• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қоғам 07 Қараша, 2019

Сөйлеу процессорлары иелеріне қайтарылады

200 рет
көрсетілді

Мүгедектігі бар адамдардың және қоғамдық бірлестіктердің ескі сөйлеу процессорларын алып тастау жөніндегі норманың күшін жоюға қатысты бірнеше өтінішті ескере отырып, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов ведомство мамандарына мүгедектерді протездік-ортопедиялық көмекпен және тех­никалық көмекші (орнын толтырушы) құралдармен қам­тамасыз ету ережелерінде аталған норманың күшін жою жөніндегі мәселені қарауды тапсырды.

2007 жылдан бастап Қазақ­станда есту қабілеті ауыр түрде бұзылған (саңырау) 2 мыңға жуық азамат мемлекеттік бюджет есебінен кохлеарлық имплан­та­ция тәсілімен операция­дан өтті. Бүгінде бұл осы санаттағы адамдарды оңалтудың жалғыз тиімді әдісі.

Кохлеарлық импланттары бар балаларды уақтылы техникалық қолдау мақсатында 2015 жылдан бастап мемлекет сөйлеу процессорларын ауыстыру қызметін енгізді, 2017 жылдан бастап бұл қызмет кохлеарлық импланттары бар ересек азаматтарға да ұсынылады.

2015 жылдан бастап 2018 жылға дейін кохлеарлық импланттары бар 934 адамға, оның ішінде 796-сын балаларға, жалпы сомасы 3,1 млрд теңгеге сөйлеу процессорларын ауыстыру қызметі көрсетілді.

Резервтік қор құру мақ­сатында 2016 жылдан бастап мүге­дектерге протездік-ортопе­дия­лық көмекпен және тех­ника­лық көмекші (компен­саторлық) құралдармен қамтамасыз ету ережелеріне сәйкес 2015 жылдан бастап пайдаланылған сөйлеу процессорлары қайтарылды.

Сөйлеу процессорлары құ­рылғы жоғалған, бұзылған, ұрланған жағдайда, жаңасына, ауыстырылғанға немесе жөндел­генге дейін мерзімінен бұрын резервтік қордан шығарылды.

Мәселен, ағымдағы жылдың басынан бері резервтік қордан 82 қолданылған сөйлеу процессоры берілді. Жалпы, оларды 2016 жылдан бастап 2019 жылдың қазан айына дейін резервтік қор­дан тегін алу құқығын кох­леарлық импланттары бар 199 мүгедек пайдаланды.

Алайда, мүгедектігі бар адам­дардың айтуынша, кей­бір жағдайларда жоғарыда көр­сетілген норманың әрекеті есту-сөйлеу оңалтуын үзуге әкеп соқты, себебі оларға резервтік қордан техникалық құралды алу үшін Алматыға баруға тура келді. Қолданыстағы норманың күшін жою есту қабілеті бойынша мүгедектерге жаңа сөйлеу процессорын алған кезде ескі­лерін өздерінде қалдыруға, сол арқылы оңалту процесін үзбеуге мүмкіндік береді.