Халқымыз Елбасының жолдауларын жыл сайын асыға күтеді. Себебі, Елбасы жолдаулары ел дамуының бағыт-бағдарларын, басымдықпен мән берілетін мәселелерін айқындап, алға жаңа міндеттер қояды. Болашаққа жол сілтейді.
Дегенмен, биылғы Жолдаудың орны да, салмағы да ерекше деп есептейміз. Бұл жолы Елбасы өткен онжылдықтың қорытындыларына баға беріп, алдағы онжылдықтың ең өзекті мәселесін қозғады. Былайша айтқанда, ел дамуының жаңа кезеңінің бетін ашып берді. Жолдаудан әрбір сала, өндірістік құрылымдар мен кәсіпорындар өзіне қажеттіні таба алады.
Біздің ғылыми-өндірістік орталықтың алдындағы міндет – кәсіпорынның қызмет құзыреті мен өкілеттігі шеңберінде Жолдауда белгіленген мақсаттарды жүзеге асыру ісіне үлес қосу, ұжымды сапалы, ұтымды еңбекке жұмылдыру, жауапкершілікті артыру. Кәсіпорынның негізгі қызметі еліміздің жер қорларын тиімді пайдаланудың заман мен қолданыстағы экономикалық қатынастарға сай жолдарын қарастыру және енгізу, оны қорғаудың тиімді жүйесін қалыптастыру ісіне қатысты. Аталған маңызды мәселе бойынша еліміздің жер заңдылықтарында, Үкіметтің шешімдерінде қарасты-рылған іс-шараларды өз құзіретіміз аясында жүзеге асыру Жер ресурстары және жерге орналастыру мемлекеттік ғылыми өндірістік орталығына жүктелген.
“Жер ресурстары және жерге орналастыру мемлекеттік ғылыми-өндірістік орталығы” республикалық мемлекеттік кәсіпорны (“МемжерҒӨО” РМК) көп жылдан бері қалыптасқан тәжірибесі бар, жерге орналастыру саласындағы барлық талаптарды орындауға қабілетті ұжым. Облыстарда және республикалық маңызы бар қалаларда (Астана мен Алматы қалалары) 18 еншілес кәсіпорны және еліміздің барлық аудандық (қалалық) орталықтарында 194 жер-кадастрлық бөлімшелері қызмет етеді. Оларда төрт мыңнан аса адам жұмыс істейді. Демек, “МемжерҒӨО” РМК жүйесінің қызмет аясына мемлекетіміздің әкімшілік-аумақтық құрылымына сәйкес республикалық, облыстық, аудандық (қалалық) деңгейлері болып республиканың барлық аумағы кіреді.
Онымен қатар “МемжерҒӨО” РМК Қазақстан Республикасының барлық аумақтарында бірыңғай жүйе мен технология бойынша мемлекеттік жер кадастрын жүргізу және жер туралы ақпарат ресурстарын қалыпқа келтіру, жер мониторингін жүргізу, ғылыми-технологиялық әдістемелерді дайындау жұмыстарымен шұғылданады. Сөйтіп біздің жұмыстарымыздың негізгі өзегі ол – нарыққа негізделген жаңа жер кадастрын жүргізу және оны қалыптастыру болып табылады.
Республикамыздағы реформаға дейінгі жер кадастрының мақсатта-ры мен міндеттері және мазмұны қазіргі жағдаймен салыстырғанда мүлдем бөлек болатын. Демек, мемлекеттік жер кадастрының жүйесі қазіргі сәтте нарықтық экономиканың, соның ішінде жер реформасының өріс алуы мен даму бағыттарына сәйкес жаңаша қалыптасу үстінде.
Еліміздің барлық жер қоры – кадастр нысаны болып табылады. Жерді мемлекеттік басқаруға қажетті барлық деректер, мәліметтер, ақпараттар түгелдей жер кадастрында жинақталды. Соның ішінде жердің табиғи және шаруашылық жағдайы, орналасқан орны, пайдалану мақсаты, көлемі, басқа жер телімдерімен шектес шекарасы, олардың сапалық мінездемесі, жер пайдалану есебі және жер телімдерінің бағалануы, басқа да қажетті мәліметтері көрсетіледі.
Біздің негізгі жұмысымыз еліміздің басты байлығы деп саналатын жер ресурстарын тиімді пайдалану мен қорғауға байланысты болғандықтан, жер-анамыздың мемлекеттің экономикалық, саяси-әлеуметтік дамуына тигізетін әсері мен алатын орны туралы тоқтала кеткім келіп отыр.
