• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қоғам 29 Қазан, 2019

Қалам ақ қағазды аңсайды

378 рет
көрсетілді

Журналист кәсібін таңдауымның өзін маңдайыма жазылған тағдыр сыйы деп қабылдаймын. Әйтпесе орта мектепті үздік бітіріп, кез келген басқа мамандықты таңдауыма мүмкіндігім болды. Сонда деймін, тауқыметі бір адамның басына жетіп артылатын осы бір киелі мамандыққа бар ғұмырымды байлап бергенім қалай?.. «Егеменге» қызметке келерден бұрын аудандық газеттің қазанында қайнадым. Ысылдым, шеберлігімді шыңдадым. Жиырма үш жыл бойы ақындар мен батырлар еліндегі «Атамекен» газетін басқарғаным тағы бар. Бірақ үш ұйықтасам да атынан ат үркетін бас басылымда қызмет істеймін деп ойламаппын. Бұл әрине ғұмырымның тамаша жарқын жылдары дегенім жөн шығар.

«Егеменнің» 90, 95 жылдық мерей­­лерін атап өтіп, оған әріп­тес­теріммен бірге қатыстым. Ба­сы­лымның сегіз қа­батты жа­ңа ғимаратына Қазақстан Респуб­ликасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев келіп, бар­ша ұжым мүшелерін 90 жыл­дықпен қызу құттықтағанын ұмытпаймыз. Енді мі­не, ел га­зетінің жасы 100-ге келеді. Бір ғасыр. Осы жылда­ры оның әр саны са­йын қазақ халқының тағ­дырына, тілі мен дініне, жері мен суына, келешегіне байланыс­ты қадау-қадау күрделі мәсе­­лелердің көтерілгені аян. Қай кез­де бол­масын басылым Прези­дент тапсырмасымен тиянағы келтірілген табысты істер­ге ба­йып­ты көзқарас ұстануымен, Ел­ба­­сының сындарлы саясатын халыққа қалтқысыз жеткізуімен биік әрі құн­ды. Қазіргі кезде «Қа­зақ­стан-2050» стра­тегиясын, «Мәң­гілік ел» ұлттық идеясы, «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» Жолдауынан туындағы ұлы­лық­тар газет бетінде жарқырай түсті.

Басылым тізгінін халқы­мыз­дың маң­­­дайы жарқыраған мар­­ғасқа ұлдары ұс­тады. Олар­­­­дың қата­рында Қазақ деген­ қасиетті ұлт­тың арқалы азаматта­ры Смағұл Сә­дуа­қасов, Жүсіпбек Ай­мауытов, Мұхтар Әуезов, Бейім­бет Май­­лин, Сәкен Сей­фуллин, Тұрар Рыс­­құлов, Ораз Жандосов, Ғабит Мүсірепов, Шерхан Мұр­таза, Әбіш Кекілбаев және тәуел­сіз­дігіміздің алғашқы тарихи сәт­тері мен жақсылығын Тұңғыш Пре­зидентпен бірге Жер шарын айналған, бүгінде халық қалаулысы Сауытбек Аб­драхманов та бар. Бүгінгі тол­қын сол бастамаларды жаңаша қырынан жар­қырата түскені де қуантады. Газеттің бас­қарма төрағасы Дархан Қыдырәлі бас­таған ұжым елдік пен бірліктің үні болған «Егеменнің» әр санын қазақ халқына ең жақын ту­ған жер, туған Отан екенін мойын­дататын дүниелерді беріп келеді. Осылайша әр санын қол­ға алған сайын оқырманға, ұр­паққа ой салатын мақалалар мен зерттеулерді қызыға оқимын. Де­­мек көк байрақтың астына топ­­тасқан Алаш сөзінің құдіреті биіктеп, ертеңгі күніміздің көк­жие­гін кеңейтетіні кәміл. Бізге бас­қа не керек?!

Бас басылымды оқырмандар «Ел га­зеті» деп атап кеткен. Орын­ды берілген баға. Жүз жыл­дық та­рихында «Егемен Қазақстан» хал­қымен бірге тыныстады. Жетістігін паш етті. Кемшілікке елімен бірге қабырғасы қайысты. Осының бәрін газет ұжымының жұдырықтай жүрек сүзгілерінен өткізгені қандай ғанибет.

