Көзі тірісінде-ақ «орыс данышпаны» атанған әлемдік деңгейдегі әйгілі композитор, теңдесі жоқ пианист, дарынды дирижер, соңына музыкалық бай мұра қалдырған Сергей Рахманинов кеңестік жүйені мойындамай, алдымен Швеция, кейін Америка асып бара жатқанында, ақтың қашып, қызылдың қуып, қым-қуыт аласапыран шақ орнаған мазасыз мезгіл болатын.
Адамның елден кету туралы шешімі аяқасты туа салмайды. Жүрегінің әрбір тамыр-талшығымен шексіз сүйген Отанын тастап кетуге тек революция емес, ұзақ толғаныстан туған Бірінші симфониясының тыңдарман тарапынан аяусыз сынға ұшырап, сыншы біткеннің тас-талқан етіп, мазақ-масқараға айналдырғаны қосымша қамшы болып тигені рас. Бар болғаны 22 жастағы алып-ұшып тұрған Рахманинов өзін сынағандарды емес, лайықты шығарма тудыра алмаған өзін жек көрді. Өзін өзі жазғырудан жалықпады, бетімен жер бастырған ұятты өліммен бірдей санап, сұлқ түсіп жатып қалды. «Рахманиновтың музыкасы орыстың музыкасы емес» деген сүйек сындыратын жалалы сөз жан дүниесін тұтас қорлап, құр сүлдерін қалдырды. Талантты тұсаулауға бағытталған бірінші қадам сәтті орындалды – композитордың тауы шағылғаны сондай, үш жылға дейін музыка жазбады, күйсандығына отырмады. Тағдырдан ауыр соққы алып, музыка үшін жаралған нәзік жанына жастай жара түскен композитор ендігі жерде өзін композитор деп атағандарды қабылдай алмайтын жағдайға жетті. Өзі туралы пікірі өте төмен болды, есіміне елең етіп «композиторсыз ба?» дегендерді еш намыстанбай-ақ «етікші деңіз» деп түзететін еді. Америкаға келгеннен кейін ондағылар пианистік талантын жоғары бағалап, әлемдік дәрежедегі талантты музыкант ретінде танығанымен, Рахманинов мұнда да он жылға жуық уақыт ешнәрсе жазбай, тосырқап, тоқырап жүріп алды. Тек Құрама Штаттардағы өмірінің он жылын түйіндейтін тұста ғана әйгілі пианиноға арнаған Төртінші симфониясынан бастап музыка жазуды қайта қолға алады. Өз Отанын жан-тәнімен сүйген Сергей Америка азаматтығын алудан саналы түрде бас тартқан, «сатқындығы» жанына сая таптырмаған болуы керек, ешқашан алуға талаптанбаған да.
Бүкіл әлемге мәшһүр ұлы композитордың өмірбаян тарихына қысқаша шолу жасап, өткенді термелеп жатуымыздың өзіндік сыры бар. Қазақтың 1000 әні мен 500 күйін қағазға түсіріп, қаттап беріп кеткен музыка зерттеушісі Александр Затаевич өткен ғасырдың басында Америкада тұратын Рахманиновпен ұзақ жылдар бойы хал-жағдай білісіп, хат-хабар алмасып тұрады. Бұл Затаевичтің те өз Отанынан қуғындалып, алдымен Орынборға, соңыра Қазақстанға біржола қоныстанып, қазақ даласының ені мен ұзындығын еркін көктеп, халық әнінің белгілі орындаушылары мен құймақұлақтардың қасынан табылып, қазақтың ән-күйін нотамен таңбалап, шығу тарихының сипаттамасын жазып, болашақ іргелі еңбегінің соңында ерінбей ізденіп жүрген кезі. Қазақтың үш мектептен тұратын ән өнерінің, төрт мектептің дәстүрімен қалыптасқан күй өнерінің ұшан-теңіз бай мұрасын жинақтап жүрген Затаевич мұншама мол қазынаның музыкалық, эстетикалық ләззатын Рахманиновпен бөліспей тұра алмасы белгілі.
