• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
100 13 Қараша, 2019

Сөзі де, ізі де қалған қаламгер

797 рет
көрсетілді

Байтұрсын Ілияс ғұмырының 33 жылын ғасыр бойы елдің «көзі, құлағы һәм тілі» болған «Егемен Қазақстан» басылымына арнады. Ал оның осы газетке шығып жататын, қай тақырыпқа жазса да мөлдіреген мақалаларын Тобыл-Торғай өңірінің төрт бұрышындағы оқырманы күтіп отыратын.

Отыз жылда Байтұрсын аға қазақ журналистикасына қай жағынан болсын үлес қосты. Алдымен оның өзі де журналистиканың қазанында қайнады. Ол да ұстаз көрді, алдындағы ірілерден үйренді, оны өзі ұштай білді. Ол университетті бітірген соң, журналистік жолын алдымен «Орталық Қазақстан» газетінде бастады. Екі жарым жылдан соң, «Лениншіл жастың» Қостанай облысындағы меншікті тілшісі болып ауысты да, 1972 жылы «Социалистік Қазақстанның» Қостанай облысындағы меншікті тілшісіне жариялаған байқау­дан сүрінбей өтті. «Қостанайға көшіп келгенде мұндағы облыстық газетте Кеңшілік Мырзабеков, Сәділ Кәдеев, Аңсаған Атымтаев, Қойшығара Салға­рин (республикалық радионың меншікті тілшісі) сияқты мықты журналистер қызмет істейді екен. Тағдыр осындай аса талантты журналистермен жолықтырды, дәм-тұздас қылды. Қимас достарға айналдық», деген екен кезінде жергілікті газет тілшісіне берген сұхбатында.

