• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 12 Қараша, 2019

Ауадан қармаған айыппұл

321 рет
көрсетілді

Бүгінде Қостанай ауданындағы Алтын дала ауылының тұрғыны Алмас Доскеевтің отбасына лаң кіріп кеткендей, сергелдең күйге түскен. Айдың, күннің аманында олар «КЭЦ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне 2 019 304 теңге айыппұл төлейтін болып шыға келді. Ауылда өз еңбегімен ғана күн көрген қарапайым отбасы қара қылды қақ жаратын сот әділдігінің ақсағанына налиды, өздерінің таза арын сақтап қалуды, намысын қорғауды ойлап күйінеді.

 

2000 жылдардың басында барлық жердегідей Алтын дала ауылындағы әлеуметтік нысандар аукцион арқылы тиын-тебенге сатылды. Ол кезде тамағын зорға тауып отырған ауылдастарда тиын-тебеннің өзіне қауқар жоқ еді. Ауылдық округтің әкімі енді жер алып, оны-мұны егіп, талаптанып жүрген Алмас Доскеевке «бүтін бұйым бұзылмай-ақ қойсын, мүмкін пайдаңа асырарсың» деп, клубты алуды ұсынады. Алмас та «жарайды, алсам алайын, менің ауылдан көшетін ойым жоқ, бір тірлік жасармыз» деп келіседі де, ғимаратты жұмыссыз отырған әйелі Жанат Доскееваның атына рәсімдейді. Жас отбасы оның бір бұрышынан «Диана» деп, дүкен ашады. Кәсіпкерліктің талабымен салық төлеу үшін Жанат Доскееваның атына жеке кәсіпкерлік ашып, салығын төледі. Бірақ дү­кеннен олар пайда көре алмады, көп ұзамай жабуға ту­ра келді. Оның бірнеше себебі болды. Алдымен дү­кен мен мектептің арасы 100 метрге де жетпейтін еді. Мұны тиісті орындар ес­кертті. Ал ауыл Қостанай қа­ла­сының іргесінде, бар-жоғы 18 шақырым жер. Ауыл тұрғындарының басым көпшілігі жұмысты қаладан қатынап істегеннен кейін, қайтарда азық-түлігін ала келеді. Дүкенге жұрттың кіріп-шығуы сирек.  Оның үстіне 2006 жылы Жанат өзінің мамандығы бойынша ауыл мектебіне орыс тілінің м­ұғалімі боп орналасады. Же­ке кәсіпкерлігін де жауып тастайды. Сонымен міне, он жылдан аса уақыттан бері клуб қаңырап бос тұр. Ғимарат 1975 жылы қож­дан (күл мен құмды қосып ж­аса­ған құрылыс материалы) салынған, бұзып алып, құрылыс материалы ретінде пайдалануға да жарамайды. Ең бастысы, ғимарат мектептің түбінде тұрғандықтан оған не жасаймын десе де рұқсат бе­рілмейді. Сонымен есігінде қа­ра құлып ілулі тұрған ғи­ма­ратқа кішкентай ауылда еш­кім де кірмейді, тимейді де.

2018 жылы 10 мамыр күні мектепке Қостанай аудандық знергетика орталығынан, яғни «ЭПК-forfait» жауап­кершілігі шектеулі серік­тестігінен есептеу приборын тексеруге мамандар Са­мат Райханов пен Мақсат Оразбаев келеді. Олар қаң­қиып тұрған клубтың да есептеу құралының пломбасын ауыстыратынын айтып, оның иесін шақырады. Жанат сабақта болғандықтан, оның жол­дасы Алмас келеді. Мақ­­сат Ораз­баев мектепте ай­налшықтап қа­лып қояды да, Самат Райханов Алмаспен бірге ескі клубқа кіреді. Екеуі есептеу құралын қарауға ке­лісімен Самат Оразбаев Алмасты әріптесі Мақсатты шақырып келуге жұмсайды. Аңғал қазақ келген жігіттің әкесіндей болса да жүгіре жөнеледі де, мектепте қалған Мақсат Оразбаевты ертіп келеді. Олар келгенде Самат есеп­тегіштің сыртындағы жә­шігінің екі пломбасын ауыс­­тырып қойыпты. Ол Алмасқа үшінші пломбаның жоқ екенін айтады. Оның сөзіне Ал­мас бірден сен­бейді, жазған ак­тісіне келіс­пейді. «Шырағым-ау, бұл клубтың ішіне тышқан жор­ғаламайды, кілт менің қал­тамда, ешкім кіре алмайды. Мек­теп күзетшісі осы ғи­маратқа да қарайды дәл түбінде тұрған соң. Оны бі­реудің алуы мүмкін емес, осы­дан үш жыл бұрын ауыс­­тырылған есептегіш сол жап-жаңа күйінше тұр ғой?» деп Алмас азар да безер болады. Тексеруші жігіт: «Ағай келіс­песеңіз «келіспеймін» деп, мы­на жерге қол қойыңыз, сосын аудан­дық энергетика орталығына ба­рып, түсінік жазып кетерсіз» дейді де кетіп қалады. Ертеңіне Доскеев ­аудан орталығындағы энергетика орталығына барады. Олар «соңғы үш жылға есептеп, сіздерге айыппұл саламыз» дейді. А.Доскеевтер оған келіспейді де, облыстық энергетика орталығына барып, пломбаның болғанын, дүкеннің де, жеке кәсіпкер­ліктің де әлдеқашан жабылға­нын, ғи­маратқа ешкімнің кір­мегенін, екі тексерушінің келіп, қалай тек­­сергенін айтып, жағдайды тү­­сін­діреді. Ондағы мамандар үн­демейді, тек «жарайды, кете берің­дер» дейді. Бәрі дұрысталған екен деп, ерлі-зайыпты Доскеев­тер­­дің көңілі орныққандай болады да, күнделікті қоңыр­төбел тір­шілігін бастайды.

