БҰҰ мәліметі бойынша, бүгінде әлемнің кейбір елдерінде топырақтың құнарсыздануы мен тұздануы 50 пайызға жеткен. Қазақстанда топырақтың тозуына байланысты сала мамандары үнемі дабыл қағып, жер қабатын сауықтыру мәселесін жиі көтеріп келеді.
Соңғы деректер бойынша, еліміздің кейбір облыстарының территориясының 30-40 пайызы құнарсыз. Жер ананы сауықтыруға байланысты арнайы заң қабылдау керек деген мамандар алдағы он шақты жылда бұл көрсеткіштердің ұлғайып кету қаупі бар екендігін айтады.
Ө.Оспанов атындағы Қазақ топырақтану және агрохимия ғылыми-зерттеу институтында осы тақырыпта өткен конференцияға оннан астам ғылыми-зерттеу институтының ғалымдары қатысып, сортаң жерлерді сауықтыру мәселесін талқылады. Ауыл шаруашылығы ғылымының докторы Абдолла Сапарұлы экономикалық көрсеткіштерді негізге ала отырып, жердің тұздану салдарына тоқталды. Мамандар сортаң қабаттарды жою үшін топырақтың құнарын сақтау туралы заң қажет дейді. Осындай заң Еуропа елдерінің бәрінде бар. Кедендік одаққа кіретін Ресей мен Беларусьте де жерді қорғайтын заңдар қабылданған. Аталған елдер ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруде бізден оқ бойы озып келеді.
Конференцияда сөз алған ауыл шаруашылығы ғылымының докторы С.Асылсейітұлы шаруалардың қолындағы техникалардың жылдан-жылға тозып бара жатқаны шаруашылықтың дамуына кедергі келтіретінін атап өтті. Бүгінде заманауи технологияларды енгізу, саланы цифрландыру уақыт талабы. Ал тозған техникасының бетіне қарап отырған шаруаның жағдайы тұрақты емес, көлігі істен шықса табысы да азаяды. Бұл бағытта аймақтағы әкімдіктер арнайы мониторинг жүргізіп, шаруалардың ұжым болып еңбек етуіне қолдау көрсеткені абзал. Шаруаларға техникаларды лизингпен алу барысында да пайыз жеңілдіктерін жасау біраз жылдан бері күн тәртібінен түспей келеді.
Осы орайда дақылдармен қатар жеміс-жидек, көкөніс алаңдарындағы топырақ құнарын сақтауда білікті мамандар тәжірибесі қажеттігін қозғаған ғалымдар өнімділікті арттыруды мақсат ететін шаруашылықтар алдағы жылдарда топырақты сауықтыру мәселесіне сергек қарау тиістігін айтады. Құнары мол топырақ – саламатты денсаулықтың кепілі. Сонымен қатар топырақтың құнарын арттыруда ауыспалы егістердің маңызы бар. Өңделген егістік жерлерге көпжылдық шөп өсіру мен аралық дақылдарды жасыл тыңайтқыш ретінде пайдалану, тағы басқа кешенді баптау жұмыстары органикалық құрамды қалпына келтіруге мүмкіндік береді. Жер жамылғысын сортаңнан арылту мәселесін қозғаған Б.Жексенбин, Б.Әміров, басқа да мамандар топырақты заңмен қорғау көптеген түйткілді мәселенің шешілуіне ықпал етеді деп атап өтті.
АЛМАТЫ