Қандай қаламгер болсын, ол алдымен өзі өмір сүрген қоғамның суретшісі екені анық. Байтұрсын ағамыз еліміз Тәуелсіздігін алғанға дейін социализмнің күнделікті тіршілігін, жақсысын, жаманын сол қо­ғам тұрғысынан жазып отырды. Жан­сұлтан Демеев, Амангелді Исақов, Кәмшат Дөненбаева және басқа да еңбек адамдары жөнінде газетте құлаш-құлаш очерктері шығып жатты. Қостанайдың кенін, астығын, қайнаған еңбегін «Социалистік Қазақстан» газе­ті­нің бе­тін­де жарқыратып көрсету­ден танған жоқ. Бірақ сол 70-80 жыл­дар­дың өзінде Байтұрсын ағаның жан дүниесі мен қаламы кереғарлықты бастан кешіп, қиналғандай көрінеді маған. Күнделікті журналистік кәсіппен уақыттың шылбырына оралып жүрсе де, жан дүниесі есімдері құлыптың астында жатқан Алаш ардақтыларын аңсағандай. 80-ші жылдары бірде Ахмет, Міржақып, Мағжан туралы әңгіме айтып отырды. Мағжаннан:«Арқада Бурабайға жер жетпейді, Басқа жер ойды ондай тербетпейді. Бурабайдың көлі мен Көкшетауды, Көрмесең, көкіректен шер кетпейді. Қиясымен бұлт құшқан Оқжетпестей, Басқа тау ойды аспанға өрлетпейді. Арқада Бурабайға жер жетпесе, Алашта Кенекеме ер жетпейді» деген жолдарды жатқа айтып жіберді. «Ахаң» деп бастап, біраз әңгімелер айтты. Университет қабырғасынан енді келген біз секілді жастар үшін өте тосын әңгіме еді бұл. Ол өз әңгімесінен өзі қанағат алып отырғандай, тамсанып қояды. Көп жыл өтпей-ақ, әділетсіз қоғамның құрбаны болған халқымыз перзенттерінің есімі жарық дүниеге шықты, ақ түйенің қарны жарылды. Әсіресе еліміз Тәуелсіздігі үшін күрескен ұлт көсемі Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Шәкәрім, Жүсіпбек Аймауытовтың ақталуы ұлтымыздың басылған рухын аспандатты. Байтұрсын Ілияс қайта оралған Алаш ардақтылары, есіктен қарап қалған ана тіліміз, салт дәстүріміз, олардың жаңғыруы туралы шабыттана жазды. А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің ректоры болған ұлтжанды азамат Зұлқарнай Алдамжардың қолдауымен 1996 жылы Ахаңның туған жері Торғай өңіріне, кіндік қаны тамған Ақкөлге «Ақ жол» ғылыми-танымдық экспедициясын ұйымдастырды. Осы сапардың негізінде «Алтын бесік» атты кітап жазды. Бұл кітап қолына тиген оқырман ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсыновқа жақындай, оны біле түскендей, Торғайдың тарихын көкірегіне сақтап жеткізген елдің әулие ақсақалдарының қолына су құйып, ақ шаңына аунап қайтқандай әсерге бөленетіні хақ. Байтұрсын аға тарих ғылымдарының докторы, профессор Зұлқарнай Алдамжармен қосылып, осы экспедицияның тезірек жолға шығуын бекер қалаған жоқ. Ол кезде Ахаңның көзін көрген, оның туған, өскен ортасын жақсы білетін қариялар бар еді, бірақ «пісіп» те отыр еді. Журналистің бар олжасы осы Ахметтің көзін көрген, табиғи болмысымен Ахмет өмір сүрген заманның суретін «салып беретін» ақсақалдар болатын. Бәкең соларға жеткенше асықты. Ахмет 1927 жылы Қали деген ағасының жылына Бәдрисафаны ертіп келгенде оларды жасөспірім шағында көрген Әубек атамыз айтқан әңгімелердің өзі неге тұрады?! Ахмет Байтұрсыновтың өміріне, туған ортасына қатысты алтынға пара-пар дерек­тер­дің көбін осы ауылдағы көкірегі алтын сандық, құймақұлақтар беріп кетті. Ахметтанудағы танымдық, мүмкін ғы­лым үшін де маңызы төмендемейтін ел аузындағы деректерді жеткізген кітаптың бірегейі «Алтын бесік» десек, ешқандай ерсілігі жоқ. Сусамыр ауруынан зардап шегетін Байтұрсын ағаға осы экспедиция оңайға түсіп пе? Торғайдың ыстық күнінде және жолдың алыс, шоқырақтаған нашарлығына қарамай Торғай өңіріндегі ауылдарды бірнеше күн аралады. Жезқазған облысымен шекараласып жатқан сонау түкпірдегі Шұқыркөл ауылына тоқсанға таяп отырған Әубек қарияны іздеп келгендегі жол азабын Ақкөл ауылының әкімі Рақымжанның сөзінен байқауға да болады. «Білгеніңнің бәрін айт. Бұл балалар Ахаң үшін алыстан – сонау Қостанайдан келді. Ат арытып осынша жерден еріккеннен келіп пе? Өмірі болмаған жауын жауды бұл өңірге. Он бес шақырым жаяулап, батпақ-су кешіп, көліктерін жолға тастап, әзер жетіп отыр», деп Рақымжан қарияға түсін­діріп жатыр» деп әңгімелейді «Алтын бесіктің» авторы Байтұрсынның өзі. Байтұрсын ағаның зерттеушілік еңбегінен туған бұл кітапты болашақта Ахметті зерттеушілер де, Ахаңды біле түскісі келген оқырмандар да, жастар да аттап кете алмайтыны айқын. Туған жерін, Ахметті піріндей қадірлеген қаламгердің артына қалдырған бір ізі осы болар.

Журналист Байтұрсын аға ұлт зиялы­ларының тағылымдық тарихын ұна­тып, жазатын еді. Солардың бірі халқымыздың алғашқы кәсіби дәрігері, Ыбырай Алтынсаринді емдеген, қасында болған Мұхаметжан Қарабаев туралы жазып қана қойған жоқ, Меңдіғара ауданындағы Введен елді мекенінің сыртында егістікке айдалып кетейін деп тұрған оның бейіті жатқан қорымды да шырылдап жүріп сақтап қалған еді және сол жерде Қайып ханның ұрпақтарынан шыққан алты сұлтанның сүйегі жатыр. Олардың арасында бала Ыбырайды Орынборда ашылған бірінші қырғыз мектебіне оқуға жіберуге себеп болған Ахмет Жантөрин сұлтан да бар.

