Әбіш Кекілбаев әдебиетке келген сол бір алпысыншы жылдар әлі есте. Ол бір ерекше жылдар еді. Жаңа заманның жылымығы есіп, сталиндік сең сықырлап еркіндік шуағынан жер құрсағы жіби бастаған. Сол-ақ екен әдебиет майданында жас өскін көк дүрк көтерілді. Соның алдында ғана «Абай жолы» әлемге қазақ рухын паш етіп төрткүл дүниені шарлап кеткен. Бұл эстафетаны «Қан мен тер» іліп әкетті. Оған іле-шала өмірге «Қаһар» келді. Сөйтіп күллі қазақ кітапқа қарқ болды. Бірақ оқыған үстіне оқығысы келді. Өз тарихынан ажыратылған қазақ, талай заман теңдік емес, кемдік көрген қазақ бұ жылдарда жапатармағай өз тегін, өз тамырын тануға ұмтылған. Күні кеше төбесінде ұлтсыздық әңгіртаяғы ойнап өз өткенінен ажырай бастаған ұлттың осы жылдары өз өткеніне деген шөліркеуі, сусауы алабөтен еді. Ұлттық құндылықтар кәусарын аңсауы алабөтен еді. Сол шөлбасар кәусар алпысыншы жылдары атқылады. Ол кәусардың көзін ашқан жаужүрек жазушылар болды. Қаламгерлер қазақ үшін күресті бастады. Дәл осы жылдарда, 1965, 1966, 1967 жылдарда әлі отызға толмаған уыз жас Әбіш «Ханша дария хикаясын», «Күй», «Шыңырауын» жазды. Таласа-тармаса оқыдық. Шыңыраудан сыр шерткен жас талант тамам жұртты тамсантты. Қазақ қара сөзі аспанында өзгеше бір үн күндей күркіреді. Бұл Кекілбаев үні еді.
Ол жылдары біз студент едік. «Ханша дария хикаясынан» алған әсерімізді айтып жеткізу қиын. Шыңырау тұлға Шыңғыспен тұңғыш рет өз тілімізде таныстық. Алпыс екі айлалы, залымдығы жыландай, тағылығы құландай бұ Шыңғыстың болмысы бұрынғы Шыңғыстардан бөлек болды. Бұл қулығына құрық тұрмақ, сырық бойламайтын зымиян билеуші еді. Оны алдымызға жайып салған жасы әлі 27-ге толмаған жас жазушы Әбіш. Бізді осы таңғалдырды. Қалай таңғалмассың! Ұлы билеушінің мына төмендегідей сұмырай сырлары жас Әбіш қаламынан тамып жатса! Ал, тыңдап көрелік!
«Ағын суға әйтеуір аққан мұрат болса, өмір шіркінге де, әйтеуір, өткен мұрат. Адам пақыр да ағын суда жан-жағынан ықтырмалап, тықсыра қуған толқынның жойқын пәрменімен жаны кіріп , делебесі қозып, делбеңдей беретін қу жаңқа тәрізді ғой: о да басын тасқа ұрып, суға ұрып жөңки беретін көп нөпірдің ішіне бір түскен соң, алды-артына қарап жарымайды. Ол пақыр да мынау желкелеп қуған нөпір тірліктің баянсыздығын, өз қарекетінің пәтуасыздығын анау жағаға шығып қалған қой тастай сазға отырған күні бір-ақ біледі».
«Ол талайларды тамсантумен келеді.Әуелі өзімен қырғи-қабақ болған ағайындарын алдап таңырқатты, олардың ауыздарын алып алған соң, дереу бастарын жалмап таңырқатты. Сосын біреуді орынсыз мадақтап, біреуді жазықсыз жазалап таңырқатты. Ол үшін істегенін жұрттың мақұлдаған-мақұлдамағаны бәрібір, әйтеуір, таңырқаса, таңданса болды. Қайта оған сол жұрттың құптағанынан гөрі, ұқпағаны керегірек».
