• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Руханият 19 Желтоқсан, 2019

«Өмірде маған жақсы адамдар көп кездесті»

612 рет
көрсетілді

Қазақтың ән өнерін асқақтатып жүрген өнерпаздың бірі – Бақыт Шағырбаев. Атақты Шал ақыннан бастап, ұлттың ұлы тұлғаларының термелерін, халық әндерін нақышына келтіре орындайтын әнші. Бүгінде Кенен Әзірбаев атындағы Жамбыл облыстық филармониясында қызмет атқарып жүрген Бақыт Шағырбаев жуырда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағын алды. Жақсы күннің қарсаңында біз онымен әңгімелескен едік...

– Өнер адамдарының тағдыры бөлек болады дегенді жиі айтамыз. Сіз тағ­дыр дегенді қалай түсінесіз, оны қалай қабылдайсыз?

– Мен көп балалы отбасында өстім. Үйдің үлкені Сағынтай деген ағам болды. Содан кейін шешеміз Хадиша төрт қыз туған. Төрт қыздан кейін ұл болсын деп ырымдап төртінші қыздың атын Ұлжан деп қойыпты. Мен дүниеге келгенде анамыз Қаратаудың ауруханасында аздап сырқаттанып қалады. Сонда әжем Құндызай түнделетіп Там­ды ауылынан Қаратауға дейін жаяу барыпты. Арасы 15 шақырым. Содан мені етегіне орап алып, ауылға алып келіпті. Әжем түнде мені бесікке бөлегенде, біреу әкетіп қалмасын деп белтартпаны қолына қосып байлайды екен. Сөйтіп әже­міздің бауырында өстік. Әкемді әжем Түлкібастың балалар үйінен асырап алған. Күйеуі соғысқа кетіп, келмей қалған әжеміз Түлкібастың станса­сында нан сатып тұрып, эшелонға іліне алмай қалған 6-7 жасар баланы көреді. Содан ешкімі жоқ екенін білген әжем балаға нан беріп, үйіне алып келеді. Бірақ ағайындары «ертең тұрмысқа шығасың. Аяғыңа тұсау болады ғой» деп қарсы болады. Әжем жарықтық сол кезде 24 жаста екен. Бі­рақ әжеміз енді күйеуге шықпауға ант беріп, сол баланы бауырына басады. Бала ержеткен соң әжеміз өзінің немере ағайынының қызын алып береді. Екеуі­нен төрт-бес бала дүниеге келеді. Кейін Қысатай әкеміз өзінің елін іздеп, басылымдарға мақала жазады. Кейін әкемді балалар үйіне өткізген ағайындары алып кетеді. Содан ол Тамды ауылына келіп, үй салуға көмектеседі. Сөйтіп 1962 жылы әжемізді де алып келіп, Тамды ауылына қоныстанады. Бұл шындық. Бұл тағдыр. Осы жөнінде мен болашақта көлемді дүние жазғым келіп жүр. Бұл жағдай әр қазақ баласына үлгі болуы керек.

– Сізді қандай орта қалыптас­тыр­ды? Қандай тәрбие алдыңыз?

 – Әкенің қанымен, ананың әлдиімен келген өнер ғой бұл. Кішкентай күні­мізде Түлкібас ауданының Азаттық ауы­лына көп баратынбыз. Әжемнің де, анамның да төркіні сол ауылдан. Наға­шыларымның бәрі жерге киіз, көрпелер төсеп қойып ән айтып жататын. Әсіресе «Құралай» деген халық әнін нақышына келтіре орындағандары есімде қалып қойыпты. Әжем де, анам да ән салатын. Сондықтан да біз түп на­ғашымыз Нұрғиса Тілендиевтің өзі деп мақтанатынбыз.

Негізі мен солақай болып туғанмын. Әлі есімде, әжем солақай болғаным үшін қолымнан қасықпен ұратын. Кейін ойлаймын, адамның жаратылысы қандай, солай болып қалуы керек екен. Егер мен солақай болсам Нұрғиса атамыз сияқты күйші де болып кетер ме едім. Бірақ, жас­тайымнан әншілік жолға түстім. Өмірде маған жақсы адамдар көп кездесті. 1992 жылы Талас ауданына Дінмұхамед Қонаев атамыз келгенде мен ол кісінің алдынан «Қара бауыр қасқалдақ» әнін домбырамен айтып шықтым. Сонда маған бата берген. Сол кісінің батасы қа­был болды деп ойлаймын.

– Сіз Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев­пен бірнеше рет кездесіп, өнер көрсет­кен екенсіз. Елбасын алғаш рет қа­шан, қай жерде көрдіңіз?

–1998 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Тараз қаласына келіп, Мұхам­мед Хайдар Дулати бабамыздың ескерт­кішінің ашылу салтанатына қатысты. Сол жерде мен Елбасының алдында өнер көрсеттім. Тұңғыш рет кездескенім сол.

Кейін, 2001 жылы Әулиеата өңіріне Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жұмыс сапарымен келді. Сонда резиденцияда сол кісінің жанында болып, ән салдым. Өнеріме риза болған Нұрсұлтан Әбішұлы менен «Маған қандай өтінішің бар?» деп сұрады. Сонда мен Елбасынан бата сұрадым. Ол кісі орнынан тұрып, ақ батасын берді. «Халықтан алыс­тама. Халық іздесе, бақытты әнші бола­сың», деді Елбасы. Бұдан бөлек Нұр­сұлтан Әбішұлымен Ұзынағашта Қарасай батырдың 400 жылдығында тағы кездестім. Мен ол тойға шетелдік мәртебелі меймандарға өнер көрсету үшін шақырылған едім. Сол кездегі Се­нат төрағасы Өмірбек Байгелді менің өнерімді тамашалап, кейіннен Елбасы отырған ордаға алып барды. Әуелі Ел­басының сөзіне жазылған «Елім ме­нің» әнін орындап бердім. Ол кісі риза­шылықпен қабылдады.