Аптасына бес мәрте оқыр­ман­мен қа­уышатын басылымға ойы мен қаламы жүйрік кәсіби журналистер ғана шыдас береді. Алғаш дәм-тұз бұйырып, Ал­маты облысындағы меншікті тілші қызметіне кіріскенде өз басымнан оны мен де өткердім. Және осы ұжымдағы жұмыстың қауырт әрі жауапкершілігі жоға­ры­лығына қарамастан достық пейіл, үлкеннің ұлағаты, кішінің құрметі орнымен екендігі көзге ұрып тұрды. Сондықтан болар, жеті жылға жуық қызметім көзді ашып-жұм­ғанша тез өтіп кеткендей болады.

Жұмысқа қабылданғаннан ке­йін кө­біне газет басшысының орынбасары болған, марқұм Ержұман Смайыл, бас редактор Жанболат Аупбаевпен, жа­уапты хатшы Жанат Елшібековпен жиі хабарласып, атқарылатын, жазылатын мәселелер жайлы тапсырма аламыз. Жарықтық Ерағаның (Ержұман) әң­гіме­сі қысқа әрі нұсқа болатын. Шір­­­кін, еліміздегі бар жаңа­лық­­ты ком­­­пьютерше басында ұстай­тын еді ғой. Бәрін шағып, не жазасың, ауқымы қан­дай екенін алдыңа жайып салатын. Жанболат пен Жанат та нақ­ты­лықты ұнатады. Міне, осылайша «егемендіктердің» қамқорлығын көрдім. Сенім білдіргеннен кейін қалай ғана қанаттанбайсың? Алматы бөлім­шесін басқаратын қазақтың қа­бырғалы ақыны Қорғанбек Аман­жол «Күмісжан Байжан, Бақ­тияр Тай­жан, газеттің бетін бер­мейді, келді бұлар қайдан?» деп әзіл шы­ғарды. Еңбегімізді үкілеген осындай әріптестік ниет-пейіл жарасым табатын.

Қанша жерден өзім білем, осы же­тіс­тікке өз қабілет-қа­ры­­мыммен жет­­тім дегенмен жі­­бек жіптей болса да әріп­тес­тердің қамқорлығы, жана­шыр­лығы сезілді. Әрине оны ұмыту мүмкін емес. Астанаға бар­ған сайын ұжымның осындай ниеті мен пейіліне бөлендім. Га­­зеттің қадірменді қариясы, қа­­ламы жүрдек әріптесім Қазақ­станның Құрметті журналисі Қайсар Әлім «Күмісжанның қо­­лын байлап қойса да жаза береді» дегенін аз-кем еңбегіме берілген ағалық, әріптестік тілегі деп қабылдадым. Әріптестерім Жұмагүл Солты, Гүлзейнеп Сә­дір­­қызы, Айнаш Есалы, Бақыт Балғарина тағы басқалары отба­сындағы аяулы ана, әже болумен қатар жауапкершілігі зіл батпан ауыр кәсіптеріне адал болып, қа­зақ қызы деген атқа лайық бейнет­терінің зейнетін көріп, ғұмыр кешуде.

Газеттің тарихы тым тереңде. Ол – Қазақ елінің, қазақ ұлтының тарихы.

«Егеменнің» сарғайған бетте­рінде талай ұлылардың терең ойы мен ұшқыр пікірінің, елі мен жеріне деген перзенттік ма­хаб­батының атойлап жатқаны шын­дық. Солардың қатарында менің де қолтаңбамның қалғанын есіме алсам, тағдырыма риза боламын.

Қалам қарымына сүйенген журна­листің бақыты мен бағы жаз­ған-сыз­ғаны. Ол – ұшқыр хабар, тұщымды репортаж, жақсы мақала, терең зерттеу, очерк, тағы­сын-тағылар. Уа­қытыңды соған ар­найсың. Қан­дай мереке, жиындарда болсын, өзіңді, ойыңды сергек ұс­тайсың. Былай айтсақ, бәйгеге қосатын сәйгүліктей ба­бың­да жүргендейсің.

Еңбектің зейнетін көру де бір бақыт. Бірақ қаламың ақ қағазды аңсап тұрады. Сосын үстел басына отырасың. Мына өмірге, тағ­дырыңа деген адамдық пейі­лің осы­лай арнасынан асып жатады. Соған мың шүкір.

 

Күмісжан БАЙЖАН,

«Егеменнің» ардагері, Қазақстанның мәдениет қайраткері, Алматы облысының Құрметті азаматы