Параллель
Әнипаны орталық алаңда көрдім. Балаларын ертіп алыпты. Жанына барып аман-саулық сұрайын деп бір оқталдым да көзіне түспей-ақ қойғанды жөн көрдім. Күйеуі өлгеннен кейін жанарынан нұр тайып, жасып қалды байғұс әйел.
Бұдан бірнеше жыл бұрын ғана осы Жапақовтарда бәрі де аста-төк еді. Дүние ойламаған жерден төңкеріліп түсті. Құдайға күпіршілік жасап, қоңыр тірлік кешкендерге жоғарыдан қарап келген отбасын бір-ақ күнде қайғы басты. Отағасы жүрек талмасынан о дүниелік болды да ешқайда жұмыс істеп, ешкімнің алдына барып көрмеген Әнипа үш баласының жанында шошайып жесір қалды. Бүгін олар – жәрдемақыны нәпақа ғып, сонымен күнелтіп отырған тұрмысы төмен отбасы.
... Әнипа алғашында айналасындағы туыс-туған, тамыр-таныстардың бәрінің көмегінен бас тартқан. Бұрқ-сарқ етіп шамданған. Өзіне ар санаған. Бірақ таңның атуы әтештің шақыруына қарамайды екен, бара-бара тағдырдың басқа салғанына еріксіз мойын ұсынған. Күнкөрісі жұтаң жандармен жұмыс істейтін инспектор бүйте берсе жағдайдың жақсармайтындығына, елден жиналған киім-кешек, тағы басқалардан бас тартуға болмайтындығына сендірген. Ал әкеден қалған азын-аулақ дәулетті балаларының оқуына жаратуға көндірген. «Басқа түскен баспақшыл» деген, екі жылдан кейін Әнипаның өзі қамқоршылықпен айналысатын үкіметтік орындарға алақан жайып, көмек сұрауға мәжбүр болды. Енді ол балаларын ертіп, акция бойынша жиналған, киілген киім-кешектерді тегін тарататын жерге жиі барып тұрады. Балаларына жарамды киім таңдайды. Бұрынғыдай қысылып-қымтырылмайды, көңілі де, өзі де көмпістеніп, көндігіп алған. Тағдырдың талмау жерден тиген соққысына қасқайып қарсы тұру да – ерлік. Әнипа сондай ерлікке ұрпағы үшін барып отыр. Тым қартайып, жүзінен нұр тайып тұрмаса да ойлағаны – өз қамы емес, балаларының бағы. Аналық ақ арманы – солардың жанарына жас үйірілтпеу. Ел қатарлы азамат етіп шығару.
Иә, бұл дүниеде бәрі де параллель: торқалы той мен топырақты өлім де, бақ пен сор да, тіпті жер басып жүрген пенделердің өздері де... Ешкім де жазмыштың жазуынан қашып құтылмайды...
* * *
... Жас арудай жасанып тағы да әз Наурыз келді. Шапағат пен махаббат, мейірім айы. Осы айда жасалған жақсылықтың мың мәрте қайтарымы болады деседі. Құранда да, Інжілде де солай делінген.
Жұмағазы ИГІСІН