Солтүстiк Қазақстан облысында «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттiк бағдарламасын iске асыру былтырдан бастап бiлiм беру, денсаулық сақтау, қауіпсiздiк, көлiк және басқару саласы сияқты бес басым бағытта жүргiзiлiп жатыр.
Биыл осы бағыттарға ақылды қаланың 6 компоненті қосымша енгізілді. Олар: ақылды басқару, әлеуметтік сала, экология, бизнес пен құрылысты дамыту және ауыл шаруашылығы. Осы жобалардың жүзеге асуы облыс халқының өмір сапасын арттыратыны сөзсіз.
Білім беру саласына тоқталар болсақ, облыста барлығы 485 мектеп бар. Соның 444-і кең жолақты интернетке қосылған. Бұл барлық мектептің 93,5%-ы. Былтырғы қазан айында облыс орталығында «Оқушылар сарайы» ашылған болатын, осы ғимаратта заманауи IT орталық жұмыс істейді.
Облыстың 333 мектебі мен 335 балабақшасында екі мемлекеттік қызмет автоматтандырылды. Соның нәтижесінде жеті жасқа толмаған мектепке дейінгі балдырғандарды «кезекке қою» және «бірінші сыныпқа жолдама беру» жұмыстары онлайн жүргізіледі.
Қазір «Smart-мектеп» пен «Smart-балабақша» жобалары іске асырылуда. Ол он шақты мектеп пен 13 мектепке дейінгі оқыту мекемесіне толық енгізілді. Биылғы оқу жылында тағы 12 мектеп пен 15 мектепке дейінгі оқыту ұйымына енгізу жоспарланған.
Облыста «Bilimland» білім беру тұғырнамасына барлық мектеп 100% қосылған. «Kundelik.kz» ақпараттық жүйесіне мектептердің 96,2%-ы енгізілді, қалған оқу орындарын да бұл жүйеге енгізу жұмыстары жалғасуда. 16 IT-сынып ашылды, олар жылына 1200 оқушыны қамтиды. Облыстағы 20 колледжге «Сова» автоматты ақпарат жүйесі (ААЖ) енгізілген.
Денсаулық сақтау саласында да ілгерілеу бар. Барлық медициналық қызметкер компьютерлік техникамен жабдықталған. Аудандық деңгейден төмен және тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көмегін жасайтын медициналық ұйымдарда ақпараттық жүйенің енгізілуі тиісінше 33% және 27%-ды құрайды. Ал аудандық деңгейден жоғары ұйымдар толықтай ақпараттық жүйеге енгізілген. Жаппай компьютерлік техника алуға облыстық бюджеттен 144,7 млн теңге жұмсалды.
Медициналық құжаттарды автоматтандыру медицина мамандарына ғана емес, пациенттерге де қолайлы екендігін өмір көрсетіп отыр. Қазір Петропавл тұрғындары DamuMed пен SKOMed арқылы дәрігерге ұялы телефон арқылы жазыла алады. Осының нәтижесінде сырқаттардың дәрігерлердің қарауына кезекке тұруы 50%-ға дейін азайды. Сондай-ақ ONCOSCREEN мобильдік қосымшасын қолданудың нәтижесінде қатерлі ісікпен ауыратын 2 пациент анықталды. Ал «АнтиИнсульт» қосымшасы арқылы тексеруден облыстың 14 882 тұрғыны өтіп, 1 668 адамда инсульттің жоғары қаупі, 5 814 адамда орташа қаупі бары анықталды.
Цифрландыруға басымдық берілген тағы бір сала – Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық. Облыста «Біртекті есеп айырысу орталығының» ашылғанына бірнеше жыл болған. Оған қазір ТКШ қызметін көрсететін 70-тен артық кәсіпорын қосылған. Электр қуатын тұтыну көлемін көрсететін 30 мыңнан астам жеке есептегіштің көрсеткіштері автоматты түрде орталыққа жіберіледі. Биыл көшедегі жарық бергіштерді автоматты түрде реттейтін қондырғы орнату үшін 35 шақырымдық жарық беру жүйесі жаңартылды.
Қала ішінде жүретін қоғамдық көліктердің диспетчерлік орталығының деректері қалалық әкімдікке көрініп тұратын болды. Барлық автобустарға GPS жүйесі орнатылған. Ұялы қондырғы арқылы барлық бағыттағы автобустардың жұмыс тәртібін «InfoBus» арқылы білуге болады. 2018 жылдан бері аялдамадағы павильондарға 29 ақпараттық табло қойылды. Қалалық автовокзалда электронды билет сату жоспарланып отыр. Өкінішке қарай, автобуста билет сатылмайды, ақшаны жүргізушінің өзі жинайды. Сондықтан бұл салада әлі жүйелі жұмыстар жүргізуге тура келеді.
Қауіпсіздік саласын цифрландыру туралы айтар болсақ, қазір жол-көлік оқиғасын жедел басқару орталығында 2 мыңнан артық бейнекамера бақыланады. Темір жол вокзалында бейнекөрініс арқылы адамдарды тану жүйесі бар. Ол орталықтандырылған 12 камерадан тұрады. Сондай-ақ ереже бұзған көліктердің нөмірін анықтайтын 7 интеллектуалды жүйе іске қосылған. Былтыр бейнекамераның көмегімен 1,5 мың құқық бұзушы жүргізуші анықталып, олар 25 миллион теңге айыппұл төледі.
Цифрландырудың жемісін көріп отырған 12 ферма бар. Фермерлер жайылымдағы малды «электронды малшы» деген жүйемен бағады. Жануарларды суару, өлшеу, сақина салу және тағы басқа жұмыстың бәрі автоматты түрде жүргізіледі.
Петропавл қаласында «Ашық әкімдік» жүйесі біраздан бері жұмыс істейді. Ол әкімдіктің жұмыс процесін фронт-офис пен бэк-офиске бөлген. Сондай-ақ электронды кезек және кеңестік ақпарат беретін Reception жұмыс істейді. Алдағы уақытта «Ашық әкімдік» жұмысының мүмкіндігін арттыру көзделген.
Осындай «Ашық әкімдіктер» аудандарда да ашылуда. Биыл 29 мамырда Шал ақын ауданында ашылды. Жыл аяғына дейін тағы 3 ауданда осындай жоба іске асырылады.
Солтүстік Қазақстан облысы