Өзбекстан Мемлекеттік консерваториясының профессоры, белгілі музыка зерттеушісі Тоқтасын Гафурбеков А.Затаевич пен С.Рахманинов арасындағы достық, әріптестік байланыс тақырыбын ұзақ жылдардан бері зерттеп келе жатқан ғалым. Тоқтасын ағамыз тағдырдан ерте таланып қалған С.Рахманиновтың төңірегіндегі әріптестеріне, үзеңгілес замандастарына сенімсіздікпен қарағанын айтады. Ішкі әлемінде болып жатқан алапат жарылыстарды, жазылмастай болып түскен жан жарасын тірі пенде баласына сездірмей, мүмкіндігінше жасырын ұстап, ешкімді жақын тартпаған. Жан әлемін тұмшалап алған ол сырын, мұңын тек таңдаулы адамдармен бөліскен. Соның бірі – А.Затаевич. Ал композитор, композитор болғанда да, әлемдік өнер мен мәдениет туралы аста-төк білімге ие, музыка туралы сағаттап отырып ағыл-тегіл әңгіме айтудың асқан шебері, классикалық музыкаға қызмет етуді өмірінің мәні деп білген ұлы композитор мен далалық өнерді дәріптеген фольклоршының арасында қандай достық болуы мүмкін, оларды не ортақтастыра алар еді? Әрине музыка. Бұл кейбір музыкатанушылар айтып жүргендей, ешқашан бір қазанда басы піспейтін классика мен халықтық өнердің мәмілеге келуінің сирек те болса көрінетін бір мысалы. Рахманинов Затаевичтің «екі аяқты энциклопедиялығын» жоғары бағалаған. Өздерін басыбайлы музыкаға арнаған, ойлау кеңістігі әлемдік ілім-біліммен ұштасқан екі ұлы музыканттың арасын шығармашылықтың төңірегіндегі пікір ұқсастығы байланыстыра, жақындастыра түскені анық. С.Рахманиновтың өтінішімен Затаевич қазақ, қырғыз, өзбек, башқұрт секілді түркі халықтарының жиырмадан астам әнін нотасымен бірге Америкаға жолдаған. Бүгінде музыка зерттеушілері бұл әндердің Рахманиновтың шалқар шабытына жаңа леп, тың өрнек болып із салуы мүмкін екенін жоққа шығармайды. «Қазақтың әрбір әні дайын тұрған опера» деген сөзін Затаевич бекер айтпаған және Рахманинов алыстағы елдің сол әндерін аттай қалап бекер сұратпағаны да белгілі. Т.Гафурбековтің айтуынша, Рахманинов Американың аса ірі баспа ісі қожайындарының бірі Йоргенсоннан Затаевичтің музыкалық еңбегін жарыққа шығарып беруін сұраған. Өкінішке қарай, Рахманинов өмірінің қысқа қайырылғанына байланысты екеуі де бұл тілекке жете алмаған.
С.Рахманиновтың сорғалаған лирикалық сезімге тұнып тұрған «Япур-ай» әніне айрықша ықылас танытып, жоғары бағалағанын зерттеушілер тегіс қуаттайды. Ал ең қызығы, Сергей Васильевич музыкалық миссиясын, жалпы шығармашылығын «Япур-ай» әнінің сарынымен түйіндеген дейді. Қалай? Рахманинов астарында сағыныш, мұң-зары бар «Япур-ай» әнінің семантикасын бүкіл жан дүниесімен сезінген. «Жаз болса, жарқыраған көлдің беті, көгеріп толқындайды, япур-ай, алыс шеті» деп басталатын әннің өзегіндегі мұңлы сезімді арғы Құрманбек Жандарбеков, Ришат Абдуллиндердің орындауынан тыңдай алмасақ та, берідегі Ермек Серкебаев, Бекболат Тілеухан, Шаба Әденқұл, Димаш Құдайбергенге дейінгі әншілер әртүрлі нұсқада өзінше жеткізіп келеді. Осы әндегі сағыныш тербеген сарынды орыс композиторы апокалипсис символы Dies irae-мен қатар қолданған. Dies irae дегеніміз – еуропалық танымдағы Қаһар күні. Қарапайым түсіндіргенде, мұсылман дүниетанымындағы «қиямет күні», қазақшалап айтқанда, «ақырзаман» батыста «Dies irae» аталады. Өмірін орталай бастаған кезеңде кемел ойлы композиторлардың көпшілігі, оның ішінде, Рахманинов та құдайға қарай жақындап, тіршіліктің шын мәнін іздей бастаған шағында жазған шығармаларын хақтың мазмұнымен толтыруын зерттеушілер осы заңдылықпен байланыстырады.
