Соңғы жылдары Қазақстанда мектеп оқушыларының арасында өзіндік технологиялық тренд пайда болған секілді. IT, роботтехника салаларының дамуы жастардың тың жобалар ойлап тауып, іске асыруларына жол ашты. Сондай дарынды өнертапқыштардың бірі жоғары сынып оқушысы Дана Ерланова өз жобасын екі рет Кремний алқабында таныстыруға мүмкіндік алды.
Алматы қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушысы Дана Ерланова – бүгінде технология саласына қызығушылық танытып, жобалары арқылы қоғамға өзгеріс алып келгісі келетін жас өнертапқыштардың бірі. Ол Алматыдағы Maker Space алаңында 2 жылдан бері роботтехникасының қыр-сырын зерттеп келеді.
Google ғылым жәрмеңкесіне жол
Алғаш ойлап тапқан жобаларының бірі Sequence – Альцгеймер ауруына шалдыққан адамдарға арналған ақылды дәрі қобдишасы болды. Бұл инновациялық жоба емделушінің дәріні ұмытпай қабылдауын бақылауға мүмкіндік береді. Дананың айтуынша, дәл осы жобаны жасау ойы әжесінің Альцгеймер ауруына шалдығуына байланысты туды. Оның отбасы 87 жастағы әжесінің ұмытшақтығын ауру емес, кәріліктің белгісі болар деп жүре берген екен. Ал білген кезде дәрімен емдеу кеш болыпты. Осылайша жас өнертапқыш инновациялық қобдиша егде жастағы адамдардың дәрі-дәрмекті ұмытпай қабылдауы үшін, ал медбикелер ауруханаларда емделушілердің дәрі қабылдағанын бақылауы үшін таптырмас құрал болар еді деп ойлайды. Құрылғының интернет арқылы жұмыс істеуі дәрінің қабылданғанын әлемнің кез келген нүктесінен көруге жол ашады. Бұл жоба сондай-ақ Денсаулық сақтау министрлігінің Цифрландыру кеңсесі мен ЮНИСЕФ қоры ұйымдастырған хакатонда да жүлделі орынға ие болған еді.
Sequence жобасымен Дана әріптесі Дильназ Камаловамен бірге әлемдегі алып технология компанияларының бірі Google ұйымдастырған ғылыми жәрмеңкеге қатысуға өтінім берді. 2011 жылдан бастап өтетін дәстүрлі байқау жылда әлемнің барлық елдерінен 13-18 жас аралығындағы жас өнертапқыштарды өз алаңына жинайды. Жастардың инновациялық жобаларына қолдау көрсетіп, үздік атанған 3 қатысушы бағалы сыйлықтарға ие болады. Ал жеңімпаз АҚШ-тың үздік жоғары оқу орындарының бірінде білім алуға 50 мың доллар көлемінде грант ұтып алады. Осындай халықаралық салмақты бәсекеде қазақ қыздарының жобасы алғашында үздік 100 жобаның қатарына қосылып, соңғы кезеңде әлемдегі ең үздік 20 жобаның бірі болып танылған. АҚШ-тың технология ордасына айналған Кремний алқабына шақырту алған Дана осыған дейін онда тек білікті мамандар ғана баруға мүмкіндік алады деп ойлағанын жасырмады. Бұл тәжірибе оның осы салада біліктілігін арттыруда жасаған үлкен қадамы ғана емес, дүниетанымының кеңейіп, қоршаған әлеммен танысуына жол ашқан алғашқы сапары болды. «Ғылым арқылы адамдарға көмектесіп, қоғамға пайда алып келу арқылы да үлкен жетістіктерге жетуге болады. Тек өз ісіңді шын сүю керексің», дейді жас өнертапқыш.
