Еліміздің қайталанбас мәдени ошағы, мың жылдан аса тарихы бар Алматы шаһарының көрнекті өнер ордасы, ақшаңқан күмбезімен сәулеті жарасқан, қазақ цирк өнерінің қарашаңырағы – «Қазақ мемлекеттік циркі» алдағы 2020 жылы жарты ғасырлық белеске қадам басқалы отыр. Цирк өнері құдіреті мен қасиеті, сиқыры қайталанбас мәнерімен ерекшеленеді. Циркте барлығы шынайы. Цирк – ержүректіктің, шамадан тыс батылдықтың, адамның, оның тәні мен рухының таңғажайып мүмкіндіктерін көрсету өнері.
Циркте батылдық танытпау, қайсар болмау мүмкін емес. Манеж титтей қателікті кешірмейді, трюк дәлме-дәл орындалуы керек, онсыз әртістің өміріне қатер төнуі мүмкін. Былайша айтқанда, цирк – өмір мен өлім ортасындағы ұлы өнер! Цирк өнерінің түпкі мақсаты – балдырғандар мен жасөспірімге көтеріңкі көңіл күй сыйлап қана қоймай, оларға білім мен тәрбие беру үрдісінде әлем туралы эстетикалық дүниетанымын, руханият пен адамгершілік құндылықтарын, отаншылдық сезімдерін қалыптастыруға себін тигізеді. Қазақ халқының ілкіден жеткен дәстүрлі мәдениетінің өн бойында цирк өнерінің көрінісі шет қалмаған, қайта даланың өмір салтымен біте қайнасқан. Көшпелі халықтың аспан көгінде қалықтаған қыраны, желмен жарысқан жылқысы қазақтың ұлттық болмысымен бірге жасап, заманауи рәміздерден орын алған. Қазақ халқының көшпелі тұрмысындағы батылдық, ептілік, асау арғымақтарды бағындырып, ат құлағында ойнау өнері ежелден әйгілі болатын. Табиғатпен етене ғұмыр кешкен көшпелілердің осы өнердің алғашқы иелері дей аламыз. Біздің ойымызша, ұлы даладағы цирк өнерінің қарыштап дамуы осыдан алты мың жылдай бұрын көшпелі бабаларымыздың адамзат тарихында алғаш рет жабайы жылқыны қолға үйретуімен тікелей байланысты. Бұл адамзат тарихындағы маңызы зор мәдени төңкеріс еді.
Өйткені цирк өнері тұрғысынан алғанда көшпелі сайыпқыран бабаларымыз атты қолға үйретумен қоса табиғатпен етене болуына, асау қылқұйырықтыны өз ырқына бағындырып, адам мен жануар арасындағы үндестіктің қалыптасуына жол ашып еді. Адам мен жануардың үндестігінен, іс-қимылының үйлесімінен Ұлы дала төсінде арғымақтық цирк өнері өркендеді. Осы арада айта кететін жайт, әлемдік цирк тарихында тұңғыш стационарлық (тұрақты) цирктің пайда болуы да кәсіби атқа үйрету мектептерінің қалыптасуымен тікелей байланысты. Еуропалықтар шабандоздар өнері туралы мағлұматты көбінесе мифологиялық кентаврлар аңызы арқылы танып-білді, біздің ат құлағында ойнап, жер-жаһанда тұлпар тұяғымен дүбірлеткен ата-бабаларымызды кентавр образында қабылдады, айбарынан сескенді, даңқына бас иді. Арғымақтар циркіндегі шабандоздық өнердің көркем түрі – «джигитовка» трюктері өте динамикалық түрде дамып, жанрлық жағынан ұдайы жетілдіріліп, ХVІІ ғасырда стационарлық цирктердің қалыптасуына түрткі болды. Бұл өнер айналып келгенде, вольтижировка жанрының да қанат жайып дамуына себін тигізді. Көшпелі дала халықтары, Кавказ аймағын мекендеген тау халықтары осы арғымақтар циркінің өркендеуіне зор үлес қосты. Осы ретте айта кету керек, соңғы жылдары Шешенстан басшысы Рамзан Қадыровтың бастамасымен Қап тауларында сән-салтанаты келісіп ұлттық костюм киінген 1300 арғымақпен шеру жасау дәстүрге айналып келеді. Осындай салт атты серуен Гиннестің рекордттар кітабына да енгізілді. Өскелең ұрпаққа рух беретін осындай салт атты сарбаздар шеруі бізге де керек. Жоғарыдағы деректерге сүйене отырып, төмендегідей қорытынды жасауға болады. Ұлы даладағы ежелгі адамдар жылқыны алты мың жыл бұрын қолға үйретіп, үзеңгі, ауыздық, ер-тұрман ойлап тапқан кезден бастап қазақ халқының арғымақтық цирк өнерінің культурогенезі басталды деуге толық негіз бар. Демек, қазақ цирк өнерінің негізгі бастауы жылқыны қолға үйретіп, ат құлағында ойнайтын кезден басталады. Далалық цирк өнерінің барлық жанрларының өркендеуі қазақ үшін қасиетті жануар – жылқымен тікелей байланысты.
