«Қазақстан вагон жасау компаниясы» ЖШС жұмысын үдетті
Осыдан тұп-тура бес жыл бұрын, яғни 2008 жылы Екібастұз қаласындағы «Таман» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі вагон жөндеу депосының негізінде «Қазақстан вагон жасау компаниясы» (ҚВК) құрылды. Осылайша, вагон жасау саласындағы отандық заманауи кәсіпорынның тұсауы кесіліп, алғашқы қадамын аттады.
Ал 2010 жылдың мамырынан бастап Үдемелі индустриялық-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде кәсіпорында құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілді. Қажетті жаңа қондырғылар мен жабдықтар әкелініп орнатылды. Өндіріс ошағының кескін-келбеті мүлдем өзгеріп, өзгелердің назарын өзіне аудартты. Келесі жылдың маусым айында мұнда өндірістік кешен пайдалануға қосылды. Содан өнім өндіруге құлшына кіріскен кәсіпорын шабысынан жаңылмады. Араға жыл салып «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-қа жалпы саны 1 мың 700 бірлік болатын жылжымалы құрамның легін жеткізіп, айдарынан жел есті. Иә, істің көзін табу деген міне осы.
Биыл зауыттың таңбасы басылған 1 мың 750 жартылай вагон ҚТЖ-ның паркін толықтырып, шойын жолдың әрін кіргізеді. Алдағы жылы оның қатары тағы да 2 мың жартылай вагонға және 500 жабық вагонға артады екен. Сөйтіп, кәсіпорын бұйыртса жоспарланған жобалық қуатына шығайын деп отыр.
Азғана уақыт ішінде вагон шығаруды оңынан келтіру роботтық және микропроцессорлық техникаларды, стенд-трансформерлерді қолдануға негізделген өндіріс технологиясын автоматтандыру арқасында мүмкін болды. Болашақта мұнда нарық конъюнктурасына қарай, жүк вагондарының саналуан түрлері мен үлгілерін шығару да жолға қойылмақ.
Бұдан бұрын, отандық вагон жасау саласын дамыту мақсатында ынтымақтастықтың түрлі нұсқалары қарастырылған еді. Соның ішінде ресейлік кәсіпорын – «Уралвагонзавод» ҒӨК» ААҚ-пен де байланыс орнатылды. Бұл алып зауытпен «ҚТЖ» ҰК» АҚ 2011 жылы Қазақстан вагон жасау компаниясының арқауында бірлескен кәсіпорын құру туралы Ниет меморандумына қол қойып, бәтуаласқан болатын. Алайда, «үйдегі көңілді базардағы нарық бұзады» демекші, құбылмалы мына заманда қатып қалған ешнәрсе жоқ екен. Уақыт талабына сай, аталған ынтымақтастықты одан әрі жалғастырудың қажеттілігі күн тәртібінен түсіп қалды. Қазіргі кезде ҚВК өз мүмкіндігін мейлінше шеберлікпен пайдаланып, вагон шығаруда шоқтығы биік табысқа қол жеткізді.
Вагон жасау өндірісінің бәсекелестікке қабілеттілігі ең алдымен кәсіпорынның техникалық ресурстарына тікелей негізделген. Зауыттың өндірістік алаңдары 17 гектардан астам аумақты алып жатыр. Вагон жасайтын өндіріс орындары Германия, Италия, Австрия, Швеция, Швейцария, Словакия, Ресей және Украина тәрізді технологиясы барынша дамыған әлемдік жетекші өндірушілердің ең озық өнімді техникаларымен жарақтандырылған.
«Қазақстан вагон жасау компаниясы» ЖШС бүгінгі таңда әмбебап жүк таситын жартылай вагондар шығаруға мамандандырылған. Дегенмен, өндірісті әртараптандыру шеңберінде 2017 жылға дейін вагондардың үлгілік қатарын кеңейту бойынша іс-шара жоспарланып отырған жайы бар. Және де елімізде жартылай вагондар жетіспеушілігі бұрынғыдай өткір күйінде қалып отырған жоқ. Осыған орай нарық талабына жауап беретін жаңа өнімдер – жабық вагондарды, платформаларды және цистерналарды қосымша шығару ісі біртіндеп қолға алынып игеріле бастады.
Даму бағдарламасына сәйкес 2013-2014 жылдары жабық вагондарды сертификаттаудың сынағы өтеді, ал 2014 жылы зауытта фитингтік платформаларды шығару өндірісін игеру басталады. Ал келесі жылы тұтынушы сұранысына ие вагон-цистерна тұрпатты бұйым жасау технологиясы мен өндірісін іске асыру жоспарда тұр.
Кәсіпорын күнделікті жұмысында үдемелі әдістер мен тәсілдерді үнемі қолданады. Іс тетігіне әбден қанығудың мұндай жолы алға қойған жоспар-міндетті ойдағыдай жүзеге асыруға негіз қалайтыны сөзсіз. Бұған ҚВК-ның ISO 9001:2009 сапа менеджменті жүйесі бойынша тиісті халықаралық стандартпен сертификатталуы нақты дәлел болады. Сондай-ақ, жартылай вагондар, қос білікті тіркемелер мен доңғалақ жұптары да сертификаттармен аталып өтіпті.
Темір жол техникасын жасау саласын дамыту – Қазақстанның индустрияландыру картасындағы басым бағыттарының біріне айналғаны қашан. «Қазақстан темір жолы» акционерлік қоғамы ҚВК-мен серіктесіп, сырттан қосымша қаржы және инвестиция іздемей-ақ, өзіне қарасты «Востокмашзавод» АҚ-тың көрігін қыздырып, өнім өн діру көлемін үдете түскен.
Зауыт елімізде жүк вагондарын шығаруды жолға қою үрдісінде ірі вагон құймасын құю жөніндегі жобаны жүзеге асыру үстінде. Бүгінгі таңда бұл жоба құйма технологиясын одан әрі жетілдіруге және алдағы кезде алынатын өнімдерді сертификаттаумен бірге пайдалануға қосылатын екінші кешендегі іске қосу-реттеу жұмыстарын аяқтаумен қатар еңсерілмек.
«Востокмашзавод» акционерлік қоғамы сондай-ақ, темір жолдағы жылжымалы құрам үшін өзге де босалқы бөлшектер өндірісін ашуға кіріскен. Түйіп айтқанда, бұның бәрі болат жолдың бойындағы жұмыстың ырғақты әрі іркіліссіз атқарылуына септігін тигізетіні сөзсіз. Ол өз кезегінде экономиканың өрлеп өсуін жеделдетеді.
Марат АҚҚҰЛ,
«Егемен Қазақстан».
Павлодар облысы.