Қалалар арасындағы әріптестік және бауырластық қарым-қатынастың қалыптасқанына 25 жыл толғанына орай Алматыда Мәскеудің мәдени күндері болып өтті. Мәдени күндердің ең маңызды оқиғасы – Мәскеу Үкіметінің экономикалық конференциясы болды. Мұнда Алматы қаласы әкімдігі мен Мәскеу Үкіметінің арасындағы байланыс туралы 2020-2023 жылдарға арналған меморандумға қол қойылды.
Мәдени күндердің аясы кең әрі бағдарламалары тығыз болды. Алматыға келген мәскеулік ұжымдардың концерті мен спектакльдерін тамашалағысы келген көрермен өнер ордаларына ағылып жатты. Жастар құрамалары арасында бокс турнирі өтті, қала орталығында қос мегаполистің достығына арналған арт-нысандар ашылды, ал Абай атындағы опера және балет театрында Мәскеу мен Алматы қарым-қатынасының қалыптасу тарихын көрсеткен ауқымды фотокөрме ұйымдастырылды.
Мәдени күндердің ресми бөлімі 28-гвардиялық панфиловшылар саябағындағы Даңқ мемориалына салтанатты түрде гүл қою рәсімімен басталды. Делегацияны Мәскеу Үкіметінің министрі, сыртқы экономика және халықаралық байланыстар департаментінің жетекшісі Сергей Черемин бастап келді. Бұдан кейін Мәскеу мен Алматының экономикалық, инвестициялық, іскерлік байланыс мәселелері бойынша пленарлық сессия отырысы басталды. Сергей Череминнің айтуынша, Мәскеу – әлемдегі ең қарқынды дамып келе жатқан мегаполистердің бірі. Реновацияның ауқымды жобалары, өнеркәсіптің тұралап қалған нысандарын қалпына келтіру, IT саласындағы көлік-инфрақұрылым жобалары мен инновациялар, тұрғындарға мемлекеттік қызмет көрсету саласындағы алдыңғы қатарлы бастамалар мен білім берудегі инновациялар қаланың сәтті жүзеге асырылған жобаларының бір бөлігі ғана болып саналады.
Мемлекеттік қызмет көрсету, білім, денсаулық сақтау, көлікті, жалпы шаһарды басқарудың мәскеулік тиімді әдісі халықаралық тұрғыдан да мойындалған – 2019 жылы Мәскеу Шығыс Еуропаның Foreign Direct Investment Intelligence (FDI) сауалдамасы бойынша «Болашақтың қаласы» рейтингінде көш бастады. Экономикалық конференцияға қатысушыларға қаланың даму стратегиясын, оны жүзеге асырудың мысалдарын, Мәскеу мен Алматының арасындағы экономикалық, инвестициялық орта қалыптастырудың әлеуеті, қала салудың саясаты, ақылды қала құрудың жолдары мен мәдениетке байланысты қала билігінің соңғы бастамалары ұсынылды.
Мәскеу де, Алматы да қала инфрақұрылымын басқарудың заманауи тәсілдерін меңгеруді қолға алған. Мәскеуде бұл көлік, энергетика, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, коммуникация, әлеуметтік салалардағы бір-бірімен байланысты ауқымды бастамаларды біріктірсе, ал Алматыда «Адамдарға арналған қала» тұжырымында көрініс табады. Екі мегаполис те қалалық шаруашылықты жаңғыртуда мол тәжірибе жинақтаған, енді бұдан да зор тиімділікке қол жеткізу үшін өз үлгілерін бір-бірімен бөлісуге әзір. Сондықтан бұл сессияда урбанистика мәселесінің мамандары ғана емес, қалалық даму стратегиясын жүзеге асыруға тікелей қатысы бар компаниялардың жетекшілері де өз білгендерін ортаға салды.
Мәскеу мен Алматы 1994 жылдың қазанында қабылданған «Бауырластық келісімі» аясында достық пен байланыстың дәстүрін жалғастырып келеді. Бірақ кез келген келісім мен хаттамасыз-ақ бұл қалалар тұрғындарының қарым-қатынасы бұрыннан кең әрі тығыз байланысқан. Мәскеу мен Алматының білім, мәдениет және жастар саясаты салаларының даму келешегі туралы әңгіме тағы бір сессияның – «Алматы – Мәскеу: достыққа 25 жыл» атты ауқымды жиынның тақырыбына айналды. Қос қаланың арасындағы айшықты және маңызды сәттері осы аттас фотокөрмеден де көрініс тапты. Көрме экспозициясына Мәскеудің Бас архив басқармасының тарихи құжаттары мен суреттері пайдаланылған.
