Біз ұшақтан түскенде Атырау аспаны әлдеқашан түнеріп алған екен. Күннің көзі сәл күлімдесе, жылап жіберуге дайын тұрғандай. Біздің де көңіл алай-дүлей... Кекіл шашын төбесіне көтере жинап, «Айналайын, келдің бе?» деп жүзіне мейірім тұнған мәрт қалпымен қашанда құшақ жая қарсы алар аяулы ағаның енді ешқашан алдымыздан аңқылдап шықпайтынына ақыл сенгенімен, жүрек сенбейтіндей... Талай мәрте фестиваль төрінде жүздесіп, аузынан айналайынын естіп үйреніп қалғандықтан болар, бұл жолғы өзі атындағы фестивальдың қаламгердің өзінсіз өтетіндігін ойлағаннан-ақ Атырау аспанының күйі бізге тым-тым таныс болып бара жатқандай...
Аузынан айналайыны түспейтін адам
Жазушы Рахымжан Отарбаев шығармашылығын тану бір бөлек те, жазушының адами, тұлғалық қалыбына үңіліп, «Айналайын» деп тіл қатар ағалық мейіріміне бөлену – қолына қалам ұстаған кез келген жас талапкер үшін үлкен өнеге мектебі болғаны анық. Соның әсері болса керек, ағаның «Айналайыны» Атыраудың екінші атындай болып көңілге сіңіп кеткені. Жайықтың жағасын жайлаған қонақжай қалаға асыға жетуіміздің де сыры осында жатса керек.
Ұшақтан түсе сала уақыт оздырмай бірден театр жақты бетке алдық. Бұл жақта қазақтың аяулы жазушысы, драматург Рахымжан Отарбаев атындағы ІІІ республикалық театр фестиваліне дайындық қызу жүріп жатыр екен. Құрманғазы атындағы Мәдениет сарайының алды қарақұрым халық. Атырау арда ұлын сағыныпты. Қызыл кілем бойымен театр есігіне бет алған республиканың түкпір-түкпірінен ат арытып жеткен театрлар көші сұңғыла суреткердің екінші мәңгілік өмірінің басталғанын әйгілеп тұр. Жаны қалмай жайраңдай қарсы алып жатқан Жайық жұртының ағеділ пейілі де осыған сендіреді. Көңіл орнына түсейін деді.
Рас, бізде драматург көп емес. Алыс-жақынға сауын айтып, жеке фестивалін өткізу былай тұрсын, жазған еңбегін лайықты режиссеріне табыстап, көңіліндегідей қойылымға айналдыруға әлеуеті жетіп жүргені де тым сирек. Әлем классикасына жиі иек артып, аударма пьесаларға жалтақтауды әлімсақтан қалыпты жағдайға айналдырған қазақ театрларының өнер тудыру дағдысына әбден үйреніп қалған халық үшін жазушы-драматург Рахымжан Отарбаевтың асқан жанкештілікпен жыл сайын туған жері Атырауды былай қойғанда, Шымкент пен Қырғызстан астанасында жеке театр фестивалін өткізуі кезінде үлкен жаңалық болғаны анық. Сондай сәтте жазып қана қоймай, әр туындысының тағдыры үшін алаңдап, бәйек болған жазушы жанының сергектігіне һәм жанкештілігіне тәнті болатынбыз. Драматургтің өзінің шақыруымен сондай тамаша өнер оқиғасының бірнеше мәрте куәсі болу бақыты бұйырғаны жас театр зерттеушісі ретінде бүгінде көңілге үлкен медеу.
«Батыстың Оралханы»
Жалпы, Рахымжан Отарбаевтың әсіресе жастар көңіліне ерекше жақын болуына жақсы мағынасында жазушының өзі «кінәлі». Біріншіден, сұлу сөздің қаймағын сүзіп жазған тамаша туындылары болса, екіншіден – қалам ұстап, жазу әлемін енді аттаған жас талапкерлерге айрықша мейірімін төгіп, қамқорлығын аямауы. «Айналайын!» деп маңдайдан сүйер ағалық ағеділ пейілі де қаламгердің алақан жылуын сезінген әр жастың жүрегінде жатталғаны анық.
