2011 жылы 14 желтоқсанда Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» Қазақстан Республикасының Заңына толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойды, онда 1 желтоқсанда атап өтілетін жаңа мемлекеттік мереке - Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні белгіленді.
1991 жылы 1 желтоқсанда бүкілхалықтық сайлау нәтижесінде еліміздің Тұңғыш Президенті сайланған болатын.
Бұдан соң 1991 жылдың 16 қазанында Жоғарғы Кеңес «Қазақ ССР Президентін сайлау туралы» заң қабылданды. Осы заңмен бірге 1991 жылдың 1 желтоқсанын Қазақ ССР Президентін сайлау күні ретінде белгілеген қаулы шықты. Осылайша Қазақстан тарихында тұңғыш рет Республика басшысын жалпыға бірдей, тең және төте сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру арқылы таңдауға жағдай жасалды.
1 желтоқсан күні - ел тарихындағы тұңғыш жалпыхалықтық сайлауға қатысқан халықтың 98,78 пайызы Нұрсұлтан Назарбаевқа дауыс беріп, Мемлекет басшысы ретінде таңдалды. 5 желтоқсан күні Орталық сайлау комиссиясы сайлаудың соңғы қорытындысын жариялады. Ол бойынша республикадағы 21 сайлау округіндегі сайлаушылар тізіміне 9 961 242 азамат енгізілген. Оның ішінде сайлауға 8 788 726 адам немесе 88,23% қатысты. Сайлау нәтижесі бойынша 8 681 276 адам Нұрсұлтан Назарбаевты қолдап дауыс берген, бұл - сайлауға қатысушылардың 98,78 пайызы. Осылайша, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев барша халық сайлаған Қазақстанның Президенті мандатын тұңғыш рет иеленді.
Тұңғыш Президент қызметіне ресми кірісуі мен Елбасының ант беру рәсімі 1991 жылдың 10 желтоқсанында өтті.
2011 жылғы 14 желтоқсанда Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» Қазақстан Республикасының Заңына толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойды, онда 1 желтоқсанда атап өтілетін жаңа мемлекеттік мереке - Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күнін белгілеу көзделген болатын.
Елбасы күні қазақ халқының мемлекет болып қалыптасуының маңызды кезеңін айқындайды.