Бұл бейбастақтық «Бораттан» бұрын басталған. Әлемдік киноиндустрия отаны һәм орталығы Батыс пен Голливуд отыз жылдың ішінде мемлекетіміздің атауын жиырмадан аса фильмінде қолданған. Арасында «Оскар» алған фильмдер де бар.
Бұл қомақты сан мемлекеттің сыртқы имиджіне жұмыс істейтін фильмдер қатарының көптігін білдіре ме, әлде алаңдай-тындай ахуалға жеткен жоқпыз деп көңіл тоғайтуға шақыра ма, ол жағын кесіп айту қиын.
Белгілісі, қазақ елін жағымсыз мағынада көрсететін фильмдердің жыл өткен сайын артып келе жатқаны және ол туралы бәрі біледі, бірақ біз үшін бәрінен де тиімдісі үндемеу болғандықтан, ешкім оны жария жасамайды. Алғаш 1994 жылы аса танымал америкалық режиссер Джеймс Кэмеронның «Правдивая ложь» деген фильмінде суперагенттің рөліндегі «отқа салса жанбайтын, суға салса батпайтын» атақты Арнольд Шварценеггердің өзі «Кәз-зәк-стан» дегенде, ағылшынша білетін біраз қазақстандықтың екі көзі алақтап, сенер-сенбесін білмей шошына қараса, енді бірі терминатордың аузымен Қазақстанның аты аталғаны үшін ғана қуанған болатын. Картаның өзінде жаңадан пайда болып жатқан бейтаныс елдің атауын рахаттанып тұрып, көмекей екпінімен келістіріп тұрып үрлеп шығаратын Арнольд түгілі, әлемнің өзіне бұл мемлекет әл-әзірге бейтаныс еді. Хош, сонымен әлемдік кинематографияда «Қазақстан» мемлекеті қандай сипатта көрініс тапты?
Білетіндердің Шварценеггерге шошына қараған себебі, әлемдік экранға шыққан бұл фильмде Қазақстанның аты ядролық қаруға, террорлық топтарға қатысты аталады. Өте қуатты қару-жарақ нақ осы Қазақстаннан сатып алынған. Парсы шығанағындағы соғысты тоқтатуды талап еткен «Қызыл жихад» деп аталатын терроршылар өз мақсатын жүзеге асыру үшін Қазақстаннан ұрланған қару-жарақтың біреуін жарып жібермек болады. Қашанда жанынан безініп, азаттық пен ажалдың арасында қара ниеттілерге қарсы жалғыз өзі соғысып жүретін Арнольд баһадүр терроршылардың бәрін тас-талқанын шығарып, қырып салып, жарылыстың алдын алады.
Біз мұнда тәуелсіздікті жаңадан алып, тәтті сөздің буы мен дәмінен басымыз айналып, ядролық қару мен соғыс атаулыдан бас тартып, бейбіт келісімдердің барлығына қол қойып, бөркімізді аспанға атып жүреміз, ал онда, Қазақстан – террордың құрамдас бір бөлігі. 1990 жылдардың басында Қазақстанның қарапайым тұрғындарының көпшілігі атын естігені болмаса, террордың не екенін, оның қандай болатынын түсінбейтін де. Фильмнің атауы айтып тұрғандай, шындықтың ауылынан әлдеқайда алыс жатқан америкалық триллер антиқазақстандық жарнаманың басы ғана екен, «Боратқа» дейінгі жолдағы «қуырдақтың көкесі» әлі алда болып шықты.
1997 жылы Голливуд өндірісінен «Президент ұшағы» деген әлемді шулатқан тағы бір фильм шықты. Өкініштісі, әйгілі Харрисон Форд пен Гари Олдман ойнайтын фильм қызыл қанға бөктіретін террордың төңірегінен тағы да алысқа ұзай алмады. КСРО-ға адал әскерилер Қазақстан билігін басып алып, баяғы Одақты қайта құрып, террорлық жүйе орнатпақ болады. Абырой болғанда, саяси триллер қазақстандықтар түгілі, Форд пен Олдманның ойынын қызықтағысы келген америкалық көрермендер мен кино сыншылардың өзіне де ұнамапты.
007 агентімен танымал 1999 жылы жарыққа шыққан «И целого мира мало» фильмі де атыс-шабысты айналып өте алмайды. Құрылықаралық баллистикалық ракетаның ресейлік базасына бару үшін бас кейіпкер Джеймс Бонд Қазақстанға тап болады. Қазақстан деген аты, әйтпесе фильмдегі оқиғаның Қазақстанға еш қатысы жоқ. 007 агенттің рөлінде ойнайтын супержұлдыз Прис Броснан атоммен айналысатын Михаил Арков деген ғалымның атын иеленген.