Далалық цирк өнерінің қозғаушы бөлігі, сипатты нышаны – сал-серілік феномені болған. Еуропада цирк өнері кедейлердің күнкөріс кәсібі болса, Ұлы даладағы цирк өнер ақсүйектердің де, қарапайым бұқараның да бәріне ортақ әмбебап әрі бекзадалық өнері болған. Еуропалық гистриондар халықтың төменгі қабатына жататын болса, қазақтың сал-серілері құрметті өкілдер қатарынан орын алады. Орыстың скоморохтары аюмен көріністер қойса, қазақтың сал-серілері мен балуандары ат үстінде өнер көрсетуге машықтанды. Театры жоқ қазақ даласындағы көшпелі ел тіршілігінің салтанаты мен сәнін кіргізген сал-серілер тағылымдық мұраларға бай, жан-жақты өнер түрлерін жетік меңгерген майталман тұлғалар, қазақ сахарасының мәдени келбеті болды.
ХІХ ғасырда халық арасында «Ағашаяқ» атанған сал-серілердің кейінгі буын өкілдерін классикалық цирк өнерін ел алдында және күнделікті өмірде де берік ұстанған кәсіби цирк әртістеріне жатқызуға болады. Сан қырлы өнерпаз Берікбол Көпенұлы, Рақымберді, Назаролла Жүндібайұлы сынды далалық цирк өнерінің бірнеше майталманы «ағашаяқ» деген атпен танылды. ХІХ-ХХ ғасырларда қазақ даласында қанат жайған жәрмеңкелер заманауи классикалық үлгідегі цирк өнерінің дамуына зор серпін берді. Сөйтіп жәрмеңкелер – далалық цирк пен театрдың одан әрі дамуының қайнар көзіне, мәдени құрамдас бөлігіне айналды. Балуан Шолақ, Қажымұқан Мұңайтпасұлы, Шашубайлар осы жәрмеңкелерде таңғажайып трюктерін көрсетті. Қазақтың цирк өнері мен күлкі мәдениетінде трикстерлер образы Алдар Көсе, Қожанасыр, Зәрубай сайқымазақ, Құлақай қу, Шаншардың қулары – өткір тілді Қантай, Тонтай, Жонтайлар ретінде көрініс тапқаны мәлім. Мәселен, 1920 жылдардың бас кезінде Қоянды жәрмеңкесінде Зәрубай деген сайқымазақ қоян сияқты киініп алып, үстел үстінде тұрған кеселердің ешқайсысына қол-аяғын тигізбестен қоян сияқты секіріп, шоқырақтап бір сағат бойы күрделі қимылдар жасап билеп өнер көрсеткен екен.
1970 жылы құрылған Қазақ мемлекеттік циркінің кәсіби ұжымы бірінші қойылымын Ресейдің Саратов қаласындағы цирк манежінде «Медеу» атты ұлттық бағдарламамен ашты. 1970 жылдың 24 шілдесінде алғаш тұсауын кескен «Медеу» атты қойылым қазақ ұлттық цирк өнерінің туған күні ретінде тарихта қалды. Қазақ циркінің құрылуында және цирк әртістерінің алғашқы білім ұясы – Алматы эстрада-цирк студиясының негізін қалаған Қаз КСР Халық әртісі Гүлжиһан Ғалиеваның қосқан үлесі орасан зор болды. Қазақ кәсіби цирк ұжымы «Ғажайып жер» қойылымымен КСРО-да он жыл бойы ең үздік ұжым болып танылған. 1980 жылы цирк өнерінің дамуына қосқан еңбегі үшін Қазақ циркі «Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген ұжымы» атағына ие болды. Қазақ циркінің әртістері кезінде әлемнің ешбір циркі қайталай алмаған «Қос аттың астынан өту» дейтін рекордтық трюкті жасағаны жұртшылықтың жадында. Қазақ циркі Досбатыровтар, Күнғожиновтар, Қоржынбаевтар, Қоңырбаевтар, Орманбетовтар, Әселбаевтар, Бейсековтер, Шалабаевтар, Әбішевтер, Болатовтар, Хадиковтердің қалыптасқан цирк әулеттерін және осы өнерге қалтқысыз қызмет еткен басқа да ардагер әртістерін, цирк өнерін манеж төрінен өрнектеп, ұлттық сананың алтын қазынасын бүгінгі егемен ел ұрпағына, өркениетті әлем жұртшылығына танытуда атқарып жатқан киелі өнер ұжымының еселі де еңселі еңбектерін мақтанышпен айтуға болады.
