• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қоғам 01 Қараша, 2019

Жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселесі қаралды

182 рет
көрсетілді

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің 2019 жылдың 9 айында атқарған жұмыс нәтижесі талқыланған алқа отырысы өтті. Онда агенттік төрағасы Алик Шпекбаев атқарылған жұмыстарды қорытындылады.

Жалпы, Президент нұс­қау­­ларына сәйкес агенттікте «Ес­титін мемлекет» тұжырым­дамасы дәйекті түрде іске асырылуда. Атап айтқанда, азамат­тардың өті­ніш­терін қарау тә­сілдері түбе­гей­лі қайта қаралған. «Біз және біздің «Адалдық ала­ңы» жо­балық кеңселеріміз көмегімен әр өтініш мұқият қарас­тырылып, мәселелер оң шеші­леді. Оған дәлел ретінде 2 мың­нан астам азаматтың бұзыл­ған құқықтарының қалпына келтірілгенін айтуға болады», деп атап өтті А.Шпекбаев. Со­нымен қатар басқа қала­лық аза­маттарды қабылдау ыңғай­лы әрі қолжетімді болу үшін бей­неконференцбайланыс арқы­лы жүргізіледі. Агент­тік қыз­мет­керлері қоғамдық бел­сенділерді қатыстыра отырып, мобильді қабылдау бөлмелері шеңберінде «халықтық заңгер» қағидаты бойынша құқықтық көмек көрсету үшін ауылды жерлерге барып жүр. Ал агенттіктің азматтармен кері байланысының тағы бір арнасы – «Агенттіктің Call-орталығы 1424» болып отыр.

Еуропаның алдыңғы қа­тар­лы елдерінің тәжірибесі бойынша бүгінде ұстанымына берік азаматтардың хабар­ла­ма­ларының негізінде де қыл­мыстық істер қозғалуда. Осы жыл ішінде келіп түскен 3,5 мың қоңыраудың 600-ге жуығы тіркелген. Расталған фактілер бойынша 44 қылмыстық іс тер­гелуде. Өткен жылмен салыс­тыр­ғанда қоңыраулар (2018 жылдың осы уақыт аралығында 388) және тергеліп жатқан істер (21) іс жүзінде екі есе өске­ні байқалады. Агенттік төр­ағасы А.Шпекбаев соңғы үш жыл­да кешенді алдын алу шарала­рының нәтижесінде сыбай­лас жемқорлық құқық бұзушы­лық­тардың саны 14% азайғанын атап өтті. Қылмыстың негізгі бөлігі – парақорлық (850), ұрлық (714) және билікті асыра пай­далану (224) фактілері. 1028 тұлға әшкереленді, оның 23-і рес­публикалық және 86-сы облыстық деңгейдегі басшылар. Ал келті­рілген залалдың мөлшері едәуір артқан – 23,2 млрд теңге (өткен жылмен салыстырғанда 1,7 есеге көп; 2018 жылдың 9 айында 13,5 млрд теңге), оның 94%-ы өтелген.

Алик Шпекбаев агенттіктің міндеттеріне тоқтала келіп олар­дың бастыларының бірі – сы­­бай­лас жемқорлықтың жүйелік фактілерін орындаушыдан ұйым­дастырушыға дейінгі қылмыс­тық схеманы анықтау екен­дігін атап өтті. Жыл басынан бері осындай 92 жағдайдың жолы кесіліп, 347 тұлға әшкере­ленген. Мемлекеттік бағдарла­малардың іске асырылуын бақылау нәтижесінде 181 сыбайлас жемқорлық қылмыс тіркелді, 287 лауазымды тұлғалардың биз­неске заңсыз араласу факті­лері анықталды, 198 адам жауап­­кер­шілікке тартылды, 85 адам сот­талды, 282 кәсіпкердің құ­қықтары қорғалды.

Сонымен қатар агенттік төр­ағасы сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасағаны үшін құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен судьяларын жауапкершілікке тарту бо­йынша жұмыстар жүргізіліп жатқанын айтты.

Алқада айтылғандай, азаматтар өмірінің сапасы мен табы­сын арттырудың басты фактор­ларының бірі – кәсіби, тиімді, ең бастысы сыбайлас жемқор­лықтан ада мемлекеттік аппаратты қалыптастыру. Алайда еңбекақы төлеудің жаңа жүйесіне көшпеген мемлекеттік органдарда атқарушылық қызметтегі 20 жылдан астам жұмыс өтілі бар мемлекеттік қызметшілердің қазіргі уақыттағы жалақысы – ел бойынша орташа көрсеткіштен төмен. Мемлекеттік қызметтерді цифрландыру, мемлекеттік органдар қызметінің ашықтығы мен айқындылығын арттыру бо­йынша атқарылған ауқымды жұ­мыс­тарға, кешенді алдын алу және жазалау шараларына қара­мастан, мемлекеттік қызмет­шілер жалақысының қазіргі деңгейі сыбайлас жемқорлықты азайтуды айтарлықтай тежеуде.

Отырыста Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары Мәлік Мырзалин сөз сөйлеп, мемлекеттік аппарат жұмысының тиімділігін арттыру тәсілдері туралы айтып өтті. Сол сияқты алқа жұмысына Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниял Ахметов, Тұңғыш Президент – Елбасы қоры атқарушы директорының орынбасары Игорь Рогов, Nur Otan партиясының хатшысы Марат Сембеков, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі, жазушы, режиссер Ермек Тұрсынов, Қазақстан Республикасындағы Бала құқықтары жөніндегі уә­кіл, қоғам қайраткері Аружан Саин және Нұр-Сұлтан, Алма­ты, Шымкент қалалары мен об­лыс­тар әкімдерінің орын­ба­сар­­лары, орталық мем­ле­кет­тік органдардың жауап­ты хатшылары мен аппарат же­тек­шілері, сонымен қоса жұртшылықтың, үкіметтік емес және жастар ұйымдарының өкілдері қатысты.