2005 жылы «Оскар» алған «Траффиктің» схемасындағы «Сириана» атты саяси триллер экранға шыққанда, голливудтық «киношниктердің» көзқарасынан зардап шегіп келе жатқан Қазақстан имиджі салыстырмалы түрде аз-кем дұрысталғандай болды. Фильм сюжеті мұнай үшін соғыстың төңірегінде өрістейді. Әлемдік киножұлдыз Джордж Клуни мен Мэтт Дэймон түскен «Сириана» Американың мұнайға байланысты ұстанған саясатын, трансұлттық корпорациялар мен жемқорлықты аяусыз сынға алады. Джордж Клуни армандаған «Оскарына» осы фильмдегі «үздік ер адам» ретінде қол жеткізді. Фильмде қазақстандық мұнай мен Атыраудағы Теңіздің аты аталады.
Голливудтың «Жалдамалылар» деген фильмі бар. Көңіліңді бұзып көргеннен көрмегенің жақсы, амал жоқ, «Кәз-зәкстанға» қатысы болғандықтан әуестік билейді. Фильмге сенсек, Қазақстанда әйел құқығы аяусыз тапталып, елді жезөкшелік жайлап алған. Сюжет бойынша қандай жолмен болса да, Қазақстандағы түрмеге басып кіріп, АҚШ президентінің ұрланған қызын құтқаруы тиіс элиталық әйелдердің әскери бөлімшесі ғана елдегі бетімен кеткен жағдайды түзей алады. Қызық болғанда, әлгі АҚШ президентінің қызы сойып қаптап қойған қазақ қызының өзі. Құдды әкесі, яғни Америка президентінің ұлты қазақ секілді. Ал енді қазақстандық қылмыскерлерді, о тоба, Ульрика дейтін қазақ қызы басқарады. Голливуд киногерлерінің айтуынша, Ульрика – нағыз қазақ қызының есімі екен.
Қазақстан атымен байланысты америкалық фильмдердің тізбесі бұлармен түйінделмейді, біразын шұбыртып тұрып атап шығуға болады. Киноға керек қиял дегенді қойсаңшы, тіпті «Лара Крофт: Расхитительница гробниц» фильмінде атақты Анжелина Джоли де жәдігер іздеп «Қазақстанға» келіп-кетеді. Керемет емес пе? Атан түйе беріп, аттай қалап шақырып келтіре алмайтын Анжелина Джолидің өзі көңілдесі Терри Шериданды – Джерард Батлерді түрмеден босатып алу үшін елімізге өз аяғымен келіп тұр. Анжелина түскен фильм түгілі, оның жай адам ретінде әр басқан қадамының өзін ғаламдық оқиғаға балап отыратын Батыс қоғамы, әлем жұрты кеңінен талқыланған фильмде қазақ елін, көңілдесінің отанын түрме арқылы таныды.
Джон Мактирнанның «Роллерболында» да ұлттық ойындары қанды қасаппен аяқталатын, жезөкше қыздары мен қызықтан өзге жұмысы жоқ жабайы Қазақстан көрінеді.
Соғыс. Террор. Қылмыс. Түрме. Жезөкше. Өзгесін ысырып қойып, тек «Оскар» иеленген, самсаған жұлдыздар ойнаған фильмдерді саралағанда, бас-аяғы төрт-бес топтамадағы Қазақстанның тұрпаты осындай. «Бейнесі» дегеннен гөрі, «сиқы», «сықпыты» дейміз бе, рас-өтірігін фильмді көрген, Қазақстанды білетін адам ажыратып алар. Бас айналдыратын блокбастер түсіруден алдына жан салмай келе жатқан Америка мен Еуропа таныған Қазақстанның қан иісіне жерік кеспірінің құнын ешкімнен даулай алмаспыз. Рас, бұл фильмдердің барлығы бастан-аяқ Қазақстан туралы емес, бірақ елеусіздеу болса да, аты аталып өтеді, болмашы деталь ретінде алынғанымен, елің болған соң бәрібір елеңдеп қаласың. Бірақ бір анығы, «айтылмаған не қалды, қандай жаңа идея бар, әлемді, адамды не нәрсемен, қайтсек таңғалдыра аламыз?» деп екі көзі шоқтай жанып, алақанын ысқылап, жан-жағына жалаңдай қарап отырған кино алпауыттарына ендігі жерде өздері жауыр жасаған Ауғанстан мен Пәкістан, Вьетнам мен Лаос елінің аты әбден ескірген, таптаурын болған елдер таңырқатудан қалды, ашығын айтқанда, керек болмай бара жатыр. Қызыққа батыратын, жаңа экзотикалық ел керек. Болашақ фильмнің жобасын сызып отырған режиссер мен сценарий жазушыға көшесінде беліне бомба байлап алып жүгіріп жүретін қауға сақал радикал мұсылмандары, қаптаған жезөкшесі бар, қылмыстан демігіп тұрған исламдық елге бір мемлекеттің атын жапсыру керек. Таза алгоритмге құрылатын, миллиондап пайда табу ғана көзделетін Америка киносына Қазақстан осындай жолмен, әсіресе айғайлап тұрған «стан» жалғауы арқылы кірістірілмесе, басқа қисынды себебін көріп тұрғанымыз жоқ. Үстемдігі жоғары, өз құндылығын биікке шығаруды ғана мақсат тұтқан киноқағанаттың «стан» тектес елдерге таңған стеоротип ұстанымынан құрбанға айналған мемлекеттердің мәдениеті соққы алып отыр.