Елбасы алғашқы кезеңдерде жер реформасын жүзеге асыру барысында оның қоғам дамуына қатысты рөлін бағалай келе “Жер табиғи байлықтармен және жылжымайтын мүлікпен қатар экономиканы көтеріп тұрған киттердің бірі болып табылады” деп атап көрсеткен болатын. Тәуелсіздік алған жылдан бері Мемлекет бас-шысының елімізді гүлдендірудегі мақсатына, осыған сәйкес Үкіметтің алдына қойған стратегиялық жоспарларына сай жүргізіліп келе жатқан жер реформасы қазіргі күні өзінің шешуші сәтіне аяқ басты. Елімізді жер қатынастарын жаңа заман талаптары негізінде айқындап, тұрақтандыруға бағытталған, жер байлығымызды ел байлығына айналдырудың маңызды мәселелерін шешуге бағытталған жер заңнамасы қалыптасты.
Міне, осы тұста біз жердің өзіне тән ерекшелігін, маңызы мен мәртебесін есте ұстауымыз қажет. Жер – өндіріс құралы. Адамдар жерді пайдаланып жұмыс істейді. Оның үстіне ол – өндіргіш күш. Себебі, жерге бидай тұқымын ексең, ол күзде бірнеше есе көбейіп шығады. Енді осылардың сыртында жер – табиғи фактор. Бүкіл жаны бар тіршілік оның аясында дамиды. Одан қуат алады.
Осындай үлкен ерекшеліктеріне байланысты адамдардың жермен қарым-қатынасы бірнеше заңдылықтар бойынша реттеледі. Жерді сақтау, қорғау мәселелерін, жерді өндірістік тұрғыдан игеру, оның күтіміне мән беру, басқа да ерекшеліктерін ескеру мәселесін көбінесе Жер кодексі қозғайды. Бұл жұмыс Жер ресурстарын басқару агенттігі құзырында, мемлекеттік стратегияға сай оның міндеттерін анықтап орындалуын қамтамасыз етеді. Ал бұл міндеттер мен іс-шаралардың орындалуын жер заңнамаларының шеңберінде және белгіленген құзыреті шеңберінде біздің ғылыми-өндірістік орталық қамтамасыз етеді.
Өмірдің серпінді дамуында ауыл шаруашылығының үлесі мол, еншісі қомақты. Ал жер ресурстары осы саланың өндіріс құралы. Халқымыздың 46 пайыздан астамы ауылдық жерлерде тұрады. Олар жер байлығын пайдаланып ауыл-шаруашылық өндірісінің дамуына, халқымыздың ұлттық қадір-қасиетінің сақталуына үлес қосып отыр. Елбасымыз ұстанған сара саясаттың арқасында ауылдық жердің ажары кіріп, шаруа адамның тұрмысы түзеле бастағаны да шындық. Елбасы айтқандай, қай салада да әркім елдікті түсініп өмір сүрсе, ертеңіміз бұдан да жарқын болатынына сенім мол. Жолдаудағы жоба-жоспарлар, ой-түйіндер түсінген адамға осыны аңғартады.
Алайда, ауыл шаруашылығындағы еңбек өнімділігі төмен жағдайда қалып келеді. Соңғы жылдардағы ауылшаруашылық өңімдерінің жетістіктеріне тоқтала келе, Елбасы өз сөзінде 2014 жылға қарай агроөнеркәсіптік кешенде өнімділікті кем дегенде екі есе арттыру біздің басты міндеттеріміздің бірі екенін айтты. Ол міндетті жүзеге асыру ауыл тұрғындарының тұрмысы мен өмір сүру жағдайын жақсартудың негізгі кілті.
Сөз жоқ, ауыл шаруашылығы дамыса ауылдарымыздың да көркейе түсетіні анық. Демек, Мемлекет басшысының ауыл шаруашылығын жеделдеп дамыту жөніндегі алға қойып отырған міндеті қазіргі заман талабына сай еліміздің көкейкесті мақсат-мұратын қозғайтын дұрыс жол. Міне, осы іске үлес қосуда Жер ресурстарын басқару агенттігі құрамындағы біздің кәсіпорынға үлкен міндеттер жүктеледі.
Бұл бағдарламаны іске асырудың негіздері егістік жерлердің өнімдерін жоғарылату, ауыл шаруашылығы тауарларының сапасын арттыру, жаңа құрал-жабдықтар мен жаңа технологияларды енгізу, әлемдік тәжірибені пайдалану. Бүгінгі таңда егістік жердің өнімділігін көтеру үшін топырақтың құнарлылығын арттыру, экологиялық жағдайды жақсарту өте маңызды. Міне, сондықтан, болашаққа серпін беретін Жолдауда көтерілген аса маңызды мәселелердің бірі ол жер ресурстарын, оның ішінде ауылшаруашылық мақсатындағы жерлерді ұтымды әрі нысаналы пайдалану, оны бақылау және қорғау, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелерін өткен жылы Елбасы Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында қарап, осы бағытта Үкімет пен Жер ресурстарын басқару агенттігіне бірқатар міндеттер жүктеген болатын. Негізгі проблема – ол жер ресурс-тарының әлеуетін тиімді пайдалану және қорғау. Ел басшысы қойған стратегиялық тапсырмаға байланысты агенттік қабылдаған шаралар мен қабылданған іс-жоспарды орындауға өзіне жүктелген өкілеттікке сәйкес біздің ғылыми-өндірістік орталық та жұмылдырылған.
Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерді ұтымды пайдаланудың негізгі жолдары мен іс-шараларының басты бағыттары мыналар:
– өңірлік бағдарламаны әзірлеу;
– жерге орналастырудың бас сызбасын әзірлеу және оның тұжырымдамасын орындау;
– жерге орналастырудың ішкі шаруашылық жобаларын жасау;
– ауылшаруашылық жерлерін инвестиция тартудың сенімді көзіне айналдыру.
–бұл проблеманы шешу жолдары – ол сұраныс тудыратын инвестициялық жобалар нұсқасын жасап облыстық, аудандық әкімдерге және ірі агроөнеркәсіптік кешендеріне ұсыну;
– мемлекеттік жер кадастры мен жер мониторингтерінің мәліметтерін толықтыру жұмысы, жер кадастрының және оның ақпараттық жүйесінің келесі екінші деңгейін қалыптастыру.
Ауыл шаруашылығы жерлерін тиімді пайдалану мақсатындағы аталған іс-шараларды орындау жауапкершілігі жеңіл емес екендігін жақсы түсінеміз. Кәсіпорынға қойылатын міндет, талап өте жоғары екендігін сезіне отырып жұмыс істеудеміз.
Елбасы Жолдауында айтылғандай, алдағы онжылдықта еліміздің алдындағы асқаралы міндет – экономиканы индустриялық-инновациялық бағытта жедел дамыту болып табылады. Ол үшін жаңа технологияларды жедел меңгеру, кәсіпорындардың ғылыми-техникалық бағытын жетілдіру қажеттігі пайда болуда. Бұл мәселе, жалпы үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасында айтылған өндірісті жаңаша технологияландыру мәселелері біздің ұжымның барлық жұмыс саласына қатысты болып отыр. Сондықтан біз осы бағытта көптеген жұмыстарды жүргізуді көздеп отырмыз және ондай жұмыстар жүріп те жатыр.
Мәселен, қазіргі күні біздің ұжымда мемлекеттік жер кадастрының автоматтандырылған ақпараттық жүйесін жасау және жетілдіру жұмыстары белсенді сипат алуда. Бұл жұмыстар инновациялық технологиялар қолдану арқылы іске асырылуда. Атап айтқанда, жер телімдерін ғарыштағы спутниктер арқылы межелеу, спутниктерден жердің сапасы туралы алынатын мәлімет-ақпараттарды пайдалану, географиялық ақпарат жүйесінің (ГАЖ) технологиясын пайдалануды кеңейту, интернетті сызу технологиясын пайдалану секілді көптеген технологиялық іс-шаралар орындалуда. Міне, осы жұмыстарды орындау арқылы біз ғылыми-өндірістік орталыққа қарасты кәсіпорындарда инновациялық технологияны игеріп, қолданылып келген құрал-жабдықтарды жаңартып, жұмыстың жалпы тәсілдерін технологияландырып қана қоймай, сонымен қатар ұжымның бәсекелестік қабілетін де анағұрлым арттыра түсетін боламыз. Өндірісті осылай жолға қойғанда ғана дамыған мемлекеттер қатарына жақындаудың жолы ашылатындығы анық.
Жоғарыда айтылған деңгейге жету үшін кадр мәселесіне де мән бермекпіз. Біздің мақсат – өз саламызда сұраныс тудыратын инновациялық технологияларды меңгере алатын жаңалыққа бейім, озық ойлы, кәсіби біліктілігі жоғары мамандарды іріктеу және әзірлеп жұмысқа қосу. Осы бағытта да жұмыстар жүргізілуде.
Елбасы айтқандай, біздің ең басты құндылығымыз – Тәуелсіз Қазақстан мемлекеті. Тәуелсіздігімізді баянды ету үшін әрбір маман, әрбір азамат заман ағымына сай, өз елінің патриоты, бәсекелестікке қабілетті болуы қажет. Осы сөздердің мағынасына жете түсінген әрбір қазақстандық қоғамдағы өз орнын, жауапкершілігін сезіне отырып, халық пен мемлекет мүддесі үшін аянбай еңбек етуі тиіс деп білемін.
Бағжан САБАНШИЕВ, “Жер ресурстары және жерге орналастыру мемлекеттік ғылыми-өндірістік орталығы” РМК директоры.