Өнер зерттеушілері арасында «Япур-ай» әнінің шығу тарихына байланысты айтылып жүрген болжамдар өте көп. Бұл әннің екі нұсқасын А.Затаевич Орал өңірінен нотаға түсірген. Біріншісін Құлсүйіндік ауылының тұрғыны Шомбал Доспамбаевтан жазып алса, екіншісін Ғалымжан Шынғалиев деген әншінің айтуымен хатқа түсірген. Екеуінде де ән «Я, пірім» деп аталған. Мұны Тоқтасын Гафурбеков те айтып отыр. «О, Боже!» «О, Алла!» «Я, Құдай!» «Я, пірім!» Әр тілде, балама ұғыммен түрленіп айтылғаны болмаса, Dies irae үшін бұл бір үлгі, бір мысал – құдайлық шындықты тану, тез оңатын әсіреқызыл дүниенің жалғандығынан түңіліп, жаратылысқа қарай жақындай түсу, мәңгіліктің өзімен табысу. Қазақ әнінің археологы Ілия Жақанов та «Япур-ай» – қазақтың халық әндерінің нұрлы лиризмге тұнған тіл байлар інжу-маржаны! Оның сол іңкәрлігіне қызыққан Сергей Рахманинов өзінің ең соңғы шырайлы шығармаларының бірі «Симфониялық билерінде» «Япур-ай» әнін өте әсерлі етіп қолданыпты» деп жазады.
Мұнымен бірге композитор «Скифтер» деген балет те жазуды да жоспарлаған. Балетті ол аяқтай алмаған, бірақ балет музыкасында пайдаланған материалын «Симфониялық билерінде» қолданады.
Рахманиновтың тегі туралы әңгіме өте нәзік тақырып. Әлемдік музыка өнеріне құбылыс болып келіп, орыс ұлтының даңқын шығарған санаулы мақтанышының бірегейі болғандықтан олар оны өзге жұртқа қиғысы жоқ, әдетте сұрақты айналып өтуді қолайлы санайды. Ал түбірі «рахман» деп айғайлап тұрған текті өзіне қарай жақындатып икемдеуге түркі жұртына тән әдеп пен иба бұл жақтағы зерттеушілердің тілін байлап тұрады. Төлқұжат бойынша ол «орыс композиторы». Т.Гафурбеков «Восток и Рахманинов» деген мақаласында Сергейдің Америкадан Ресейге жолдаған бір хаттарында: «Қырым мен Кавказдың әндері мен әуендері ғажап сұлулыққа тұнып тұр» деп жазатынын айтады. Байқайсыз ба, «Кавказ бен Қырым» деп алабөтен бөліп, мақтанышпен айтады» деп өзбек зерттеушісі әңгімесін аяқтады.
Ал Кавказ бен Қырымның аты аталған жерде міндетті түрде түркі дәуірі, түркілер билігінің үстемдігі орнаған жылдардың жадыдан жылт етіп қылаң беретіні бар. Волгоградтық ғалым Дильбар Әбдірахымқызы Рахимова да Рахманиновтың шығармашылығында орыс және шығыстық бастаумен біте қайнасқан синтез музыка мысалының аз кездеспейтінін айтады. Ол синтез композитордың әйгілі «Алеко» операсынан да, виолончель мен фортепианоға арналған «Шығыс билерінен» де байқалады. Арада жүздеген жылдар ағып өтсе де, бастау-бұлақта тұрған ата тек мінезінің қалғымай, қандағы ақпарат арқылы хабар беретінін, қажет кезде атойлап көрінетінін осындай белгі-қасиеттер жақсы аңғартады.
