• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қоғам 29 Қазан, 2019

Қазақ пен қазан – егіз ұғым

2770 рет
көрсетілді

Әуелден «ырыстың басы – қара қазан» дейтін қазағымның дүнияуи өмірінде «ошақ», «отбасы», «қазан» киелі болып саналған. Ас дайындау құралы бола тұра, оны берекенің, ауызбіршіліктің, отбасының символы деп есептеген. Махамбет жырындағы «қара қазан, сары бала қамы үшін қылыш сермедік» деуінің де осындай астары бар. Көшпелі өмірдің ажырамас бұйымына айналған бұл ыдыстың мамыражай тірлікте де, жорық жолдарында да кез келген уақытта ас дайындауға қолайлылығы, үлкенді-кішілі көлеміне қарай оңтайлылығы бөлек әңгіме.

«Ақта не ақ? Қар – ақ, ұстасаң қолыңды тоң­дырады. Қарада не қара? Қазан – қара, ас ішсең қарныңды тойдырады» деген халық тағлымы да қазанның қазақ үшін маңызының тереңде екенін сездірсе керек.

Ас құралы болған қара қазан қазақтың қорғаны, панасы да болған. Аштықтан аман сақтаған осынау үй ыдысының жар астынан жау шапқанда сәбиін қара қазанның астына тығып, аман алып қалғандар туралы көп кітап тәптіштейді.

Қазекең астарлап жеткізетін кейбір ұғым­дардың қазанға қатыстысы да жетерлік. Күні бүгінге дейін кей ауыл­дардағы зираттардан қабірдің үстіне немесе сол моланың ішінде төңкерулі қазанды кездестіруге болады. Бұл халық түсінігінде «әулеттің оты өшті, ешкімі қалмады» дегенді білдіреді. Яғни, мұрагері жоқ, балалары қалмаған әулетті осылай білдіріп отырған. Ертеректе үлкендер «қазанды төңкерме» деп ұрысып жатушы еді, оның артында осындай астары бар.

Қазақ «ырысым өзге үйге кетіп қалады» деп қызға қазан бермеген. Сол сияқты қайтыс болған адамның тұқымы тоқтаусыз өле берсе, зиратына құран оқытып, қазан төңкерген. Қазақтың суға кеткен адамды, сол үйдің қазанын суға төңкеріп әлгі адамды іздейтін де ырымы бар. Көп жағдайда қазан суға кеткен жанның тұсына қалқып барып, дөңгеленіп тұрып алады екен. Таңғаларлық жайт, бірақ бұл халық тәжірибесінде бар нәрсе.

Еліміздің ертеден жеткен ерекше мұра­сының бірі және бірегейі – Түркістандағы Тайқазан. Әмір-Темір бабамыз соқтырған деп саналатын осынау құнды жәдігердің жеті түрлі асыл металдан жасалғаны баян­далады бір жазбаларда. Бір қызығы, осы үлкен ыдыстың кішкентай ғана май шам секілді оттықпен қайнағаны да айтылады.

Қазақы ұғымда қазаннан айрылу құт-берекеден айрылумен тең саналған, кектес­кен, жауласқан жұрттың жауының мысын басу, рухани жер ету үшін қазанын тартып әкететін де жағдайлары болған. Бұл үлкен масқара саналған.

«Қазаның толы болсын», «Қазаның оттан түспесін» дегені қазақтың өзімен бірге жасасып келе жатқан алғысы, батасы. «Қазаның қайнамасын» деген қарғысты да қалдырған қазақ.

Келін толғатқанда жарыстыра қазан асып, толғақты жеңілдеткен де, бұл жоралғысына «Жарыс­қазан» деп ат қойған да осы атам қазақ. Сый­лас, құралыптас адамдардың «қазан шегелей келдік» деп астарлап бір-біріне қыдырыстайтыны да осы ас иесі – қара қазанға қатысты.

Ақтөбе жағында «айрылысар көже» деп аталатын салт бар. Мұны кейбір өңірде «айрылыс қазан» деп те атайды. Яғни, қоныс аударып, көшіп жатқан отбасының көршілері мен ағайынын шақырып, қонақ қылуы, қоштасуы.

Замана ағымымен ел жаңарып жатыр, табиғаттың өз отыны – газ келді қолданысқа. Аула­дағы ошақ, қазанның мәні төмендей бастады. Рухани тамырың, тағлымың – қара қазанды бүгінгі ұрпаққа ұмыттырмау, бұл да бүгінгі көп міндеттің бірі болып отыр.

 

Қаршыға ЕЛЕМЕСОВ