Атырау облысындағы ауылшаруашылығы мақсатындағы су жүйелеріне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Өңірдегі ауылшарушалығы мақсатындағы су жетіспеушілігі мәселесі – Атырау облысы әкімі Нұрлан Ноғаевтың 2019 жылдың 30 қараша күні өңір кәсіпкерлерімен кездесуі барысында көтерілген болатын. Жиын барысында аймақ басшысы облыс аумағындағы 15 каналдың 14-і республикалық баланстан облыс теңгеріміне берілгенін мәлімдеген еді.
Бүгінде облыс аумағындағы су жүйелерін күрделі жөндеуден өткізу жұмыстары қарқынды жүргізілуде.
Мәселен, облыс орталығына қарасты «Соколок» каналы бойында – Қайыршықты ауылдық округінің 25 шаруа қожалығы орналасқан. Жергілікті бюджеттен қаржы бөлініп, бүгінде аталған каналдың арнасын ашу және канал бойында су реттегіш шлюз құрылыстарын жүргізу сияқты жұмыстар жасалуда.
Сондай-ақ Индер ауданындағы «Ақсай», «Бағырлай», «Құрайлы-сай» каналдары да жөндеуден өтпек. Бюджеттен аталған жұмыстарды жүргізу мақсатына 56 млн теңге қарастырылған. Мұндай жұмыстар Құрманғазы ауданындағы «Кобяково-Забурунь» каналына да жүргізіледі.
Ең ауқымды жұмыстар Махамбет ауданында. Өйткені, каналдардың тең жартысы осы аудан аумағында орналасқан. Ағымдағы жылы мұнда «Сары-Өзек» пен «Алға-Егіз» каналдарын күрделі жөндеуден өткізу үшін жергілікті бюджеттен қаражат бөлінген. Құрылыс жұмыстары 2020 жылдың мамыр айында аяқталады деп күтілуде. Ал, қалған «7 ауыл-Айсары», «Бақсай», «Құрсай», «Есбол-Қозыбай», «Сборный» каналдарына жөндеу жұмыстары үшін жобалау жұмыстары қолға алынып жатыр.