Байтұрсын Ілиястың шыққан ортасы да, өскен ортасы да мықты болды. Ол қазаққа тау тұлғалар берген жерде туып-өсті. Ыбырай Алтынсариннің өзі ашқан, Торғайдың талай таланттары түлеп ұшқан мектепте білім алды. Ал университетте қазақ әдебиетінің аса көрнекті өкілдері Әбіш Кекілбаевпен, Оразбек Сәрсенбаевпен және Өте­жан Нұрғалиевпен бірге оқыды. Жур­на­листикада жанкешті бейнетқордың бірі болса да, Байтұрсын Ілияс поэзия­ны бөтенсіген емес. Жас кезінде бірнеше поэмалардың да авторы атанды. «Ақын­дық, меніңше, жасқа қарамайды. Өлеңді мектепте оқып жүргенде жаза бастадым. Студент кезімде де көп жаздым. Өлеңдерім «Лениншіл жас» және басқа газеттерде де жарық көріп тұрды. Бірақ кейінірек журналистікке біржола ден қойып, өлеңнен қол үзіңкіреп қалдым» депті бір сұхбатында.

– Бәкең поэзияға ғашық адам еді. Бірақ өлеңді жазғаннан кейін үзбеу керек. Мықты ортаның ықпалы да шығар, көп оқитын, көп білетін білімдар еді. Оның жаны ақын еді ғой. Бірде екеуміз пештің алдында отырдық, ол кісі оттан көзін алмайды. «Серікбай, отқа қарап отырған қандай ғажап, ә?» деді. Мен селк ете қалдым, оның оттан қанша ой тарқатып отырғанын байқамаппын. Кейін мен осы бір сәттен туған ойды ағама арнап, «От алдында» деген өлең жаздым, – дейді ақын Серікбай Оспанұлы.

Байтұрсын Ілиястың ұстаздық еңбегі де бір төбе. Ол А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінде ашылған Журналистика факультетінде болашақ қаламгерлерді тәрбиеледі.Осында «Жас өркен» жастарға арналған әдеби-танымдық журналын шығарды. Ол журналист болғысы келетін студент­тер­дің нағыз лабораториясына айналды. Жастардың жазғанын мұқият оқитын, қамқорлығы өз алдына. Негізі өзгенің шығармасынан жылтыраған тәуір ой, әдемі сөз іздеу қаламгер бойындағы адамгершілікке суарылған қасиет болатын. Байтұрсын Ілиястың алдынан білім алған жастар қазір облыстық, республикалық бұқаралық ақпарат құралдарында қызмет істеп жүр, танымал журналистер болып қалыптасты.

Жақында ғана А.Байтұрсынов атын­дағы Қостанай мемлекеттік уни­вер­си­тетінде «Егеменнің» оқырмандары, зиялы қауым өкілдері, оқытушылар мен студенттер Байтұрсын Ілиястың туғанына 80 жыл толуына орай, еске алу кешін өткізді. Байтұрсынның шығар­ма­шылығы, кісілі мен кішілігі туралы сағынышқа толы әңгіме шертілді.

Байтұрсын Ілияс 2003 жылы қара­ша­ның қара суығында келмес сапарға аттанды. Кемеңгер қаламгер Әбіш Кекілбаев ардақты досы туралы көңіл айтуында: «Көкірегінен көгершін ұшырған арманшыл ақын еді. Ақиқат пен әділет сөзін сөйлеген адал азамат еді. Көкейкестіні айтқан қайратты қаламгер еді. Қаршадай бойына асқар таудай қасиет сыйғызған абзал адам еді. Жер бетінде бізбен бірге өмір сүргеніне, артына сөз, шаңырағына көз қалдырып үлгергеніне шүкіршілік етеміз», деген екен. Бұған ешкімнің қосып-алары бола қоймас.

 

ҚОСТАНАЙ