Әлі есте, Рахымжан ағаны сырттай көріп жүргенімізбен, жақынырақ танысу, тілдесу мүмкіндігі ақын Ұлықбек Есдәулеттің 60 жасқа толған мерейтойына орай ұйымдастырылған салтанатты жиында шырайлы Шығыс жерінде туған еді. Сырттай сұсты көрінгенімен, сахнаға шықса айрықша шабыттанып, адуындап сөйлеп кетер жазушының ерек болмысы сонда жас журналист үшін дәл кітаптарындай тым-тым қызық көрінген. Жиын аяқталған соң пікір сұрай барып, соңында: «Осы топырақтың тумасы, тамаша жазушы Оралхан Бөкейді көрмей қалуымыз – біздің буынның үлкен бір өкініші болса, бүгін сіздің кербұғыдай сахнаға керіле шығып, иығыңызға түскен шашты кері қайырып тастап, екпіндеп сөйлеуіңіз естеліктен оқып таныған Мұзтаудың мұзбалағы – Оралханды көз алдымызға әкелгендей болды. Мұның әсіресе Шығыс топырағындағы әсері тіпті ерекше екен» дегенімізде, суреткер жарқырай, арқырай бір күліп алып: «Айналайын, Оралхан Шығыстың шайыры болса, мен сен үшін Батыстың Оралханы болайын. Атырауда да бір жазушы ағам бар деп біл» деп, маңдайдан сүйіп, ағалық ақ тілегімен «Біздің ауылдың амазонкалары» кітабын ұсынып еді сонда. Міне, содан бастап Отарбаев әлемінің сұлулық тұнған сырлы әлемі қол бұлғап шақыра берген. Әдебиеттен басталған әдемі әсер драматургиясындағы ойлы сюжет, шым-шытырық қайшылықтар қызығына ұласып, енді кітабы ғана емес, театр сахнасындағы қойылымдарын да бірінші болып көруге асығатын болдық.
Тұлғаларды тірілткен талант
«Ол шығармашылыққа бірден өз биігін алып келді де содан төмендеген жоқ. Қазақ прозасында жазушылар көп, талантты жазушылар да аз емес. Бірақ юмор, сарказм арқылы қоғамның шындығын айтқан суреткерлер сирек. Міне, сол сирек суреткердің бірі – Рахаң болатын» дейді жазушы шығармашылығы жөнінде әдебиет сыншысы Амангелді Кеңшілікұлы. Бұл анықтама қаламгердің драматургиясына да тән даралық. Көркем тілмен кестеленген сұлу сюжет, қызықты оқиға һәм өткір ойлар негізінен тұлғалар табиғатын, батырлар болмысын тірілтуге бағытталған талантты туындылар десек, титтей де артық айтқандық емес. Өйткені Рахымжан драматургиясы – Сұлтан Бейбарыс, өр Махамбет, хан Жәңгір, Сырым батыр, Мұстафа Шоқай, Темірбек Жүргенов, Әміре Қашаубаев, Мұқағали Мақатаев, Фариза Оңғарсынова сынды аяулы тұлғаларды тірілткен ұлттық драматургия. Отарбаевтың театр әлеміндегі орны сонысымен де бағалы. Оның дәлелі ретінде Рахымжан Отарбаев атындағы театр фестивалінің биылғы бағдарламасына енген спектакльдерді санамалап берсек те жеткілікті деп ойлаймыз. Спектакль шымылдығын ашып берген елордалық Қ.Қуанышбаев атындағы академиялық қазақ музыкалық драма театрының «Әміре» драмасы (режиссері – Н.Жұманиязов), одан әрі ретімен тізбеленіп кете беретін – Р.Сейтметов атындағы Түркістан облыстық сазды драма театрының «Мұстафа Шоқай» (режиссері – А.Наурызбаев), Қ.Жандарбеков атындағы Жетісай драма театрының «Түнек торы» (режиссері – Е.Қабдыл), Т.Ахтанов атындағы Ақтөбе облыстық драма театрының «Темір – Нарком» (Мейрам Хабибуллин), Ж.Шанин атындағы Шымкент қалалық академиялық қазақ драма театрының «Бас» (режиссері – Қ.Қасымов), Ақмола облыстық орыс драма театрының «Сұлтан Бейбарыс» (Ольга Луциева), С.Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық академиялық қазақ драма театры мен Н.Жантөрин атындағы Маңғыстау облыстық музыкалық драма театры қатар додаға қосқан режиссер Нұрлан Жұманиязовтың «Мұқағали мен Фариза» және фестивальды түйіндеген Махамбет атындағы Атырау облыстық академиялық қазақ драма театрының «Жалғыздық» (режиссері – М.Томанов) қойылымдары толықтай дәлел болады.