«Ханша дарияда» Әбіш ұсынған ұлы билеушінің шиырман жан жықпылы осындай. Осылайша жас қалам бірінен-бірі өткен кексе ойларды кесек-кесегімен тастап жатыр. Қалай таңғалмассың! Сөйтіп әдебиет көгінде жаңа жұлдыз жанды. Соны көріп тамсандық. Бірақ жұмған аузымызды ашпадық. Жаңа жұлдызды шашылып мадақтамадық. Өйткені ол кезде біз өзіміз біреу білсе, біреу білмейтін көп шикінің бірі едік. Бірақ қолымызда қалам болған. Әлгіндей ағыл-тегіл әсерімізді айтып неге сол кезде ақтарылмадық?! Апыр-ай неткен қатыгез едік! Іштей мойындап, сырттай сірестік. Сақи сөзге сараң болдық. Сырттай сірескенмен, бұл кемеңгерге іштей бірақ бас идік. Студенттік күндерден кейін бес-алты ай Алтайда жұмыс істеп, 1971 жыл басында Алматыға оралдық. Казкинокомитет дейтін мекеменің бас редакторы Қалтай аға Мұхамеджанов бізді өз қоластына редактор етіп алды. Сөйтсем, Әбіш аға осы мекемеге қарасты «Қазақфильмнің» бас редакторы екен. Жұмыс барысында танысып кеттік. Көп ұзамай Әбіш ағаны біз «Алматы» ресторанында өтетін үйлену тойымызға шақырдық. Осы той тізгінін қолға алуын өтіндік. Әбіш аға келісті. Дастарқан басында жазушылардан Зейнолла Қабдолов, Қалтай Мұхамеджанов, Асқар Сүлейменов, Қалихан Ысқақов, Алтыншаш Жағанова, Мағзом Сүндетов, Сатыбалды Нарымбетов, Нұрлан Оразалин, Сағат Әшімбаев, Шәрбану Бейсеновалар болды. Әбіш аға талантына бұрыннан тәнті біз, осы той үстінде оның екінші бір даңғайыр қырын аштық. Судай төгілген шешендігіне куә болдық. Сөз тізгінін қолға алуы мұң, әншейінгі Әбіш мүлдем басқа Әбішке айналып кетеді екен. Көмекейі көсіліп сала береді екен. Сахараның шипа самалындай таңдайынан суырылып сөз шипа өнеді екен. Бейнебір Бейіс нұры ескендей. Басқа тірліктің бәрін ұмыттық. Еңселі залға сыймай мерекелеп сөз тұрды. Сөз салтанат құрды. Жамиғат соған таң, Әбіштің аузына қарап қалған қаңтарылып. Көк қақпасы ашылып, райыс нұры құйылғандай. Содан жан жадырап сәулеленіп бір мол қазынаға қарық болғандай. Төбеден жауһар жауғандай. Құлақ біткеннің құрышы қанып, көңіл біткен қазынаға кенелген. Бұл қазына – жиналған жамиғат бұрын байқамай жүрген байлық. Сөз байлығы. Байлықтың көкесі сол екен. Соны қалай ұмытқанбыз?! Шешен соны еске салып тұр. Сөйлеп тұр. Сөйлеген сайын қазақ тілінің айдарынан жел есіп, мейманасы тасып барады. Киелі сөз иесін тапқандай. Әбіш сөйлеген сайын қазақ сөзі құдіреттеніп, айдындап барады. Апыр-ай деп біз отырмыз. Апыр-ай, ана тіліміздің алар асуы биік екен ғой. Тереңдігі теңіз екен ғой. Баға жетпес қазынамызды бағаламай жүр екенбіз ғой!
