• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Руханият 16 Қазан, 2019

Жеті өнер қонған жампозым

502 рет
көрсетілді

Егер құдіреті күшті құдай тал бойы талантпен өрілген ерекше жандарды – ақын-жырауларды жаратпаса, жарық дүние қараңғылық құшағында қалар еді. Адамзат ақыл-ойы туғызған небір ғажайып ішіндегі уақыт сынына төтеп беріп, адамзатпен бірге жасасып келе жатқан ең көне, ең бір құдіретті өнер – сөз өнері. Қасиетті кітаптарда да ең алдымен сөз болған деп тегін айтылмаған. Дүниені билейтін – сөз, сөзді билейтін – ақын!

Алла тағаланың мейірі түсіп, ерекше жаратылған ерен таланттың бірі – біздің бар қазақтың мақтаны, ән мен жыр­дың арайлап атқан ақ таңы Кенен Әзірбаев. Табиғат – Ана ерекше жаратқан хас таланттар бірін-бірі қайталамайды. Олар бір-бірімен үндес, ұқсас болумен бірге, олардың өзін­дік ерекшеліктері де аз емес. Ке­нен атамыз да ешкімге ұқ­са­майтын ерекше талант. Кенен қазақтың өзі пір тұтқан Сүйінбайы мен Жамбылына да, өзі өзгеше мектебім деп санаған Шашубай мен Иса­ға да, +Балуан Шолақ пен Нар­тайға да, Қырғыздың Ты­ны­бегі мен Саяқбайына да, ағылшынның Кэдеміне мен Да­ғыстанның Сүлейман Сталь­скиіне де ұқсамайды. Ол осы біз тізбелеген ақын, жы­рау, әнші, жыршылармен жанр жағынан жақын бола тұра сол хас таланттарды қайталамай өзіне ғана тән өзгеше өнер туғызды. Кенен Әзірбаевтың шығармашылық өзгешелігі де, ерлігі де осында. Бұл – бір. Сонадайдан көзге шалынар тау тұл­ғалы сом таланттың екінші ерек­шелігі – оның табиғи та­лантының сан қырлылығы. Ол ән шығарды, бұл тұста ол сазгер. Сол әннің сөзін өзгеден сұрамайды, өзі жазды, бұл орайды ол – Ақын. Сол әнді өзге емес, алдымен өзі орындайды. Бұл сәтте ол – Әнші. Осы орайда ол Ақан серімен үндес. Әйтсе де, жерұйығы – Жетісудың ша­шасына шаң жұқпайтын жүйрігі, жырда – дүлдүл, әнде – бұлбұл Кененнің өнердегі ою өрнегі Ақан сері­ден өзгеше. Ал аспандағы ақ­қумен ән жарыс­тырған арқалы әнші, азуын айға білеген айтулы ақын, қазақтың сөз бен өнерінің Құлагері Ақан серінің стилі – сөз саптауы, ән баптауы өзгелерге ұқсамайтын өзіне ғана тән өзгешелігі бар ешқашан тот баспайтын сом алтындай дара, ұрпақтан-ұрпаққа ауыса беретін өмірдің өзіндей ғұмырлы, дана.

Кенен Әзірбаев талан­тының үшінші өзгешелігі – жасанды емес, жасампаз, түнде де жар­қы­райтын жауһардай жақұт туындылар.

Төртінші ерекшелігі – Та­биғат-Ана жомарттықпен сый­лаған дара дарыны тамырын тереңге жіберген алып бәйтерек – халықтың хас қа­сиеттерінен нәр алған, бү­тін шы­ғармалары бүкіл ел­дің қуа­нышы мен мұңынан жа­ралған.  Бұған жеті жасынан қазақтың қара домбырасын қолына алып, ән шырқаған Кененнің «Көк шолақ», «Ба­зар-Назар», «Бозторғай» се­кілді атақты әндері дәлел.