2019 жылдың маңызды оқиғаларының бірі Мәскеудегі халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінде орналасқан «Қазақстан» павильонының күрделі жөндеуден өтіп, қайта пайдалануға берілгені болды. ТМД елдерімен жұмыс және «ХШЖК» АҚ сыртқы байланыс бойынша басқарма бастығы Ирина Яременконың айтуынша, күрделі жөндеуден кейін Қазақстанның павильоны көрменің жауһарына айналып шыға келген. Архитекторлар бірегей ғимараттың 1960 жылдары минимализм мен индустриализация кезеңінде өзгертілген тарихи тұрпатын қайта қалпына келтірді. Павильон бұрынғы әйнектен жасалған күмбезімен, қабырғаларында жаңартылған барельефінің әсемдігімен, шығыстық өрнектерінің сұлулығымен көз тартады.
Қазақстан экономикасы мен мәдениетінің қалыптасуы мен гүлденуі кезеңінің символы болған атақты агроном Шығанақ Берсиев пен әйгілі ақын Жамбыл Жабаевтың мүсіндері өз орнына қайта оралды. Павильон қайта қалпына келтірілгеннен кейін бұрынғы тартымдылығы мен ертегідегідей сиқырын тауып қана қойған жоқ, сонымен бірге оның қабырғасында биік деңгейдегі мәдени және іскерлік шараларды өткізуге мүмкіндік беретін заманауи интерактивті технологиямен толықтырыла түсті.
«Өзінің 80 жылдығында ХШЖК заманауи ландшафтты алаңға және жоғары технологияларды таңдаған даму жолына түсті. Мұнда тек жетістіктердің көрмесі ғана шоғырланбаған, сондай-ақ ұлттық экономикалық форумдар мен конференциялар өткізілетін, келіссөздер жүргізілетін және мәмілелерге қол қойылатын маңызды алаңға айналды», деп түйіндеді сөзін Ирина Яременко.
Мәдени күндердің ең жарқын сәті деп «SOPRANO Турецкого» атты әйелдерден құралған ән тобының өнер көрсеткенін атап өтуге болады. Бұл әнші әйелдерден құралған өнер ұжымы – Мәскеу мәдениетінің мақтанышы, Ресейдің ұлттық спорттық және қоғамдық шараларының бет-бейнесі. Әйел даусының бірегей үйлесімі әрі әралуандылығы жағынан әлемде оған теңесер ән ұжымы некен-саяқ. Ресейдің халық әртісі Михаил Турецкий сопраноның барлық диапазонын «SOPRANO Турецкого» атты бір арт-топқа жинаған. Мұнда ең биік колоратурадан бастап ең төменгі драмалық дауысқа дейін топтасып, кез келген күрделі музыкалық шығарманы орындауға машықтанған. Абай атындағы опера және балет театрында өткен концертте де шексіз диапазоны шыңдалған мәскеулік опера дауыстары шеберліктерімен алматылық көрерменді тәнті етті.
Сондай-ақ Мәскеудің Қуыршақ театры әкеліп қойған әлемге әйгілі «Царевна-лягушка» спектаклін де алматылық көрермен зор ықыласпен тамашалады. Сахна шеберлігін меңгерген актерлермен бірге шыққан үлкен қуыршақтардың өнеріне кішкентай көрермендер аямай қол соқты. «Балалар кітабы театры» аталған Мәскеу Қуыршақ театры 1934 жылы бірінші рет Виктор Швембергтің «Кірпі және әтеш» спектаклін Қазақстан көрерменімен таныстырғаны бүгінде тарихқа айналып отыр. «Біз Алматыға қайта оралғанымызға қуаныштымыз. Мәскеуліктер сүйіспеншілікпен тамашалайтын бақа туралы ертегімізді Алматы көрермені де өте жылы қабылдады. Ресей мен Қазақстан барлық бағыттар бойынша тығыз байланыста жұмыс істеп келеді, мәдени салада да ортақ байланысымыз нығая беруі қажет», дейді театр директоры Людмила Редько.
Алматы мен Мәскеу арасындағы достыққа қағаз жүзінде ғана 25 жыл толып отырғанымен, тамырының тереңнен тартатынын, тарихының біте қайнасқанын мәдени күндердің осындай айшықты сәттері дәлелдей түсті.
АЛМАТЫ