Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылы қыркүйек айында БҰҰ климаттық саммитінде сөйлеген сөзінде қоршаған орта жағдайының құлдырауы әлемді тұрақсыздандыратын факторлардың бірі екенін айтып өтті. Табиғатқа техногенді түрде әсер ету мен Орталық Азиядағы климаттың өзгеруі аса күрделі экзистенциалдық тұрғыдағы проблемаларға, атап айтқанда шөлейттену, мұздықтардың еруі және суармалы су мен ауыз су ресурстарының сарқылуына әкеліп соқпақ.
29 қараша күні Нұр-Сұлтан қаласында Жасыл технологиялар мен инвестициялық жобалар халықаралық орталығында (IGTIC) Ғылыми-техникалық кеңестің бірінші отырысы өтті. IGTIC басқарма төрағасы Рамазан Жампиисов кеңес жұмысын аша отырып, орталықтың басты мақсаты – жасыл технологияларды ілгері дамыту мен экономика бәсекелестігі және тұрғындардың өмір сапасын арттыру мен қоршаған ортаға деген кері әсерді азайту үшін бизнеске қолдау көрсету екенін жеткізді. Бұл бағыттардың барлығында ғылымның, ғылыми-технологиялық дамудың және эксперттік қорытынды жүргізудің рөлі аса маңызды.
Сондай-ақ ҒТК-ның ұйымдастырушылық құрылымы мен құрамы бекітілді. Кеңесті танымал ғалым, Сенат депутаты Бақытжан Жұмағұлов басқарды. Төрағаның «Қалдықтарды басқару», «Тұрақты энергия ресурстары», «Тұрақты қала», «Тұрақты ауыл шаруашылығы», «Экология, қоршаған ортаны қорғау» бағыттары бойынша орынбасарлары болып Глеб Щегельский, Темірхан Досмұхамбетов, Ұзақбай Қарабалин, Шынболат Байқұлов, Айдар Татығұлов, Рапиль Жошыбаев тағайындалды.
«Жасыл ҒТК-ны құрудың алғышарты ретінде жасыл технологияларды ілгері жылжытудың заңнамалық-құқықтық негізі пайда болды. Бұл жаңа Экологиялық кодекстің жобасына ену керек. Жасыл технологиялардың бекітілген тізімі жоқ болғандықтан, сәйкесінше оны қолдану бойынша статистикалық ақпараттар да жоқ. Мемлекет жаңа (экология) министрлік арқылы «жасыл» технологияларды енгізу мен қолдану кезінде бизнес үшін экономикалық ынта мен қолдауды бекітуге ниетті», деп түсіндірді ҒТК IGTIC пен ғылыми-технологиялық кеңсесінің жетекшісі Гүлбазар Медиева.
Бүгінде IGTIC-те жасыл технологиялар саласына қарасты 300 жобадан тұратын жүйе жинақталып қалды. Сол себепті жасыл экономикаға қатысты мәселелерді шешу үшін эксперттік және ғылыми қоғамның қолдауы аса маңызды.
«Қазақстан алғашқылардың бірі болып жасыл экономикаға көшу тұжырымдамасын қабылдады. 2013 жылы Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бекіткен стратегиялық құжатта алғаш рет экологиялық проблемаларды экономиканың экологизациясы, заңнама мен қоғам арқылы шешудің әдістері келтірілген болатын. Сол себепті, тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізу үшін қоршаған орта жағдайының нашарлауы салдарынан болатын экономикалық өсімге қатысты мәселені түпкілікті шешу қажет. Бұл тұрғыда, мемлекеттердің жаңа технологиялар мен білімге деген қолжетімділігін кеңейту керек», деді Бақытжан Жұмағұлов.
Отырыс соңында қатысушылар ҒТК құрылу мәселесін талқылап, пікір алмасты. Оған қоса, олар кеңестің мақсат-міндеттерін анықтады. Аталған кеңес кешенді бағалау, академиялық сараптама мен эксперттік сүйемелдеу, эксперттік қорытындыларды дайындау, ұсыныстарды өңдеу және тағы да басқа іс-шараларды жүзеге асырады.
«ҒТК әрекетті әрі пайдалы алаң боларына сенеміз. Кеңес құрамына Үкімет пен жоғары лауазымды адамдарға бірден шыға алатын тұлғалар енді. Эксперттік қоғам не істеу керегі мен қандай мәселелер бары және оны шешу жолдарын жақсы біледі. Кеңестің екі міндеті болу керек: проблемаларды анықтап шешім қабылдау, екіншісі – барынша тиімді жобаларды таңдап, іске қосу оларды өмірге қосу», деді Ғылыми-техникалық кеңестің мүшесі, инновациялар мен баламалы энергетика бойынша халықаралық маман Владимир Ким.
Анна ШОЛГИНА