Сол күндерден бастап бір сұраққа жауап іздедік. «Ертеден шапса кешке озған, ылдидан шапса төсте озған» бұл сұңғыла сөз өнері Әбішке қайдан қонған деп. Мұның төркіні қайдан деп. «Тәңір берген талант қой!» деген жауап тіл ұшына шауып келе береді. Рас, алдымен Тәңір берген талант керек. Оған дау жоқ. Бірақ сол таланттың өзі құнарлы топыраққа түспесе не болар еді? Жапырақ жаяр ма еді? Мысалы, Әбіш ауылда туылмай, қазақ тілі қайраңдаған қалада туылса нетер еді? Олжас ағамыздай орысшалап кетер еді, мүмкін. Абырой болғанда Әбіш ана тіліміз айрандай ұйыған ауылда туылыпты. Шыр етіп дүниеге келгеннен туған тілінің әлдиіне бөленіп, уызына жарыпты. Ес біліп, етек жинағаннан балалық шағы қырқыншы жылдарға дөп келіпті. Соның алдында ғана «қызыл қырғыннан» өткен қазақтың қатары сиресе де, әлі қазақылығы сұйылмаған еді. Қиыр жайлап, шет қонған даңқты көшпелілердің бұ жылдары өздері де, сөздері де тірі еді. Сызылып келіп келін құйған шай үстінде отырып олар – шежіре қарттар шешіліп сыр шертетін. Кешегі көшпелілер, ат жалы, атан қомында өткен сол бір аңызға бергісіз дүбірлі дәуірін жыр ететін. «Пах, шіркін!» деп сары дала төсін сайғақтай сайрандаған заманын әспеттеп әңгімені көсілтетін. Ауыл қарттарының сол аңызға бергісіз әңгімелерін қалқан құлақ қара бала Әбіш қалт жібермей тыңдап отыратын. Сөйтіп көзін тырнап ашқаннан бала Әбіш қаймағы бұзылмаған қазақ тілінің уызына жарыды. Дария кеуде, тау мүсін дала абыздарын тыңдады. Тіл тұнығынан жүзіп ішті. «Өнер алды – қызыл тіл» деп сөз қадірін білген халықтың қазыналы мектебінен өтті. Майқы билерден тіні үзілмей келе жатқан шешендік өнер мектебінен өтті. Өкінішке қарай, «дария кеуде, тау мүсін» сол қарттар, даңқты көшпелілерден қалған соңғы тұяқтар көп ұзамай тарих сахнасынан көшті. Ұлы дала төсін дүние жаралғалы дүбірлеткен киіз туырлықты көшпенділердің толағай тарихи жадын да өздерімен бірге ала кетті. Әбіш көрген, Әбіш тыңдаған шежіре қарттар сол жылдары қазақтың әр ауылында болатын. Сол қарттар өмірден өткенде көшпенділер өркениеті де біржола өмірден өтті. Келмеске кетті. Бірақ Ұлы дала төсінде ол өркениеттің өзі қалмаса да, қара бала жадында сөзі қалды. Кейін қара бала есейіп қолға қалам алғанда сол бабалар сөзі алдымен оны кешегі даңқты тегіне – тарихқа қарай тартты. Тілі тартылған бүгінгі тіршілік Әбіш сөзіне тарлық етті. Құлақта күмбірлеген бабалар сөзі өзінің кең құлашты кешегі эпикалық кеңістігін көкседі. Жазушының тарихи тақырыпқа сүңгуінің сыры сонда жатты. Сол тақырыпқа қалам тартса болды, қаламы жорғалап сала берді. Жадында құжынаған көне дүние күбірі тарихи тақырыпқа келгенде жойқын дариядай ақтарылатын. Тұңғыш романы «Аңыздың ақырын» жазғанда жазушы сол күйді бастан кешті. Өйткені ол көне дүние күмбірі еді. Әмір Темір тарихы еді. Шынжыр балақ, шұбар төс жиһанкердің ордасында торға түскен тотыдай сыланып жас тоқалы отыр. Әмірші айлап-жылдап жаһанды жаулаумен жүреді. Оның жолын тосып сарайда сарғайған жас тоқалының көзі күндердің күнінде көз алдында мұнара тұрғызып жатқан жас шеберге түседі. Жарты әлемді жаулауға шамасы келген Әміршінің, қойнындағы жас тоқалының жүрегін жаулауға шамасы келмепті. Роман-әфсана осы туралы. Жарты әлемге әмірі жеткен Әміршінің жанындағы жарының жұдырықтай жүрегіне әмірі жетпегені туралы. Шынтуайтында, мәңгі жұмбақ, мәңгі шытырман адам жаны туралы. Адам жанының жан бармаған жықпылдарына барады жазушы. Шыңырауына сүңгиді. Айналып келгенде «Аңыздың ақыры» адам психологиясын індете зерттеген философиялық толғауға айналған.
