Түбі бір түркі жұртының ертеңін баянды ету жолында Елбасы бастамашы болып, ірге көтерген Түркі кеңесі, ТүркПА, ТҮРКСОЙ, Халықаралық Түркі академиясы сынды құрылымдар бүгінде табысты жұмыс атқарып келеді. Осы ретте халықаралық Түркі академиясы Қазақстан халқы Ассамблеясымен бірлесіп, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күнін атап өту аясында Нұр-Сұлтан қаласында «Түркі әлемінің тұғырлы тұлғасы» атты тағылымды жиын өткізді.
Алқалы басқосуға Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Жансейіт Түймебаев, Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары, Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі, еліміздегі бірқатар елдің елшілері, ғылыми мекемелер мен білім ордаларының басшылары, мемлекет және қоғам қайраткерлері, танымал ғалымдар мен зиялы қауым өкілдері қатысты. Алғаш болып сөз алған Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Жансейіт Түймебаев өте қысқа мерзімде егемен елдің зайырлы, құқықтық және біртұтас мемлекет ретіндегі негізін қалап қана қоймай, жас мемлекетті халықаралық қоғамдастықтың белді мүшесіне айналдырған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тарихи рөлі мен ықпалы турасында кеңінен баяндады.
– Әр мемлекеттің өзін сақтауы, келешек ұрпаққа жетуі ең бірінші кезеңде сол елді басқарып отырған көшбасшыға байланысты. Бұл тұрғыдан келгенде Қазақстан бақытты мемлекет. Өйткені Кеңес Одағы ыдыраған 1991 жылы еншісін теңдей бөліп алған мемлекеттер өз күндерін өздері көре бастады. Осындай кезеңде мемлекетті басқарудың еншісі біздің Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың пешенесіне жазылды. Жыл сайын желтоқсан айында есебімізді түгендеп, қорытындылап отырамыз. Салыстырудың қарапайым ғана өлшемдері бар: экономика, саясат, мәдениет, ғылым, халықтың әл-ауқаты. Соның барлығын өткен кезеңдермен және көрші мемлекеттер деңгейімен салыстыра отыра, біздің үлкен жетістікке көтерілгеніміз тарихи факт, – деген ол Нұрсұлтан Әбішұлының аймақтық, жаһандық мәселелердің шешілуіне дер кезінде атсалысып, халықаралық жағдайды реттеу мақсатында тың идеялар ұсына білген сұңғылалығына айрықша тоқталды.
– Елбасының Түркі әлемінің тұғырлы тұлғасы болуының өзі үлкен әңгімелерге арқау болатын жағдай.Түркі дүниесі сонау Түркі қағанатынан кейін бірлескен емес, сол кезеңнен кейін тек XX ғасыр соңында тамыры бір туыс жұрт қайта ұйысты, – деген Жансейіт Түймебаев түркиялық публицист, профессор Куршад Зорлудың Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың кемеңгерлігі мен лидерлік қырын зерделеген «Назарбаев көшбасшылығы: Ұлы даланың өрлеуі» атты еңбегі үшін Ассамблея атынан зор алғыс білдіріп, «Мейірім» медалімен марапаттады. Бұдан соң аталған кітаптың ресми таныстырылымы өтіп, жиналған жұртшылық зор ықыласпен қабыл алды. Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың мемлекет құрудағы даңғыл жолын, ел басқару моделі мен көшбасшылық қырын терең талдаған зерттеу еңбек әуелі қазақ тілінде жарық көрсе, таяу күндері Түркияда 5 мың дана таралыммен басылып шықпақ.
