауды одан әрі дамыту, отандық зейнетақы жүйесінің тиімділігін арттыру бойынша Үкіметке бірқатар тапсырмалар жүктелді. Әсіресе жұмыс істейтін азаматтардың өз зейнетақы жинақтарының бір бөлігін тұрғын үй сатып алуға, білім алуға мақсатты пайдалануы тұрғысындағы тапсырмасы халықтың белсенді топтары үшін көңіл қуантарлық жағдай екені сөзсіз. Әрине мұның барлығы Президент пен Үкімет тарапынан қарапайым халықтың қамы үшін жасалып отырған игі шаралар. Олай болса барлығымызды ынтымақ-бірлігімізді ту етіп, облыс көлемінде осы міндеттерді жүзеге асыру үшін аянбай атсалысуға шақырамын!
Қайрат БАЛАБИЕВ,
Түркістан облыстық мәслихатының хатшысы