Осы романды жазу үстінде ауқымды прозаға әбден төселген Кекілбаев қаламгер одан әрі XVIII ғасыр тарихын қопаруға кірісті. Архивтердің шаңын сілікті. Ақыры өз өмірбаянындағы ең көлемді де салмақты дүние «Үркер», «Елең-алаң» романдарын жазды. Бұл романдардың бас кейіпкері Әбілқайыр. Ел басына күн туған алмағайып заманда ат белінен түспеген баһадүр хан. Тірісінде де, өлісінде де басынан дау кетпеген тарихи тұлға. 1715 жылы хан Тәуке дүние салғаннан кейін оның орнына хан болған Қайып Ресейге елші салып қалмақтарға қарсы бірігіп күресуге шақырды. Бірақ орыс жағы қазақ ханының ол тілегіне үн қатпады. Жоңғарларды қолдады. Күшейіп алған жоңғарлар1723 жылы зеңбіректерін түйеге теңдеп Қазақияға басып кірді. Бомбадай жарылған доп жұрттың зәресін ұшырды. Қазақ басына күн туды. Бір қақтығыста қалмақтар Әбілқайырдың әйелімен шешесін тұтқындап әкетті. Әбілқайыр орыстардан көмек сұрады. Орыс патшасы оны да елемеді, әліптің артын бақты. Орыс патшасына қазақ пен қалмақтың бірін-бірі әбден төмпештеп болып, әлсіреп келіп аяғына жығылғаны керек еді. Орыстың дегені болды. «Аңырақайда» қазақ пен қалмақ бір-бірін әбден төмпештеді. Екеуінің де ит сілікпесі шықты. Қазақтар Аңырақайда жоңғарды жеңгенімен, Батыс Қазақстан бұ кезде теріскейдегі Еділ қалмақтарының, Жайық казактарының, башқұрттардың, ал түстігінде түрікпендер мен Хиуа хандығының шабуылынан көз ашпай тұрған. Сондықтан Әбілқайыр Аңырақайдан кейін Кіші жүз әскерін ертіп ат басын батысқа бұрды. Атажұртын қорғауға асықты. Осылайша Батыс Қазақстанға алты тұстан ауыз салған жауға қарсы Әбілқайыр, Бөкенбай, Есет, Шотан, Бақтыбайлар бастаған Кіші жүз әскері жалғыз күресті. Осынау алты тұстан жабылған алты жаудан да басқа Ұлы даланың шығысынан қалмақты тықсырып келе жатқан қалың Қытай төбесі де көрінді. Қазақ басына күн туды. Ел мен жер талауға түсіп, тістегеннің аузында, жұтқанның жұмырында кетуге айналды.Тұс-тұстан тықсырған отқарулы жауға қарсы отқарусыз боздақтарды қарсы салу қазақты оққа байлау еді. Халықты қынадай қыру еді. Ел басына төнген осы нәубетті елестеткен Әбілқайыр, Бөкенбай, Есеттер күндіз күлкі, түнде ұйқыдан айырылды. Отқарулы орысқа бас иіп тағы елші салды. Одан басқа амал таппады. Әбілқайыр орыс патшасынан Кіші жүзді де Еділ қалмақтары, башқұрттар сияқты өз қамқорлығына алуды сұрады. Орыс патшасының күткені де осы еді.Қазақтың келіп аяғына жығылғаны еді. Әбілқайырдан осы хатты алысымен Тевкелев бастаған орыс елшілігі ентелеп хан ордасына жетті. Тевкелев қазақтар орыс патшасына адалдыққа бас иіп бодан болуға ант берсе, орыс патшасы оларды қанатының астына алады деп сендірді. 1731 жылы қазанның 10 күні Әбілқайыр бастаған Кіші жүздің 27 биі Ресей империясына адалдыққа ант берді.Бірақ олар қол қойған хатта «бодандық» деген сөз жоқ еді. «Бодандық» деген сөзді орыс аудармашылары өз қолдарымен өздері қосқаны бүгінде белгілі болып отыр. Ант бергеннен кейін Әбілқайыр орыс әскері енді қазақты қорғайды деп имандай сенді. Бірақ Кіші жүз қазақтары көп ұзамай көресіні орыс казактарынан көре бастады. Осынау XVIII ғасыр зұлматы ел басына түскен бітпес лаңның бел ортасында жүрген Әбілқайыр қасіреті, ит талаған терідей жыртылған қазақ қасіреті жазушының «Үркер» мен «Елең-алаң» романдарына арқау болды. Елім деп еңіреген ер Әбілқайыр. Халқы үшін қасық қаны қалғанша арпалысқан хан. Осы жолда басы кеткен тарихи тұлға. Ішкі жау мен сыртқы жау ауыз жаласып қайыспас ханды қақпақылға айналдырып ақыры ит қорлықпен өлтірді. Ең өкініштісі денсаулығы сыр берген Кекілбаев кемеңгер Әбілқайыр туралы осынау қайғылы саганы аяқтай алмай өмірден өтті. Әбілқайыр туралы саганы аяқтау Әбекеңнің аяулы арманы еді. Алайда, бұ жалғанда адам пенденің қай дегені болған?! Басы сайран дүниенің қашанда соңы ойран.
