• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Руханият 20 Желтоқсан, 2019

Бір миллион көрермен жинады

970 рет
көрсетілді

Нұр-Сұлтанда Қазақстан Республикасы Ұлттық музейі ашылуының 5 жылдығына орай «Қазақстан музейлері: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты халықаралық форум өтті.

Екі күндік форум жұмысында еліміздегі музейлердің қазіргі әлемдегі өзгермелі жағдайларға бейімделуі мен музейлер әлеуе­тін­ тиімді пайдалануы тал­қы­лан­ды. «Алыс және жақын шетел­дердің музей ісін дамы­ту­дағы тәжірибелері», «Қазақ­стан музейлері: мәселелер мен шешу жолдары» тақырып­та­рын­­да панельдік отырыстар ұйым­дастырылып, отандық мамандар мен Түркия, Грекия, Солтүстік Македония, Малайзия, Татарстан, Өзбек­стан елдерінен кел­ген музей басшылары мен ма­ман­­дары баяндамалар жаса­ды.

Форум жұмысының аясын­да «Алтын адамның әлем музейлеріне шеруі» музей жобасы қорытындыланып, шетелдік сарапшылардың қатысуымен баспасөз мәслихаты өтті.

Ұлттық музей директорының орынбасары Абай Сатыбалдин «Алтын адамның» үш жылдың ішінде таяу және алыс шетелдің 12 елінде көрмеге қойылғанын, оны 1 миллионнан астам шетел­діктердің тамашалағанын баян­дады. Оның айтуынша, Ұлт­тық музей бұл жобаны 2017 жылы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жүзеге асыра бастаған.

Баспасөз мәслихатында әлем­­нің жетекші музейлерінің бас­­шылары сөз сөйлеп, жоба тура­лы өз ойларымен бөлісті. «Бұл жәдігердің таныстырылы­мы Өзбекстанда үлкен қызығу­шы­лық туғызды. «Ұлы дала» атауы­мен өткен көрмеге бір айдың ішінде 10 мыңнан астам көрермен келді», деді Өзбек­станның Мемлекеттік өнер музейі­нің директоры Васила Файзиева. Ал Қазан Кремлі (Та­тарстан Республикасы) Ислам мәдениеті музейінің меңгерушісі Ильнур Низамиев «Алтын адам­ның» тек қазақ халқының емес, бүкіл адамзаттың мұрасы еке­ніне тоқталып, одан ежелгі адамдардың көшпелі өмірінің толық циклын көруге болатынын атап өтті. И.Низамиевтің сөзінше, Татарстандағы көр­меге 4 мың адам барған. Жиында Малайзия Музейлер департаментінің кураторы Мастура бинти Мохд Сах, Афина Эпиграфиялық музейі директорының орынбасары Ионна Вениери, Анадолы өркениеттері музейінің директоры Юсуф Кирач сөз сөйледі. Сондай-ақ шарада Есік «Алтын адамын» тапқан, ұлттық археологтар мектебінің негізін қалаушылардың бірі Кемал Ақышевтың туғанына 95 жыл толуына орай дайындалған деректі фильм көрсетілді.

Ұлттық музей өткізген үл­кен форум аясында Шығыс Қазақстан облыстық тарихи-өл­кетану музейі «Қазақ Ал­тайы­­ның қазыналары» атты көрмесін ашты. Көрмеге Шығыс Қазақстан облысы, Тарбағатай ауданында Зейнолла Самашев 2018-2019 жыл­дары басқарған архео­логиялық экспедицияның табысы – ежелгі сақ мәдениетінің алтын бұйымдары қойылды. «Елеке сазы» қорғандарынан табылған археологиялық олжалар б.э.б VIII-VII ғасырларға жатады. Көрмеге тұңғыш рет «Елеке сазы» қорғанынан табылған жетінші Алтын адамның ғылыми реконструкциясы қойылды.