Қыздар технология саласында
Қоғамда инженерия мен технология салаларында ер адамдардың кәсіби мүмкіндіктері жоғары деген қағида қалыптасып қалған. Бүгінде әлемде осы пікірді теріске шығарғысы келетін дарынды қыздар жетерлік, сондай-ақ өсіп келе жатқан қыздардың технология саласына деген қызығушылығын арттырып, ортаға баулитын бағдарламалардың саны да көбейіп келеді. «STEM не технология саласына келген қыздарды «Мен туралы не ойлайды?» деген сұрақ көп мазалайды. Қате жіберіп алсам, мен туралы пікірлері өзгеріп кете ме деп те ойлайсың. Робот-техникасына деген құлшынысым жоғары болғандықтан, мені мазалаған мәселені елемейтін болдым. Дегенмен, көптеген қыздар «бұл үйірмеде ұлдар көп, мен олармен жарысуым керек, ал олар бұл салада үздік» деген секілді қорқыныштарға тап болуы мүмкін», дейді Дана Ерланова. Оның айтуынша, егер іштей осындай сенімсіздік болса, тек қыздарға арналған инновациялық жобалардың байқауына қатысуға болады. Дәл осындай Technovation Challenge халықаралық волонтерлік бағдарламасы – 10-18 жас аралығындағы қыздарға қоғамда күнделікті туындайтын мәселелерді технологияның көмегімен шешуді үйретуге бағытталған. Қатысушы қыздар мобильдік қосымшаларды жасауда және бағдарламалауда ер балалардан кем түспейтінін көрсеткісі келеді. Дана Ерланова аталған жобаға екі жыл қатарынан қатысып, нәтижесінде «Coco» тобындағы әріптестерімен Сан-Францискода өткен жобаның соңғы кезеңіне жолдама алған. Байқауға алғаш рет қатысқанда ұсынған iALAU жобасы келеңсіз жағдайға, қайғылы оқиғаға тап болған жандардан қала картасынан сол жерлерді белгілеуді ұсынады. Осылайша қалада қыздардың жалғыз жүруі үшін қауіпті аймақтардың картасы пайда болады, дейді жас өнертапқыш. Сондай-ақ мобильді қосымша форумында қатысушылар бастан кешкен оқиғаларымен бөлісіп, өзгелерден кеңес пен қолдау таба алады. Одан бөлек қосымшада жәбірленушіге көмекке келетін шұғыл қызметтер мен мекемелердің және Кризистік орталықтардың сенім телефондарына дейінгі байланыс ақпараттары бар екен. Дана мен әріптестері Қазақстанның «Кризистік орталықтар одағы» мен «Не молчи» қозғалысының өкілдерімен серіктестік орнатып үлгергендерін айтты.
Technovation халықаралық жарысының соңғы кезеңіне жолдама алып берген келесі TECO мобильдік қосымшасы қоғам назарын экология мәселесіне аударуға бағытталған. Балаларға арналған 3D ойын қолданушыларды қоқысты сұрыптап, қайта өңдеуге шақырады, сондай-ақ ойын қоршаған ортаның ластануы нәтижесінде пайда болатын ғаламдық мәселелер мен шешу жолдары туралы пайдалы ақпаратты қамтиды. Кремний алқабына жасаған сапарында Дана Uber, Facebook, NASA, Apple секілді ірі технология компанияларының кеңсесінде болып, әлемге әйгілі жобалардың жұмыс барысын көріп келді. 12-сынып оқушысы болашақ мамандығы ретінде бағдарламалауды таңдайтынына сенімді және сол арқылы қоғамдағы түйткілді мәселелердің шешімін табуға тырысамын дейді. Ал қазіргі басты мақсаты мектепті үздік аяқтау екен.
Қазақстанға келгеннен кейін ол ерікті ретінде «Шеврон» компаниясымен бірге «Болашақтағы мектеп» жобасын бастап, Алматының мектеп оқушыларына әлем қалай өзгеруде, роботтехника саласындағы соңғы жаңалықтар қандай, қай салаға бару керек екенін айтып, жоба дайындау мен оны жүзеге асыру, түрлі байқауларға қатысу бойынша шеберлік сыныптарын өткізіп жүр. Осылайша Алматыда технология, STEM саласын жастар арасында насихаттап, дамуына үлес қоспақ. «Роботтехникасымен айналыспайтын балалар еш нәрсе жоғалтпайды. Себебі бұл салаға қызығушылық керек. Жобаларды жасап, оны әрі қарай жүргізуге дайын болу керек. Тек ата-анасының қалауымен келгендер көп нәтижеге қол жеткізе алмайды. Одан да әркім өзі ұнататын саланы терең меңгеріп, бастаған ісінің кәсіби маманы болса, сол істі шын сүйсе үлкен жетістіктерге жететініне сенемін», дейді жас өнертапқыш. Дана жастарға, ең алдымен, жүрек қалауымен болашақта айналысқысы келетін саланы таңдауға, одан кейін мейлі ол медицина, архитектура, химия, технология болсын, роботтехниканың негіздерін үйрене отырып инновацияландырудың ерекше жолдарын іздеуге кеңес береді. Кейде жастарға үлкендердің берген кеңесінен гөрі, өзіңмен бір партада отырған, болашақтағы өзіндік жолын анық білетін достардың тәжірибесі анағұрлым пайдалы болып жатады. Осындай мысалдар еліміздегі жас ұрпақтың қазірден болашақ мамандығын таңдауда жауапкершілігін, өзгерістерге бейімділігін, маңызды шешім қабылдауға дайындығын және кез келген мәселеде ғаламдық деңгейде ойлай алатынын көрсетеді.