Енді абыз Әбіштің үшінші бір үлкен қыры туралы. Ат жалын тартып мінгелі ол әр алуан мемлекеттік қызметтің құлағында ойнады. Ыстығына күйіп, суығына тоңды. Қызығын да, шыжығын да көрді. Әсіресе тәуелсіздік жылдары Тәуелсіз Қазақстанға лауазымды креслоларда отырып қызмет етті. Қайраткерлік пен қаламгерлік оның қос қанаты болды. Саясат майданында суырылған қайраткерлігі кемеңгердің үшінші үлкен қыры еді. Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев оның осы қырын жоғары бағалап «Еңбек Ері» атағын берді.
Кекілбаев кемеңгердің төртінші қыры – оның ойшыл сыншы, көсемсөзшілік қыры. Ендеше, көсемсөзші Кекілбаевтың өз сөзіне құлақ түрелік!
«Көп ғасырға созылған бодандық бізді, Құдай сақтағанда, ассимиляцияға түсіріп үлгере алмады. Ал өз мәдениетімізді өгейсініп, өзге мәдениетке бауыр бастыратын акккультурацияға ұшыраудай ұшырадық. Ұлттық элита өз мәдениетін, өз тілін өзі қомсынып, сол арқылы өз халқын өзі кемсітуге әдеттенді. Өзі болып өмір сүруге арланып, өзге болып көрінуге тырысатын сырты жылтырақ, іші қалтырақ рухани алыпсатарлық қалыптасты. Бұл ұлттық элитаны үстем мәдениеттің жағымпаз жандайшабына, неден болса да тайынбайтын тілалғыш қолбаласына айналдырды. Олар отаршылдар кетсе ойбай ойсырап қаламыз деп байбаламдады. Мұны біз бастан кешудей-ақ кештік. Әлдеқашан мемлекеттік статус алған тіліміздің әлі күнге мәртебесіне сәйкес пәрмен ала алмай жүргені тіліміздің жұтаңдығынан емес, өзіміздің кісілік жұтаңдығымыздан. Тоталитаризм мен отаршылдық психологияға әбден бауыр басып, ғасырлар бойы салпақтаған соқпақтан шыққысы келмейтін ұлттық нигилизмнен. «Баланы ұлша тәрбиелесең ұл болады, құлша тәрбиелесең құл болады» деп А.Байтұрсынов бабамыз айтпақшы күні кешеге дейін құлша тәрбиеленгенімізден. Тіл туралы Заңды жүзеге асыруды әуелі білім беруден бастауымыз керек еді. Қазақ тілін жай үйретіп қоюмен шектелмей, барлық пәндерді барлық деңгейде толыққанды қазақша беруді жүзеге асыруымыз керек еді! Сонда ғана қазақ тілі білім тіліне айналар еді».
Мінеки, Әбіш ойшыл осылайша қалам тербейді. Ойларының от қызуы әлі басылмаған. Ұлтын сүйген ұлы жүрек үні шамырқанып шамданып шиыршық атады. Советтен қалған шерменделік төбесіне найзағайдай ұрады. Сыншыл ойшылдың соңында осындай бес томдық ой мұрасы қалды «Сыр десте» атты. Білген жанға бұл жерде айтылмаған сөз қалмаған. Тәуелсіздік туын көтерсек те, еңсе көтере алмай жатқан мешел санамызды мінеп сілкитін қаншама жасын сөздер жатыр бұл мұрада. Әбіштанушы ғалымдар үшін түпсіз байлық тұнып тұр. Тек сүзіп ала бер. Халқыңның керегіне жарата біл! Сонда Әбіш сөзі саңқылдап қазақ үшін күрестің көш басында жүрмес пе еді?! Сонда Әбіштің өзі де ұлт үшін ұлы күрестің көш басында жүрмес пе еді?! Сөзі естіліп тұрса өзі де арамызда балпаң басып жүрмес пе еді?! Әбішті туған Ұлы далада сойқанды сөздің небір сойлары өткен, Майқы би, Жиренше, Асанқайғы, Доспамбет, Төле, Қазыбек, Әйтеке, Бұқар, Махамбет, Мөңке, Сүйінбай, Абай, Жамбыл, Мұхтар сынды сойлар өткен... арамызда Әбдіжәмілін қалдырып. Сол алыптардың соңындай Әбіш барда қазақтың құдіретті қара сөзі жетімдік көрмеп еді. Әбіштің тілімен қазаққа сол алыптар тіл қатып тұрғандай болатын. Ендеше, сарғайтып сөрелерде жатқызып қоймай эфирлерден Әбіштің сөзін сөйлетіп отыру жаңа заманға қаратып сол алыптардың өзін сөйлетіп отырумен бірдей болар еді. Одан тек шашасына шаң жұқтырмас шешендік, қазақтың қара сөзінде көсілген көсемдік қана ұтар еді! Тіліміздің жайнаған туы желбіреп тұрар еді.
