Көрнекті жазушы Саттар Ерубаевтың «Кешегі езілген жарлы – бүгін ауқатты, мәдениетті колхозшы» деп жазғаны болушы еді. Қазір бұл біртүрлі естіліп, езуге күлкі үйіруі мүмкін. Ал шынында, өмір заңдылығы көп өзгере қойған жоқ: кеше аз қамтылған отбасының ізінше ауқаттылар қатарына қосылуы немесе кейбір отбасы «қоғамның осал тобының» қатарын көбейтуі ғажап емес.
Кез келген жағдайда азаматтар күйзелісте жалғыз қалмайтынын, мемлекет қолұшын созатынын сезінуі тиіс. Бұдан мемлекеттің әлеуметтік қолдауына шын мәнінде мұқтаж жандар тізімінің өзектілігі мәселесі туындайды. Осы орайда Парламент Мәжілісінің Әлеуметтік-мәдени даму комитеті Гүлшара Әбдіқалықованың төрағалығымен Қызылорда қаласында көшпелі отырыс ұйымдастырды. Елбасы Н.Назарбаевтың 2018 жылғы 5 қазандағы Жолдауын іске асыру аясында өткен жиында республика бойынша «Отбасының әлеуметтік картасын» енгізу мәселесі жан-жақты қаралды. Сондай-ақ әлеуметтік қызметтерді және көмекті көрсетудің интеграцияланған моделін дамыту мәселелерін шешу жолдары пысықталды. Отырыс қорытындысында елдегі мұқтаж адамдарға әлеуметтік көмек көрсету тетіктерін жетілдіру бойынша Үкіметке ұсынымдар түзілді.
Айта кету керек, бұған дейін елімізде әрбір қазақстандықтың жағдайы жеке қарастырылатын. Енді жеке адамдардың емес, отбасының ахуалын тұтас бағамдауға жол ашатын «Отбасының әлеуметтік картасы» жобасы өңірлерде жүзеге асырылуда.
Бұл жобаның өзектілігі сол, ол елдегі әрбір отбасының қазіргі шынайы мәртебесін дәл анықтауға мүмкіндік береді. Бұл үшін мемлекеттік органдардың барлық ақпараттық жүйелеріндегі автоматтандырылған жедел деректер талданады. Оның нәтижелерін өмірлік қиын жағдайларға тап болғандарға әлеуметтік көмек көрсететін, отбасы мүшелерін жұмыспен қамтитын органдар мен мемлекеттік ұйымдар пайдаланады.
Негізі, азаматтардың аз қамтылған санаттарын әлеуметтік қолдау тек бүгінде ғана күн тәртібінде тұратын мәселе емес, ол әрдайым, барлық заманда өзекті болмақ. Қазақстанда табыс деңгейі ең төменгі күнкөріс шегінен де төмен азаматтар жетерлік.
Бүкіл республика бойынша дәулетті отбасылар үлесі 10,2 пайызды ғана құрайды. Аз қамтылған халық саны керісінше, өсуде. Кейбір деректер бойынша тұрмыс деңгейі төмен 2 миллион 738,5 мың отбасы бар. Бұл Қазақстандағы барлық отбасы санының 38 пайызына тең.
Сонымен бірге елімізде әлеуметтік қамсыздандыру жүйесі тұрақты дамып келе жатқанын атап өткен жөн. Осы саладағы маңызды заңнамалық актілердің бірі «Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек туралы» Заң қабылданды. Осы арқылы ұлттық заңнамада алғаш рет қиын жағдайға душар болғанда мемлекеттік көмек алуға құқығы бар азаматтар санаты анықталды.
Бірақ бұл жүйенің кейбір тетіктері әлі де жетілмеген. Салдарынан, бұл сыбайлас жемқорлық және әлеуметтік масылдық көріністерінің пайда болуына әкеліп соқтырады. Көптеген адамдар жұмыс істеуге қабілетті бола тұра, оның орнына әртүрлі айла-шарғымен осындай көмек ресімдеуге құлшынуда.
«Отбасының әлеуметтік картасын» құру аясында технологиялық тұғырнамаларының әртүрлі болуына байланысты Ішкі істер министрлігі мен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің деректер базасын біріктіруде проблемалар туындауда. Үкімет бұл түйткілдің түйіні таяу арада тарқайтынына сендіреді.
Сонымен қатар бұл мәселеге кеңірек тұрғыда қарау керек. Әңгімені тек жәрдемақыға тірей беруге де болмайды. Халықты уақытша емес, тұрақты, заманауи әрі сапалы жұмыспен қамту қажет. Ол үшін сапалы кадрлар даярлаудың кемел әрі біртұтас жүйесі қалыптасуы шарт.
Әлеуметтік қызметкерлерді даярлауда да мәселе жетерлік. Денсаулық сақтау жүйесінде – 3 850 әлеуметтік қызметкер, білім беру саласында – 4 815 әлеуметтік педагог, ІІМ-де – кәмелетке толмағандар ісі бойынша 2 мыңнан аса инспектор бар. Үкіметтік емес ұйымдардың да арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетудегі үлесі мардымсыз: жалпы қызмет көрсету көлемінің бар-жоғы 4,5 пайызын құрайды. Халықтың билік қызметіне қанағаттануын қамтамасыз ете алар бұл салада дағдару белгілері байқалады. Айталық, жоғары оқу орындарында әлеуметтік жұмыс бойынша мамандар даярлауға бөлінген мемлекеттік білім беру тапсырысының көлемі келесідей болды:
2016 жылы – 60 грант;
2017 жылы – 122 грант;
2018 жылы – 300 грант;
2019 жылы – 0 грант.
Өмірлік қиын жағдайларда жүрген қазақстандықтарға әлеуметтік көмек көрсетудің сапасын арттыру мақсатында әлеуметтік қызметкерлердің біліктігін тұрақты түрде арттырып отыруды ұйымдастыру қажет. Ал әлеуметтік қызметкерлерді даярлайтын, қайта даярлайтын және олардың біліктілігін арттырумен айналысатын ұйымдар үшін біліктілік талаптары мен критерийлер бекітілуі шарт.
Әлеуметтік қызметкерлерге сондай жүк артқаннан кейін олардың еңбекақылары да жоғары болғаны дұрыс. Әйтпесе, ол жұмысқа кім барады? Барғанның өзінде жұмыс сапасы қандай болады? Демек жауапты мемлекеттік органдар салада қордаланған мәселелерді әр қырынан зерделеп, жан-жақты шешуге талпынғаны маңызды.
Қалай болғанда да, Қазақстанда бар болғаны 18 миллионнан астам халық қана тұрады. Бұл ірі мемлекеттердегі бір мегаполистің шамасындай ғана. Оларда халықты әлеуметтік қорғау ісін жергілікті мэрияның әлеуметтік басқармасы тындырып отыр. Ендеше біздің жауапты органдар дамыған елдердің осы бағыттағы тәжірибесін тереңірек зерттегені абзал.
Бақытбек СМАҒҰЛ,
Мәжіліс депутаты, Nur Otan фракциясының мүшесі