Бірақ «қызық» 11 айдан кейін, яғни 2019 жылдың 28 наурызында басталады. «Қостанай энергетика ор­­та­лығы» (КЭЦ) ЖШС әл­гі жасалған акт бойын­ша электр энергиясын ар­тық пайдаланды деп, 2 019 304 теңге айыппұлды өн­­­діріп алу үшін «Жанат Дос­кеева» жеке кәсіпкерлігін мамандандырылған аудан­ара­лық экономикалық сот­қа береді. Сот істі электр энер­гия­­­сы орталығының пайдасына шешеді. Доскеевтер мұны тү­­сіне алмайды. Өйткені олар бос тұрған ғимаратта еш­қандай электр энергия­сын пай­даланған жоқ. Ілуде бір ғимаратқа кіргенде жарықты 5-10 минут жағады да, сөн­діріп кетеді.

– Ұрлық деген ойымызға да кіріп шықпайды. Тіпті кішкентай ғана ауылда бір адам да электр энергиясын ұрламайды. Үйде де, сыртта да есептегіш тұр, бір­ден бі­леді. Екіншіден, пломба есеп­тегішті сақтап тұратын сырт­қы темір жәшігіне қойылған, есеп­тегіштің өз пломбасы орнында. Мен ғимаратқа кірген сайын қараймын, пломбалар ор­нында тұрды. Оған сырттан басқа біреу түгел, өз отбасымнан да ешкім бас сұқпайды, өйткені жұмыс жоқ, қараптан қарап неге кіреді? Кілт менде ғана бар. Үшіншіден Самат Райханов сотта берген жауабында электр энергиясының ұр­лан­бағанын, ол тек плом­баның жоқтығына ғана акт жасағанын айтты, – дейді Алмас Доскеев.

Сонда пломбаның түсіп қал­ғаны үшін ауылдағыларға миллиондап айыппұл сала бер­се не болмақ? Электр энер­гиясын үнемдеудің кү­ресі осылай ма? Сотта Дос­кеевтерді таңқалдырған тағы бір іс қаралған. Дәл осындай жағдаймен Қостанай энер­­гетикалық орталығы, яғни «КЭЦ» ЖШС «Ақ бидай-Агро» ЖШС-не де электр энер­гия­сын артық пай­далан­дың деп 2 133 563 тең­ге айып­пұл салып, сотқа береді. Сот­тың бастапқы сатысы істі талапкердің пайдасына ше­шеді. Ал «Ақ бидай-Агро» ЖШС істі апелляцияға бергенде, облыстық сот бірін­ші сатыдағы соттың 2018 жыл­дың 27 қаңтарында шы­ғар­ған шешімін өзгертіп, тұтынушы талабын қанағат­тандырады. Апел­ляциялық сот шешімімен «Ақ бидай-Агро» айыппұлды төлеуден бас тартады.