Бәсі биік «Бас»
Бес күн бойы Атырау топырағы ақжарма талантын еске алып, тұлға рухына бас иді. Шығармашылық мұрасына жан-жақты қырынан баға беруге бірқатар талпыныс жасалды.Әдеби туындыларын талдауды әдебиет сыншылары мен әдебиеттанушылардың құзырына қалдыра тұрып, біз өзіміз куә болған қойылымдардың көркемдік әлемі туралы ой қорытып көрсек.
Рахымжан Отарбаев – көркемдік қуаты мықты талғампаз қаламгер. Әр сөзінің астарында мазмұнға бай мағына мен батпандай ауыр салмақ тұрады. Түйдек-түйдек төгіліп кете беретін кестелі тілін былай қойғанда, суреткер қаламына сәуле құйған шығармаларының қай-қайсысында да психологиялық тереңдік, астарлы мағына, парасатты пайым жасырынып жатады. Кейбір қаламгерлер сыбырлап айтуға қорқатын ойлар ашық айтылады. Драматургтің суреткерлік сұңғылалығының сыры сол – адам жанын қозғай, айналасын қаузай жазуымен құнды. Қаламгер әлемі сұлулыққа, тазалыққа һәм сағынышқа толы. Жазушы тудырған бейнелер өзінің ойлылығымен, ұлттың үнін, қоғамның небір түйінді түйткілдерін тарқатуға, мән-мағынасын ашуға ұмтылуымен де көрерменін бейжай қалдырмайды. Кейіпкерлерінің қай-қайсысы да ұлттан, қазақ деген елден өзін бөлек алып көрген емес, қазақы қалып, дағды-дәстүрімен бірге тыныстайды, бірге жасайды. Сахнадан көрермен өзін көреді, жоғалтқанын табады. Бастысы – адамы азып, пиғылы тозған қоғамның тоз-тоз келбетіне өнер биігінен көз тігеді. Өзінше ойланып, өзінше толғанады.
Мәселен, тақырып өзектілігі тұрғысынан да, формалық ізденіс жағынан да Рахымжан Отарбаев драматургиясының шыңы саналатын «Бас» драмасын алып қарайық. Бұл жолы бізге режиссер Қуандық Қасымовтың қолтаңбасында сахна көрген Ж.Шанин атындағы Шымкент қалалық академиялық драма театры ұжымының «Басын» көру мүмкіндігі бұйырды. Оқиғаның барлығы сахнаның ортасынан ойып орын алған жарық жарты бастың айналасында өрбиді. Керексіз күй кешкен Махамбеттің басы... Ә дегенде таңырқай һәм үрейлене оқиға ішіне енгеніңізбен, сюжет дами келе жаныңыз тіпті түршігеді. Бұл жердегі бас – символ. Яғни, Махамбет қазақтың өзі болса, бас – сол ұлттың болмысы, тегі мен тамыры. Махамбеттің басына деген немқұрайлылық ұлттық болмысқа, қазақы қасиетке, мызғымас құндылықтарға, жалпы тамырлы тарихымызға деген немқұрайлылық деп түйесіз іштей. Енді ойлап көріңіз, басынан айырылған ұлттың күйі нешік? Спектакль бойы осы бір сұмдық ойдың шырмауынан босай алмай, іштей өз-өзіңізбен арпалысып, қара терге түсесіз. Иә, бұл – өнер. Сахна тілі арқылы басынан, болмыс-тамырынан айырылған қазақтың күйі дәл осылай болмақ деп ескерту жасайды автор.