Сонда әлгі әлем тамсанады дейтін тамаша табиғаты, қонақжай халқы, бірлігі, татулығы жарасқан бейбіт ел мен жер қайда? Шындықпен еш үйлеспейтін оқиғаларды көріп, қорланып жатқан елің, тапталып жатқан құқығың үшін кеудемізді отқа қаратып қойып отыра бергеннен басқа жолы жоқ па мұның? Қорланатын – біз, пайдаға кенелетін – олар. Жарайды, шетелдің не режиссері, не сценарий авторы аяқ басып көрмеген, ешқашан естімеген-білмеген ел туралы өзінше қиялмен құрастырып, өрескел қателерге жол берді делік, ал бір құдықтан су ішіп, іргеміз кеше ғана бөлінген көрші елдерге не жорық? Украина – Ресей – Польша бірігіп түсірген «Анна Герман» фильмінде Жамбыл жақтағы қыз-келіншектің басы-көзін тұмшалап, тұтас паранжыға орап тастаған. Белгілі әншінің өмірінің бір кезеңі біздің елімізбен байланысты болғаны рас, бірақ есте жоқ ескі дәуірдегі, екі-үш ғасыр бұрынғы оқиға емес, күні кеше ғана болған, көзі тірі куәгерлері бар 1960-1970 жылдардың оқиғасын, барлық кеңестік республикалармен бірдей дамыған Қазақстанды дәл осылай көрсетуі қасақана пиғылдан туған тірлік, басқа ақтайтын еш себебі жоқ.
Ел имиджінің ең бірінші тасымалдаушысы – кино. Кино имиджі – мемлекет имиджі және халыққа бірден-бір жақын өнер. Кез келген фильмнің артында тұтас ел, мемлекет тұр. Италияның, француздың, қытайдың ең мықты фильмін тамашалап, ғажап әсер алған көрермен сол кинодағы кереметті көзімен көруге ынтық болады, ал осы фильм арқылы сол елді сүйіп қалса, тіпті ғаламат. Яғни, кино турист тартады. Бір мезгілде әрі өнер, әрі тауар болып отырған кино күші, кино арқылы жасалған имидж деген, міне, осы. Сондықтан киносы дамыған елдің бәрінде бұл өнер ұлттық байлық есебінде. Сол үшін олар миллиардтап қаржы құяды. Біз де аз қаржы құйып отырған жоқпыз. Осы имиджді жасаймыз деп қыруар қаржыға «Көшпелілерді» түсіріп, ит арқасы қияннан Марк Дакаскос пен Куно Беккерді алдырдық. Бірақ бұдан Қазақстанның «халықаралық образы» жасала қойған жоқ. Осы имидж үшін Нұр-Сұлтан мен Алматыда екі күннің бірінде той артынан ас бергендей, астың соңын көкпарға айналдырып, бәйге шаптырғандай, елдің есін жинатпай қос-қосынан симпозиум мен форумдар өткізіп, салық төлеушілер мен қазына қаржысын аямай шашып келеміз. Шақырған қонақтың имидж жасап бере алмайтынын түсінетін уақыт әлдеқашан жетіп еді. Нәтижесі нөлге тең, сырты жылтыраған маска имиджден шаршаған елдің шығармашылық өкілдерінің бір Димаштан басқа, мәдени өнімнің сапасын арттыруға бағытталған жұмысы көзге мүлде көрінбейді. Жағымсыз имидж қалыптастыруға біреулер әдейі мүдделі болмаса, Қазақстанның атын қалауынша пайдаланып отырғандарға қарсы өз тарапынан не істей алды? Әрине, «Қазақстанның атын былғама» деп біреуге бұйрық беру мүмкін емес, бірақ «жайдақ суға айналдырып», жақсы атын басқалар бұрмалап, былғамас үшін Қазақстанның өз имиджі соған лайық болуы керек еді. Қазақстанның имиджін, қазақ мәдениетін, елдің, азаматтарының жақсы қасиеттерін әлемге қазақтың, қазақстандықтың өзінен артық ешкім де көрсете алмайды. Көрсету аз. Дәлелдеу керек. Бірақ қалай?
АЛМАТЫ