Бесінші қазаннан бастап Солтүстік Қазақстан облысында да заңсыз аңшылық фактілерін анықтау және олардың жолын кесу, сондай-ақ экологиялық қылмыстарды ашу мақсатымен қолға алынған «Браконьер» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы (ЖПШ) өтуде. Оның барысында, табиғатты қорғау заңнамасын бұзудың 60 фактісі анықталды.
Заңсыз аң аулауды құрықтаудың алғашқы І0 күнінде 34 заңсыз аңшылық, 20 заңсыз балық аулау және балық аулау заңнамасын бұзу, 5 азаматтық қару сатып алу, сақтау, қолдану немесе тасымалдау тәртіптерін бұзу фактілері әшкере болды. Соның ішінде Жамбыл ауданында жүргізілген рейдтік іс-шара барысында табиғатты қорғау полициясы тобының аға инспекторы, полиция капитаны Дамир Мұрсалиев Благовещенка селосының маңында күдікті болып көрінген «ВАЗ 21214» автомашинасын тоқтатқан. Полиция қызметкерінің қырағылығы сәтті болып шығып, салоннан жаңа сойылған Сібір елігінің еті шыққан. Даланың сұлу аңының бірі саналатын бұл елік аймақтық «Қызыл кітапқа» енгізілген. Заңсыз аң аулаушылардың кесірінен қазір олардың саны да мүлде азайып кеткен. Сондықтан оны атуға заңмен тиым салынған. Бірақ «аңшымыз» деп бәрін де қырып-жоюға тырысатындар оған қарай ма, табиғаттың сұлу жаратқан, осынау жазықсыз жануарын оққа іліктіріпті.
Өздерінің айтуларына қарағанда ұсталғандар елікті «Украйнское» селосының маңында көріп, үйлерінен мылтық алып шығып, бірнеше сағат бойы соңына түсіп, атқан екен. Қаладан келіп аңшылық құрған еріккендер емес, бірі жүргізуші, бірі механизатор болып істейтін осы ауыл тұрғындарының аңды көзі қиып қалай атқанына таңғаласың...
Енді заңсыз аң аулаушылар Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің заңсыз аңшылық фактісіне жаза қарастыратын 337-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне еніп, тағдырлары соттың шешіміне тәуелді болып отыр. Әзірге оларға бұлтартпау шарасы қолданылған.
ЖПШ нәтижесінде заңсыз аң аулаушылық қана емес, «Балық ресурстарын, басқа да су жануарларын немесе өсiмдiктерін заңсыз аулау», «Ағаштар мен бұталарды заңсыз кесу» баптары бойынша да тәртіп бұзып, қылмыс жасағандарда анықталған. Соның ішінде табиғатты қорғау заңнамасын бұзған 56 құқық бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Солтүстік Қазақстан облысы