Қазір Қарағанды аймағы өндірісінде күн сайын бір жаңалық орын алып жатыр деуге болады . Үдемелі индустриялық - инновациялық даму бағдарламасы аясындағы істердің қарқын алуы осындай өзгерістерді жиілете түсуде . Мәселен , Балқаш қаласындағы « Недра Балқаш » ЖШС - ның гранитті плиталарды өңдей бастауы өңір құрылысшыларына жағымды жай болып отыр . Тектұрмас кенішінің табиғи шикізатынан жасалатын қырлы және жиектастар өтімді өнім түріне айналды . Бұған дейін Ресей мен Қытайдан қымбат бағаға сатып алынып келген бұйым енді облыс құрылыс индустриясын қамтамасыз етуге жетеді . Кәсіпорын тынысы кеңеюі арқасында 40- тан астам жергілікті тұрғын жұмыспен қамтылды .
Ал жаңадан іске қосылып жатқан өндірістік нысандар жағынан Теміртау алда келеді. «Жакко Қарағанды» ЖШС сыртқы кәріздерге арналған құбырлар шығаруды жолға қойса, «КМК Профиль» кәсіпорны жайма илек өндіруді бастады. Импорт алмастырушы бұл заттар құрылысшылар қажетін толық өтеуге тиіс. Бұдан екі жыл бұрын жол табаны 1520 мм темірбетон шпалдарын жасауды қолға алған «NORD Пром НС» компаниясы енді екінші желіні жұмыс істету арқылы Жезқазған-Бейнеу темір жолы құрылысын аталған өніммен толықтай қамтамасыз ету мүмкіндігін кеңейтті. Сондай-ақ, «AST ETALON CROWN» АҚ сусындарға арналған шыны құтылардың тығынын шығаруды бастап, бір бөлігін Португалияға жөнелтіп те жатыр. Айта кету керек, Индустрияландыру картасы бойынша жолы жандырылған осы жобалардың бәрі экспортқа шығарылатын өнімдерді ұлғайтуға бағытталған. Өндіріспен бірге ауыл шаруашылығы саласында да өнімдерді әртараптандыру ойдағыдай жүргізілу үстінде. Биыл арпа егу 25 мың гектарға арттырылып, 126 мың гектарға жеткізілді. Бұған оның шетелдерге өтімді екені ықпал етті. Мысал үшін Ираннан түскен сұраныс үлкен. Сондықтан өткен көктемде Қарқаралы ауданы диқандары осы дақыл егістігі көлемін 7,8 мың гектардан 50 мың гектарға ұлғайтты. Бұрынғыдай долбарлап емес, экономикалық тиімділігін дәл анықтап, ішкі және сыртқы рынокта да сұраныс мөлшерін есептеп , сапалық жағынан кем соқпауын ескеріп шығару бүгінгі күннің басты талабы саналып отыр. Өтімді өнім түрлерін көбейту арқылы аймақты, еліміздің өзге өңірлерін де жеткілікті қамтамасыз ету мәселесін шешу негізгі мақсат болып табылады. Айқын НЕСІПБАЙ, «Егемен Қазақстан». ҚАРАҒАНДЫ .