1916 жылғы ұлт-азаттық көте­рі­лісіне қатысқан, Кеңес өкіметін орна­туға белсе­не ат салысқан, Бал­қаш мыс­­­шылары мен Шымкент қор­­ғасын­шы­ларының, Түр­ксіб құры­лыс­шылары мен Қарағанды кен­шілерінің арасында болып социалистік құрылыстың аршынды адымдарын жыр­лаған, Ұлы Отан соғысы ке­зін­де «Біздің Отан жеңеді», «Батыр Москва» деп жеңіске жігерлендірген, «Айға ұшқан ақиық» деп ғарышкерлерді асқақтатқан, «Жайнады, тыңым жайнады» деп тың игерушілер ең­бегін аспандатқан Кенен шы­ғармалары – Қазақстан та­рихының көкейден кетпес көркемсөз, көкейкесті ән, зор дауыспен біріге, бірегей жырланған көркем шежіресі. Бұл бесінші ерекшелік.

1936 жылы қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігіне қаты­насқан, 1937 жылы Жам­былмен бірге Ш.Руставели тойына барған Кенен сынды алыптың алтыншы ерекшелігі – ту сонау 1900 жылы Ләтипамен, 1921 жылы Кенжеқожамен, 1943 жылы Әбдіғалимен, 1963 жылы Есдәулетпен сөз жарыс­тырып айтысуы. Бұл оның айтыстың да ақтаңгері екендігін айқындап тұр. Бұл оның алтыншы қыры.

Кенен атамның жетінші қыры – жы­раулық. Бұл тұста қырғыз­дың «Манасын», қа­зақтың «Қобы­лан­дысын» Орта Азия халықтарының ортақ қа­зынасы – «Көрұғлы», со­ған қоса өзінің «Қырғызбай-Ке­небай-Кербез», «Әли батыр» дастандарын кә­нігі жыраулардай тапжылмай отырып таңға дейін жырлаған күміс көмей, бал таңдай жыр­шылығын алға тартып, алғыс айтамыз.

Түйіп айтсақ, Кенен Әзір­баев ха­лықтың өз ішінен шық­қан самородок сары алтын, бірінен-бірі өткен жеті бірдей өнер қонған сан сырлы, көп қырлы талант.

Максим Горкийдің сөзімен айтсақ: «Ұлы халықтар бар өзінің кішкентай ұлдарын ұлы етіп көрсете алатын, ұлы тұл­ғалар бар өзінің кішкентай халқын ұлы етіп көрсете алатын».

ХХ ғасырдың Махамбеті, ХХІ ға­сырдың Мағжаны, Ол­жас Сүлейменов былай дейді:

«Ұлы мәдениеттер өзі­нің кішкентай өкілін де жоғалт­пайды, ол сонысымен ұлы; ал, кішкентай мәдениет өзінің ұлы өкілдерін де оп-оңай жоғал­тып алып жатады, ол сонысымен кіші».

Адамзат мәдениетіне ла­йықты үлес қосқан әлем­дік биіктегі екі алып­тың – М.Гор­кий мен О.Сүлей­менов­тің бір-бірін толықтырып тұр­ған теңіздей терең ойлары Ке­нен ата талантынан алар ең басты тағылымның бір болса, нұр үстіне нұр.

Көрнекті ғалым, белгілі қо­ғам қайраткері Мырзатай Жол­дасбековтің Жамбыл мен Кенен шығармаларын наси­хат­таудағы еңбегі орасан. Мыр­­­зекең­нің сол ұлағатты ісін жас ға­лым­дар іліп әкетсе нұр үстіне нұр.

«Сөзі жоғалған халықтың өзі де жоғалатынын» (Ахмет Бай­тұрсынов) байлар мен бас­тықтар ұмытты ғой. Енді халық ұмытпаса екен.

Таланттарды тарихтың өзі туғы­зады, заманның селі мен желі, өрті мен дерті шыңдап шынықтырады. Олардың рухы өлмейді, жұлдызы сөнбейді күн өткен сайын атақ-даңқы өшпей, керісінше, құмнан ар­шылған алтындай жарқырай береді. Соның бір дәлелі Кенен Әзірбаевтың ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып жатқан екінші өмірі.

 

Сәбит ДОСАНОВ,

жазушы, Мемлекеттік

сыйлықтың лауреаты