Келер жылы мамыр айында Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына 75 жыл толады. Миллиондаған адамның қанын төккен мұндай алапат соғысты тарих бұрын білген емес. Майдан даласында кеудесін оққа тосқан боздақтар ерлігі ұмытылмайды. Жақында қостанайлықтар ерлікті ұмытпаудың тағы бір шарасына куә болды.
Қостанай қаласының Жеңіс саябағындағы бейіттен алынған бір уыс топырақ салынған қалта Ресейдің Қазақстандағы елшілігі өкіліне салтанатты түрде табысталды. Ол биыл Мәскеу облысында бой көтеретін Жеңіс храмының іргетасына салынады. Мұндай бір уыс топырақ бұрынғы Кеңес Одағының құрамында болған барлық республикалардан жеткізіледі. Майдангерлер жерленген бейіттің топырағын алу Ресейдегі «Естелік жолы» жобасы аясында жүзеге асты. Қазір Ресейдегі «Патриот» тарихи-мемориалдық саябағында «Естелік жолы» атты мемориалдық галерея құрылып жатқан көрінеді. Оның аумағы сұрапыл соғыстың созылған уақытына орай, 1418 қадамнан тұрады. Галереяда соғысқа қатысқан 30 миллионнан астам жауынгердің фотосуреті, олар туралы деректер, жеке заттары және майданнан жолданған хаттары сақталады. Ресейдің Қазақстандағы елшілігінің хатшысы Даниил Лапачтың айтуына қарағанда, келер жылы 9 мамырда осы аумақтағы Жеңіс храмы салтанатты түрде ашылады.
– Қарашаның қара суығында Жеңіс паркіндегі мәңгілік алау басында бұл шараның өтуі менің кәрі жүрегімді шымырлатты. Мен майдан даласында боздақтардың бетін өзім жапқан адаммын ғой. Маған бейбіт күн бұйырып, өмірдің осынша қызығын көрдім, ал менің майдандас достарым уыздай жас күйінше бір-бір төмпешікке айналды. Ресейліктердің бастамасына шексіз алғысымды айттым. Кейінгі ұрпақ аталар ерлігін ұмытуға болмайды, – дейді бүгінде 96 жасқа келіп отырған майдангер Қасымхан Алдабергенов ақсақал.
Елшілік өкілі қостанайлық жауынгер Нәшен Иманалиннің атына тағайындалған «Ерлігі үшін» медалінің куәлігін батырдың ұлы Сапар Иманалинге тапсырды . Нәшен Иманалин 1945 жылы 30 сәуірде ұлы Жеңіске санаулы күндер қалғанда ғана қаза болған еді. Қанша уақыт өтсе де соғыс қасіреті жаңғыра береді, аталар ерлігі ұмытылмайды.
ҚОСТАНАЙ