–  Апелляциялық  сот Энер­­ге­тика министрінің 2015­ жылғы 20 наурыздағы №230 бұйрығымен бекітілген Электр қондырғылары жаб­ды­ғы ережесінің 92-тар­мағына сүйенеді. Онда әрбір орнатылған коммерциялық есеп­тегіштің бе­кі­тілген қон­­­­­­­дырғысының қап­та­ма­сын­да тексерушінің соқ­қан белгісі (клеймосы) бар пломба­сы болуы керек, ал электр есептегішті қор­ғап тұ­ратын сыртынан қор­шал­ған қақпағында немесе қон­дырғысында электр энергия­сын сақтайтын ұйымның пломба­сы болуы тиіс екендігі айтылған. Мі­­не, біздің ғи­маратта тұрған электр есеп­тегіш те дәл осындай. Он­да электресептегіштің өзін­­­­­­дегі тексерушінің белгісі бар де­ген пломба бүтін, электр есеп­тегіш бүтін, тек­серуші оның сыртын қоршаған темір жәшіктегі пломбаның біреуі жоқ деп отыр. Бірақ оған ке­ліспеймін, ол да бар болатын, аспанға ұшқан жоқ, – дейді Алмас. Сонымен қатар жоғарыда көрсетілген Ереже электр есептегіштің сыртындағы қор­­­­ғаныш металл жәшіктің пломбасы бол­уын талап етпейді. Онда плом­баның болмауы электр энергиясын пайдаланудың ере­жесін бұ­зуға жатпайды.

Расында, екеуі тым ұқ­сас іс­ке соттың шеші­мі­нің әрқалай болуын қалай түсінуге болады? Доскеев­тердің айтуынша, тек­серуші Самат Райханов актіні Ал­мас Доскеевтің атына жа­сап кеткен. Ал ғимарат та, жеке кәсіп­­керлік те әйелі Жанаттың атында. Олардан ешқандай құжат сұра­май белден басқан. Екіншіден, әкесіндей адамды әріптесін шақы­руға жұмсап жібереді де, пломбаны тексергенде, ауыстырғанда ғимарат иесі, өзінің әріптесі, тіп­­ті дау­ласқан жағдайда куәсі де бол­майды. Ғимарат ішін­де тек­серушінің бір өзі қа­ла­ды. Неге? Осының өзі тексерушінің әре­­ке­тіне күмән туғызады. ХХІ ға­сырдың арбасы біраз жолды арт­қа тастаса да, қазекемнің сол бая­­ғы аңғалдығы, сенгіштігі қал­ма­ған. Доскеевтер тексерушіге кү­­мән­мен қарағанмен, оның ісіне ша­ғымдануды ойла­ма­ған.

Ауыл адамы үшін 2 мил­лион теңге аз емес. Оның үстіне қа­рап­тан қарап, ауадан қармап ал­­ғандай 2 миллионнан аса тең­ге айыппұлды мойнына ілу Дос­кеевтердің намысын, ар-ұж­да­нын да таптағандай болды. Олар сот­­тың жоғары сатыларына арыз­­данып, әділдік іздеді. Алай­да бар­лығынан беті қайт­ты.

– Соңғы рет 2019 жылы 16 тамыз күні 32 мың теңге мем­­лекеттік баж салығын төлеп, аяғымыздан тозып, Жоғарғы сотқа арызымды апарып бердік. Жоғары соттың судьясы Г.Ж.Мырзеке арызымызды қабылдап алды. Біздің арызымыз судья Н.У.Сисеноваға берілген екен. Судья міндетті түрде осы іс бойынша Қос­танай облысынан материалдар сұратуы керек еді ғой. Бізге соттардың алдыңғы са­ты­­ларының шешімін кө­шірген, олардың шешімі өзгертілмегені жөнінде хат ғана жіберген. Егер ісіміз анықталмаса, тексерілмесе, қаралмаса, біз 32 мың теңге мем­лекеттік баж салығын не үшін төледік? Жоғарғы сот менің аза­­­маттық процес­ке қатысушы ре­тінде процес­суалдық құқымды аяқ асты ет­кені емес пе бұл? – дей­ді күйін­ген Жанат Доскеева. Айып­­пұлдың әділетсіз екенін анық­­таймын деп жүгіріп жүрген ауыл адам­дарының тесік қалта­сынан шыққан шы­ғыны да аз емес.

Қысқасы, Доскеевтер электр энергиясын ұрлама­ғанын, пломбаны да алып тастамағанын дәлелдеу үшін сот сатыларын адақтады. Оған ауылдастары да куә­лік еткен, тіпті сотта тексе­руші Райхановтың өзі де айт­қан. Ауадан қармап алын­­­ған 2 миллионнан аса тең­ге айыппұлды не үшін тө­лейтінін ойлағанда ауыл ада­мының еңсесі әлеуметтік қиын­дықтардан бұ­рын әділет­­сіздіктен езілетінін Дос­­кеев­тер сезініп жүр.

 

Қостанай облысы,

Қостанай ауданы,

Алтын дала ауылы