Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Жыныстық зорлық-зомбылық, педофилия, есірткі тарату, адам саудасы, әйелдерге қатысты тұрмыстық зорлық-зомбылық және басқа да ауыр қылмыстарға, әсіресе балаларға қатысты қылмыстарға қолданылатын жазаны шұғыл түрде қатайту қажет» деген болатын.
Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында депутаттар тобы отбасындағы зорлық-зомбылыққа нақты қарсы тұруға, әйелдерге қатысты кемсітушіліктермен күресуге мүмкіндік беретін заң жобаларын әзірледі. Атап айтқанда, оның алғашқысы – «Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы» жаңа заң жобасы. Онда отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл субъектілерін кеңейту, уәкілетті органдардың нақты өкілеттіктерін бекіту, алдын алу субъектілері арасындағы өзара іс-қимыл тетігін айқындау, қорғау нұсқамасының мерзімін ұлғайту, құқық бұзушының түзету бағдарламасынан өтуін енгізу ұсынылмақ. Екінші заң жобасы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне отбасылық және гендерлік саясат мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» деп аталады. Бұл заң жобасында еңбек қатынастары саласындағы кемсітушілік ұғымы нақтыланып, жұмыс берушілердің кемсітушілік фактілерін жасырғаны үшін жауапкершілігі, отбасының экономикалық, тәрбиелік, тұрмыстық және басқа да функцияларын орындауда ата-ананың жауапкершілігі заңнамалық түрде бекітіліп отыр, бұған қоса әйелдердің экономикалық және саяси ілгерілеуіне ықпал ететін нормалар да енгізілген.
Биыл қазан айында Ұлттық комиссия бірқатар мемлекеттік органдардың өкілдерімен бірлесіп Женева қаласында БҰҰ-ның бейінді комитетінде Әйелдерге қатысты кемсітушіліктің барлық нысандарын жою туралы конвенция ережелерінің орындалуы туралы Қазақстанның бесінші кезеңдік баяндамасын қорғады. Орталық коммуникациялар қызметінде «Зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күн» халықаралық акциясы аясында өткен баспасөз мәслихатында Парламент Мәжілісінің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрайымы, Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрайымы Гүлшара Әбдіқалықова зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл бойынша мемлекеттің қабылдап жатқан шаралары туралы айтты.
БҰҰ-ның Даму бағдарламасының есебіне сәйкес, Қазақстан 2018 жылы «гендерлік даму деңгейі өте жоғары» елдердің рейтингіне еніп, гендерлік даму индексі бойынша 160 елдің ішінде 58-орынға ие болған. Ал Дүниежүзілік экономикалық форумның бағалауы бойынша, 149 елдің арасында гендерлік алшақтық рейтингі бойынша білім беруден 30-орынға, әйелдердің экономикалық мүмкіндіктерін іске асыру бойынша 32-орынға жайғасқан.
Қабылданып жатқан іс-шараларға қарамастан отбасылық-тұрмыстық қылмыстар саны өсуде.
Осы жылы полиция отбасылық-тұрмыстық құқық бұзушыларға қарсы 58 мың қорғау нұсқамаларын шығарып, 6 мыңнан астам ерекше талаптар қойған. 15 мың әйелге консультациялық көмек көрсетіліп, 1500 әйел дағдарыс орталықтарына орналастырылды.
Жиын соңында спикер Отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасының 2020-2022 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарын іске асыру, Тұжырымдаманың нысаналы индикаторларына қол жеткізу, Мемлекет басшысының әйелдер мен балалар құқықтарын қорғаудың тұтас жүйесін қалыптастыру жөніндегі тапсырмаларын орындау бойынша жұмыс жалғаса беретінін айтты.