Абыздың бесінші қыры – деректі прозасы. Бұл жанрды бүгінде ғылыми-көпшілік жанры деп те атайды. Бұл жанрда да Әбекең өндіріп жұмыс жасады. Кемеңгер осы қырынан алғаш рет ертеректе атажұрты Маңғыстау туралы жазылған «Ұйқыдағы арудың оянуы» атты көлемді эссесімен көрінді. Соңғы рет бұ салада бағындырған биігі Исатай-Махамбет көтерілісіне арналған және сол заманды індете зерттеген деректі кітабы «Шандоз» болды. Дақпыртты күні бүгінге дейін кісінің түн ұйқысын төрт бөлген осынау «ереуіл атқа ер салған, егеулі найза қолға алған» Исатайдай батырың, Махамбеттей ақының ел тоздырған езгіге қарсы арыстандай атылып шамырқанып шарт сынған дүбірлі жылдар туралы шындықтың шаңын тағы да бір сілкіп оқырманға ұсынды.
Абыздың алтыншы қыры және әбіштанушылар айналып өтпеуге тиіс бір қыры оның алпамса адами болмысы еді. Мына қысқа күнде қырық құбылған қырқылжың тірлікте оның жер қозғалса қозғалмас кісілік кесек болмысы еді. Ұзында өші, қысқада кегі жоқ тақуа тазалығы еді. Қазақ баласына қылдай қиянаты жоқ, ал алда-жалда қиянаттың өзі келіп жағасынан ала түссе де ала жіпті аттай алмай тұратын әулие жүрек Әбіш еді. Жалған дүниенің тек жыртығын жамауға ғана жаралғандай жан еді. Ол бейопа мына жалғаннан кісілік қыбласынан қылдай да бір ауытқымай өтті. Арына қылаудай кір қондырмай өтті. Ондай жанның алдынан о дүниеде жеті тозақ жабылып, сегіз бейіш ашылуға тиіс. Жаны жәннатта болуы тиіс!
Кекілбаев кемеңгердің жетінші қыры – ақындығы. Әдебиетпен әуестене бастаған кезінде өлең жазбаған қаламгер кемде-кем. Өнердегі үлкен жолын бала Әбіш те өлеңнен бастады. Өлеңдер жинағын да шығарды. Қаламы қатая келе, қара сөзге ауысты. Поэзия алауы адамға деген махаббат алайда жүрегінде өмір бойы өшпестен кетті.
Кекілбаевтың қазақ әдебиетіне қосқан үлесі туралы көп айтылды және айтыла да бермек. Бірақ біздіңше айтылмай жүрген бір әңгіме бар, ол – Кекілбаев кемеңгердің жалпы сөз өнеріміздің, яғни ана тіліміздің алар асуын биіктеткені туралы, сүңгір тұңғиығын тереңдеткені туралы, көсілер көкжиегін кеңейткені туралы, парасат потенциалын анықтап ашып кеткендігі туралы әңгіме. Біз үшін, яғни одан кейінгі қалам ұстаған қауым үшін бұл Кекілбаев кемеңгердің сөз майданында қалдырған ең басты баға жетпес мұрасы. Өйткені Кекілбаев мұрасында өзіне дейінгі күллі қазақ сөз өнерінің бай тәжірибесі тоқайласты. Тоқайласып қана қойған жоқ жаңаша жаңғырды. Яғни, қазақ қара сөзі жаңаша дамыды. Қазақ қара сөзі демек ендігі жерде дамығысы келсе, жаңа асуларды алғысы келсе, ендігі жерде Әбіш мұрасын айналып өтуі мүмкін емес. Қазақ қара сөзі ендігі жерде өмір сүргісі келсе, өлгісі келмесе, өшкісі келмесе телегей теңіз Әбіш мұрасына ие болуы керек. Әбіш мұрасын игеруі керек. Бұл сөз өнеріміздің, тіл өнеріміздің бұдан кейінгі дамуына кепіл. Әбіш мұрасы, Әбіш миссиясы осынысымен қымбат.
Смағұл ЕЛУБАЙ