– Өнер жолы – күрделі жол. Өнерде әр өнерпаздың өзіндік ұстанымы болуы керек. Сіздің ұстанымыңыз қан­дай?

– Өз басым өнердегі жасандылықты жақтырмаймын. Менің ұстанымым – кісіден көрген жақсылықты ұмытпау. Дінмұхамед Қонаевтың туғанына 100 жыл толғанда мен еліміздегі 100 ауыл­ды аралап жүріп, тегін концерт қой­дым. 2006 жылы сол кездегі Алматы облы­сының әкімі Серік Үмбетовтің ш­а­қыр­туымен Сүйінбай атындағы об­лыстық филармонияға жұмысқа барған едім. Алматы облысының Балқаш ауда­нындағы Желтораңғы деген ауыл­да Дінмұхамед Қонаев атамыздың баба­ларының қыстағы бар. Ол жер «Қонайдың қыстағы» деп аталады. Концерттік бағдарламаны сол ауылдан бастадым. Зылиха Тамшыбаева, Мәриям Аябаева, Күләш Айтжанова сияқты атақты апаларымыз мені күтіп алып, бұйымтай сұрайтын. Сонда мен әр ауылдың ауызы дуалы қарияларынан бата сұрайтынмын. Сөйтіп, сол кісі­лер­ге өзімнің сый-сияпатымды жасап кете­тінмін. Ол кісілер таң қалатын ма­ған. Мен енді билет сатпаймын, ақша сұ­рамаймын ғой. Ондай саясат менде жоқ. Сондай-ақ Президенттік сайлау кезінде Нұрсұлтан Назарбаевтың құрметіне 54 ауылды аралап, тегін концерт ұйымдастырдым. Кейіннен оны Талас ауданының ауылдарында жалғастырдым. Сырнайымды арқалап, барлық ауылды қоғамдық көлікпен араладым. Менің өнердегі ұстанымым осы. Қазіргі Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ағамызға да тек Ал­ладан жақсылық тілеймін. Біз сол кісіге демеу болуымыз керек. Елбасы бір сө­зінде «Біздің аузымыздан «Біз азбыз» деген артық сөз шықпауы керек. Алла Тағала әр ұлттың пейіліне қарай жер берген. Осы елімізді, жерімізді Алла тіл-көзден, ғайбат сөзден сақтасын» деген болатын. Бүгінде әр қазақ рухын көтеріп жүрсе жарасады. Нарша Қашағанов «Қу дүниені қуып біреу жар басқан, мансап жалын тартып біреу жармасқан. Байлықта да, билікте де баян жоқ, жо­марттығың жоғалмасын марғасқам», дейтін еді ғой. Біз қазақтың қанына сіңген осындай қасиетті жоғалтпауымыз керек. Ең бастысы, пейіл дұрыс болсын.

 – Өнеріңізді қолдап, қамқор болған азаматтар туралы айтып берсеңіз...

 – 2001 жылы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіне Мырза­тай Жолдасбеков ағамыз шақырды. Ас­танада бес жылға жуық қызмет атқар­дым. Барған соң тұратын жатақхана берді. Рымғали Нұрғалиев, Ақселеу Сейдімбек, Қойшығара Салғараұлы, Хангелді Әбжанов, Қаржаубай Сарт­қожаұлы, Несіпбек Айтұлы сияқты аға­лары­мыздың жанында жүрдім. Клара Тө­ленбаева, Гүлзира Бөкейханқызы сияқ­ты өнер адамдарымен бірге қызмет атқардым. Мырзатай Жолдасбеков, Өмірбек Байгелді сияқты ағаларымыз да өнер адамдарына көп қолдау көрсетті. Досымжан Таңатаров, Айгүл Қосанова сынды әншілерді үнемі қолдап жүретінін өзім талай көрдім. Әуелде Серік Үмбетов Алматы облысына жұмысқа шақыр­ды дедім ғой. Кейіннен, 2014 жы­лы Жамбыл облысының сол кездегі әкі­мі Кәрім Көкірекбаев туған жерге ке­ліп қызмет етуге ұсыныс білдірді. Пә­тер алып берді. Ол кісінің ұсынысын қа­был алып, Таразға келдім. Қазір Ке­нен Әзірбаев атындағы облыстық филар­монияда қызмет атқарып келемін. Маған осындай жақсы адамдардың ша­рапаты көп тиді. Ал жуырда ғана Президенттің Жарлығымен маған беріл­ген «Қазақстанның Еңбек сіңірген қай­раткері» атағын өнерге көрсетілген құр­мет деп ойлаймын. Бұл атаққа ме­ні Жамбыл облысының әкімі Асқар Мыр­зах­метов ұсынған. Жақында ғана Ақордада болып, еліміздің Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаевтың қолынан мәртебелі атақты алып қайттым. Жақсы адамдардың жақсылығын әр­дайым айту керек.

 

Әңгімелескен

Хамит ЕСАМАН,

«Egemen Qazaqstan»

 

Жамбыл облысы