Қазіргі уақытта әлемдік цирк өнері жаңа бағыт пен заманауи форматқа біртіндеп көшіп жатыр. Бұрын манежде адам мен жануарлардың қатаң дрессировкаға негізделген бірлескен өнері маңызды саналса, қазіргі кезде оның орнын «адам – жануар – технология» үйлесім тапқан үштіктің шығармашылық туындысы алдыңғы қатарға шықты. Өркениетті елдердегі жануарларды қорғау ұйымдарының ықпалымен үйретілген жануарлардың өнері кейінгі қатарға ысырылып, әйгілі цирк фестивальдарында адамның физикалық мүмкіндіктері мен көркемдік шешімдері және оны сүйемелдейтін технологияның ғажайып жетістіктері маңызды орын ала бастады. Қалың көрерменнің талғамына байланысты адам мен жануарлардың қатаң стильдегі өнері енді гумандық дрессураға, екеуара қызықты ойын форматына қарай ойыса бастады. Бұл өз кезегінде қазіргі цирк драматургиясы мен режиссурасына, репертуарына, реквизиттерін жаңаша жасақтауға, жанрларды байытуға, соны көркемдік шешімдер қабылдауына тың өзгерістер әкеліп отыр.
Отандық цирктің кешегісі мен бүгіні және келешегі – Қазақстан мәдениетінің ажырамас бөлігі. Қазақ циркінің тарихы мен мәдени өмірі бірде-бір гуманитарлық ғылым саласында әлі күнге жүйелі түрде зерттелмей келеді, цирк өнерінің дамуы мен насихатталуына мемлекет тарапынан өз деңгейінде көңіл бөлінсе, бекзат өнерге деген жанашырлықтың жарқын үлгісі, ұлт мәдениетінің кемелдеуіне сүбелі үлес қосылар еді. Қазақстандық цирк әлемдегі цирк өнерінде кең тараған жанрларды шебер орындап қана қоймай, ешкімге ұқсамайтын өзіндік репертуары мен мектебін қалыптастырды. Қазақ мемлекеттік циркінің әрбір қойылымы, әрбір жетістігі Қазақстанның мәдени өміріндегі ерекше оқиға болды. Цирк өнерінің бүкілодақтық байқауында «Ғажайыптар жері» бағдарламасы бірінші орынға ие болды. Қазақ цирк ұжымы Ұлттық цирк ұжымдарының Бүкілодақтық байқауында бірнеше мәрте лауреат атанды (1978 – 1982 ж. ж.). Бұрын Қазақ циркінің директоры болған Қалдық Бегеновтің дерегі бойынша, Қазақ мемлекеттік циркі 1970-1985 жылдар аралығында КСРО мен шетелдің 76 қаласында гастрольдік сапармен болып, 3800 спектакль көрсеткен, оны 8 миллионға жуық көрермен тамашалаған! Бұл дегеніңіз орта еуропалық елдің халқымен тең көрсеткіш.
Бүгінде «Қазақ мемлекеттік циркі» КМҚК республикамыздың жетекші циркі ретінде танылған, халықаралық аренада өзіндік қолтаңбасымен кәсіби жоғары деңгейімен ойып орын алған, манеждегі ғажайып мәнерімен әрдайым көрерменнің сүйіспеншілігіне бөленген ұжым болып саналады. Еліміздегі төрт цирктің ішінде Қазақ мемлекеттік циркінің шоқтығы биік, тұрпаты бөлек, құйысқаны берік, дәстүрі бекем. Қазақ мемлекеттік циркінің ұжымы – Ұлы даланың ілкідегі дәстүрлі мәдениетінің сарқытын, сайыпқыран бабаларымыздың бекзат өнерінің үзігін бүгінгі заман талабына сай қайта жаңғыртып, қызғалдақ қыздарымыздың өрнекті өнерін, бөрі текті жігіттердің отты жігерін шыңдап, күллі әлемге Қазақстан мәдениетінің дүр жауһарларын, кемел құдіретін паш етіп келеді. Қазақ мемлекеттік циркі кәсіби отандық цирк өнері майталмандарының жарқын шоғырын, жаңа тұрпаттағы толқынын түлетіп, әртүрлі жанрда өз мектебін қалыптастырған киелі өнер діңгегіне айналды. Қазақ циркі Еуропаның Ресейдің, ТМД елдерінің жетекші цирк ұжымдарымен өзара тиімді әріптестік байланыс орнатты, Ресейдің цирк ұжымдары Қазақ циркінде өнер көрсетуге ерекше ықылас танытады. Бұл да Қазақ циркінің биік беделінің айғағы болса керек.
Қазақ циркінің алдағы 50 жылдық мерейтойы – өнерсүйер халықтың ғана емес, егемен еліміздің дүбірлі тойы, қазақтың ілкіден жеткен бекзат өнерінің мерекесі. «Елу жылда – ел жаңа» дегендей, қаншама тағдырды бастан кешкен Қазақ мемлекеттік циркін заман талабына сай техникалық әлеуеті мықты мекеме етіп ұстап тұруға қамқорлық пен қаражат, қолдауға зәру екенін жасыруға болмайды.
Қазақ циркінің 50 жылдық мерейтойын жоғары деңгейде атап өту үшін бірқатар маңызды іс-шара жоспарланып отыр.
Бақыт БӨКЕБАЕВ,
«Қазақ мемлекеттік циркінің» директоры