Елордадағы «Qazaqstan» орталық концерт залында «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымы мен Мәдениет және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен «TURAN» тобының есеп беру концерті өтті.
«TURAN» этно-фольклорлық ансамблі – еліміздің ұлттық музыкалық мұрасын жаңғыртып, ұмыт бола бастаған төл аспаптардың сүйемелдеуімен көне күй-жырларды насихаттап жүрген бірегей топ. Онжылдық тарихы бар өнер ұжымы қазақ музыкасын әлемге әйгілеп, 70-тен астам шет мемлекетте 600-ден астам жеке концерт берген. Ансамбльдің әлемнің ең атақты «Карнеги холл», «Кеннеди орталығы», «Концерт хаус», «Кремль сарайы», «Салле Корто» залдарында өнер көрсеткенін айтуымыз керек.
Фольклорға қызықпайтын көрерменнің өзі «TURAN» десе елеңдеп тұратыны бар. Себебі олар музыкалық аспаптардың дыбысын қазіргі заманға сай лайықтап, жаңа форматта ұсынады. Ұлы даланы дүбірге толтырған барлық көріністі көрерменнің көз алдына келтіріп, замана рухын сезіндіреді. Олар – Мақсат Медеубек, Серік Нұрмолдаев, Бауыржан Бекмұханбетов, Ержігіт Әлиев және Жанту Дадабаев сынды талантты мульти инструменталист музыканттар. Халқымызда отыздан астам ұлттық музыкалық аспап болса, музыканттардың әрқайсысы солардың бірнешеуінде ойнауды меңгерген.
Кешегі есеп беру концерттерінде де «TURAN» өздеріне тән стильмен, мазмұнмен залды өнер нұрына бөледі. Олар орындаған «Ортеке», «Ақсақ құлан», «Керуен», «Көроғлы», «Бақсы» күйлері көрермендерге сахна артында тұрған үлкен экран арқылы көріністермен әдіптеліп, әрленіп, жаңа пішінмен түрленіп жетті. Танымал бес жігіт жай ғана орындай салмайды. Кейде үлкен, кейде кішігірім театрландырылған көрініс жасайды. Сол заманның рухын тірілткендей болады.
«TURAN» тобын тек қана фольклорлық шығармаларды орындаушылар десек, қате болар еді. Олар жаңа заман композиторларының да шығармаларын орындайды, өздері де музыка жазады, әрлейді. Шығармашылық кештерінде олар Н.Тілендиевтің «Аққу», А.Райымқұлованың «Шабыт» шығармаларымен қатар өздерінің төл туындыларын да қалың жұртшылыққа ұсынды.
Концертте топтан бөлек Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі мемлекеттік академиялық филармониясының симфониялық оркестрі, Astana musical мемлекеттік театры, Қазақ ұлттық хореография академиясының әртістері де өнер көрсетті.