Орыстың ұлы композиторы болып танылған Рахманинов тегінің құпиясын ашуға тарихшылар мен музыка зерттеушілері әр кезең сайын талпыныс жасап отырған. 1895 жылы Киевте басылып шыққан «Дворян Рахманиновтардың тегі туралы тарихи мәлеметтер» деген кітапта Рахманиновтар тегінің молдаван Драгошынан тарайтыны айтылады. ХV ғасырда Сергейдің арғы атасы Иван Венчиннің ұлы Василий Молдавиядан Мәскеуге қоныс аударғанда «Рахман» болып келіп орнығады. Жалпы, Рахманинов деген тек біздің санамызда бірден мұсылман қауымы үшін жаратушы Алла тағаланың 99 ұлық есімінің бірі «Рахман», «аса мейірімді» деген араб сөзімен байланысты орала кетеді. Ал В.Дальдың «Түсіндірме сөздігінде» «рахманный» сөзі бірнеше нұсқада кездеседі және бір-біріне кереғар мағына береді, олардың тек бірқатарын ғана санамалап шықсақ: «көңілді», «сөзшең», «қыдырымпаз», «мейірімді», «жақсы», «жомарт», «кеңпейіл», «әлсіз», тіпті «кеміс» деп аймақ ерекшелігіне байланысты түрлі ұғымға орайлас мағынада қолданыла беретінін байқаймыз. Композитордың ата тегі туралы кітаптың 1-бөлімінде Молдавия князьдығының негізін салған Драгоштар әулетінен Рахманиновтарға ауысудың үлкен бір себебі, екі ұл, екі қызы болған ұлы князь Стефан IV (1457-1504) билік құрған кезеңмен түсіндіріледі. Ол Польшамен, әсіресе түрік сұлтаны Сүлейменмен және Қырым ханы Меңлігереймен көп соғысады. Орыс тектері көп жағдайда лақап атауға (прозвище) байланысты пайда болғаны белгілі. Ал орыс жылнамаларындағы қыпшақ-түркі кісі атауларын зерттеп, дәйекті талдау жасаған белгілі түрколог ғалым Николай Баскаковтың «Түркі текті орыс есімдері» атты еңбектің негізінде кісі атауы оның мінезімен, іс-әрекетімен немесе жер жағдайы, қауымдастықтағы орны мен әлеуметтік мәртебесіне қарай рулық, отбасылық лақап атауы негізінде қалыптасқаны дәлелденген шындық. Ұлы князь Стефанның екінші ұлы Иван Венчиннің кіндігінен тараған Василийге берілген араб-мұсылмандық «рахман» атауы оның мінезінің жұмсақтығы мен мейірбандығына орайлас берілуі мүмкін деген болжам айтылады. «Рахман» деген лақап ат иеленген Василий өмір сүрген XV ғасырдың соңы мен XVI ғасырдың басы Молдавия мен Валахияның қырым татарларының үздіксіз шабуылынан шайқатылып, ақыры басыбүтін беріліп, құн төлеп тұрған кезі болатын. Зерттеушілердің айтуына қарағанда, «Венчин» деген тектің өзі «тәуелді» деген мағына береді. 1453 жылы Константинополь құлағаннан кейін Молдавия түрік империясына да тәуелді болып қалады. Рахманиновтар тегін зерттегендердің тағы бір болжамы бойынша, оның арғы бабалары Василий «Рахман» атауын аралас некеден туғандықтан немесе қыпшақ (немесе татар) әскерінің сарбазы болғандықтан иеленген. Себебі жауланған жердің христиандары түріктің яки татардың тегін иеленсе, салық төлеуден босатылатын болған.
Рахманиновтың тегіне байланысты тағы бір қызықты дерек. Швейцарияда құрылған халықаралық «Рахманинов қорын» ұстап отырған шөбересі Александр Рахманинов ресейлік басылымдардың біріне берген сұхбатында атасы мен атақты опера әншісі Федор Шаляпин екеуінің қалжыңы жарасып, арасынан қыл өтпеген жақын достар болғанын әңгімелей келіп, әншінің өле-өлгенінше атасын «ты моя татарская морда» деп атағанын айтады.
Кім білсін, Ресей жерінің табиғатын, халқын жан-жүрегімен сүйген Рахманинов ең алғашқы күрделі шығармасымен жасындай жарқ ете қалғанында ризашылық пен рахметтің орнына, «оның музыкасы орыстың музыкасы емес» деп өре түрегелгендердің ауыр айыптауына тап болуының арғы жағында түркімен түбірлес тегіне көрсетілген қарсылықтың қатар жатуы да әбден мүмкін екенін бүгінгі күні сеніммен айтуға болатын сияқты. XXI ғасырда жаңа көзқарастар айтыла жатар. Орыс төлқұжатын иеленген Америка тұрғынының түбін түркілерге апарып тірегеннен адамзатқа ортақ азаматтың ата тек-өмірбаянына келіп-кетер зиян жоқ. Тек жақсыны жақын тарту – жаратылысқа тән мінез екенімен ешкім дауласа қоймас.
АЛМАТЫ