Қарағанды облысында тұрғын үй мәселесін шешуге күш жұмсалуда. Кезекте тұрғандарды пәтерлермен қамтамасыз ету үшін 372,2 мың шаршы метр тұрғын үй салынды. Жыл соңына дейін бірқатар өңірлерде үйлер тапсырылатын болады. Облыс әкімі Жеңіс Қасымбек жаңа құрылыс сапасына назар аударды. Бұл туралы облыс әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Облыс әкімі құрылыс қарқынын төмендетпеуді тапсырды.
- Халықтың ең басты мәселелерін шешу – билік басындағылардың басым міндеттерінің бірі. Басқа шығындарды қысқартыңыздар. Тұрғын үй салыңыздар, кезекте тұрғандарды қамтамасыз етіңіздер, - деді Жеңіс Қасымбек.
Сондай-ақ өңір басшысы құрылыс сапасын қатаң қадағалауды талап етті.
- Егер жаңа қоныстанушылар шағымданатын болса, оқиға орнына қоғам белсенділері мен журналистарді алып барыңыздар. Бұл барлық әлеуметтік нысандарға қатысты. Сапаны комиссиямен қайта тексеретін боламыз, - деді ол.