Дөңгелек үстелге модераторлық еткен Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі еңбектің Тұңғыш Президенттің мемлекет құру жолындағы көшбасшылық қырын тануға және Қазақстанның тәуелсіздік жылдарындағы қалыптасу кезеңін зерттеушілерге таптырмайтын көмекші құрал екенін атап өтті. Сондай-ақ «Назарбаев феноменін» зерттеу жұмыстарына арқау еткен саясаттанушы ғалымдар мен публицист-қаламгерлердің көп екенін, осы ретте автордың туындысы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың саяси қызметін ұзақ жылдар бойы тұрақты зерттеуімен ерекшеленетінін айтты. Аталған туындыда Елбасының түркі дүниесінің ынтымақтастығын нығайтудағы рөлі кеңінен талданған. Ең әуелі Н.Назарбаевтың көшбасшылығына қатысты ұғымдық және теориялық мағлұматтар ұсынылып, жұмыстың эмпирикалық бөлімінде жүргізілген сауалнамадан алынған нәтижелер берілген. Кітапты қолға алған оқырман Елбасының даралығына ғана емес, сонымен қатар Қазақстанды жақыннан танып, түркі әлеміне қысқа саяхат жасайтыны анық.
– «Бірлік болмай тірлік болмайды» деген қос елге ортақ сөз бар. Сондықтан жаңа дәуір жүйесі Қазақстан мен Түркияның тығыз байланысып, жақындасуын талап етеді. Түрік жұрты сіздердің қысқа уақыт ішінде қол жеткізген жетістіктеріңізге сүйсіне қарап отыр. Қазақстан тәуелсіздік алғалы бері Түркияда қазақша білетін, қазақша сөйлейтін жандар көбейді. Тарихтағы ғасырлар бойғы қазақ даласының дамыған жетістігі қазіргі уақытта Түркия әлеміне бағыт-бағдар болуда. Осы себеппен Қазақстан моделін зерттеп-зерделеу үшін шамамен 20 жыл бойы Қазақстандағы жаңалықтар мен өзгерістерді мұқият бақыладым. Зерттеу еңбек келесі жылдардан бастап Түркияның жоғары оқу орындарында оқытылады деп сенемін, – дейді кітап авторы Куршад Зорлу.
Қазақстандағы өзбек жұртшылығының өкілі, Мәжіліс депутаты Фахриддин Қаратаев аталған еңбектің саясаттану, әлеуметтану ғылымдарының соңғы озық әдіс-тәсілдерін пайдалана отырып жазылғанын, бұл ретте автордың соңғы жылдары жиған тың деректер мен жеке тәжірибесін сарп еткен орасан еңбегі байқалатынын жеткізді.
– Автор түркі тектес бауырлас елдердегі халық арасында сауалнама жүргізіп, қоғамдық пікір айнасын өз еңбегінде дәйекті пайдаланады. Тұңғыш Президентті Түркі әлемінің дарабоз лидері қарапайым халықтың қайраткері ретінде танылғаны, оның есімі Қазақстан елінің баламасына айналғанын айқындап жазып шыққан, – деген ол оқырман ретінде авторға алғыс білдіріп, жарық көрген еңбектің мән-маңызы мен құндылығының жоғары екендігін атады.
Бұдан бөлек, жиынға қатысқан Мәжіліс депутаты Сауытбек Абдрахманов түркі дүниесін біріктірудегі Назарбаев еңбегінің орасан екендігін айта келіп, жақсы күндерді былай қойғанда, қиын күндердің өзінде түркі бірлігін нығайтуға өлшеусіз үлес қосқан тұлға ретінде ықпалы зор деп тұжырымдаса, белгілі қырғызстандық ғалым, түрколог Қадыралы Қонқобаев, Назарбаев Университеттің профессоры Юлай Шамилоглу, Тұңғыш Президент – Елбасы кітапханасының жетекші зерттеушісі Ғазиз Телебаев, сондай-ақ Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілі Әскер Пириев жаңа басылым туралы ой-пікірлерін ортаға салып, Елбасының түркі әлеміндегі рөліне қатысты лебіздерін білдірді. Жиын соңында академия басшысы Дархан Қыдырәлі Куршад Зорлуға арнайы құрмет көрсетіп, Халықаралық Түркі академиясының Құрмет грамотасымен марапаттады.