Рахымжан реквиемі
Байқап, байыптап көргеніміздей, жалпы фестивальға қатысуға ниет білдірген қай театрдың да Рахымжан Отарбаев драматургиясын барынша жүйелі игеруге деген талпынысы, құлшынысы қуантты. Әр театр шама-шарқының жеткенінше желіп көрді. Режиссерлер жұмысынан да драматург шығармашылығына деген зор құрметтің лебі сезіледі. Сонықтан болса керек, Әміренің әніндей әсерлі, әсем басталған өнер мейрамы жат елде жүріп туған жерінің жусанын аңсаған Бейбарыс сұлтанның сезім күйіндей мәңгілік сағынышқа ұласты. Себебі жазушы атындағы фестивальға жиналған әр қатысушының жүрегінде өзі танып, өзі құрмет тұтқан төл Рахымжаны сайрап тұрған еді. Сол сезімге елітіп олар сахнада сөз алды. Театр тілі арқылы сағыныштарын кестеледі. Әсіресе, Рахымжан Отарбаевтың өзі өмірінің соңына дейін қызмет еткен Махамбет атындағы Атырау театрының «Жалғыздық» қойылымы көп көңілінде ерекше жатталды. Өйткені спектакльде жазушының да ішкі мұңы мен сыры, жан жалғыздығы жатқандай сезілді. Бұл ойымызды қойылым режиссері де қуаттай түсті:
– «Жалғыздық» әңгімесінің жазылу стилі өзгеше, терең дүние. Жалғыздықты жанына серік қылған шерлі адамның жалған дүниеден әбден жалығып, күйзелген жан дағдарысын жұмбақ құбылыс қалпында суреттеген. Барлық өнер тудырушы хас шеберлердің мұңын айтады, жоқтайды. Әңгімесінің басын Рахаң «Анам Шәменнің (Шәмсия) рухына» деп бастайды. Естуім бойынша қаламгердің анасы жастау кезінде суға кетіп қайтыс болған екен... «Кім бар, ей? Қайық әкел, қайық!» деп жанталаса тірі жан иесін іздеуі Рахаңның өз ғұмыр кешу кезеңінің де аз қалғанын аңғартып, тіпті өзі жақындатып тұрғандай сезілді маған, – дейді режиссер Мұқанғали Томанов.
Расымен де «Жалғыздық» фестивальдың жаңалығы болды. Тақырыбымен де, тереңдігімен де. Фестивальға қатысқан қойылымның ешбіріне ұқсамады. Аталған қойылымды тіпті «Рахымжан реквиемі» десе де болғандай... Осы ерекшелікті ескеріп, Қазақстанның Еңбек Ері, КСРО және Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Асанәлі Әшімов, Қазақстанның халық әртісі, режиссер Есмұхан Обаев бастаған театр өнері мамандарынан құралған қазылар алқасы фестивальдың бас жүлдесін бірауыздан М.Өтемісұлы атындағы Атырау облыстық қазақ драма театры ұжымы ұсынған «Жалғыздық» қойылымының қанжығасына байлап берді.
– Әдебиет пен мәдениетке теңдей үлес қосқан Рахымжандай перзентін елі ұмытпауы керек. Ол Қазақстанды ғана емес, алыс-жақын шет мемлекеттерді мойындатқан санаулы суреткердің бірі. Оның шығармашылығын насихаттау ісі қаламгердің елінде үлкен шараға ұласып жатыр. Бұл – жазушының екінші мәңгілік өмірінің басталғанының айғағы. Ақжарма талантын ұмытпай, іздейтін қазақтай арда елі барда Отарбаев биігі аласармайды, – деді Асанәлі Әшімов.
Жазушы рухына бағышталған айтулы өнер думаны аясында, сондай-ақ, тағы да бірқатар тағылымды іс-шаралар өтті. Соның негізгісі – «Рахымжан Отарбаев руханият қоры» тұсауының кесілуі. Жазушының жары Сәуле Отарбаева атап өткендей, бұл қор қаламгер мұрасын көпке таныстырумен қатар, қолына қалам ұстаған талантты жастар шығармашылығын қолдап, насихаттауға да кең жол ашпақ.
Түйін
...Шымылдық жабылды. Фестиваль мәресіне жетті. Бірақ рахымжантану биігі әсте мұнымен аяқталған жоқ. Тамаша театр шеруімен бірге суреткердің драматургиядағы даңғыл жолы, суреткерлік сүрлеуі мәңгілікке бағыт бұрды.
«Адамзаттың Айтматовы» атанған талант Шыңғыс Айтматов кезінде Рахымжан Отарбаев шығармашылығы турасында: «Рахымжан – интеллектуалды қазақ прозасының ХХ ғасырдағы озық өкілі» деп жоғары баға беріпті. Бұдан асырып айту мүмкін де емес. Өйткені Отарбаев әлемі – ойдың әлемі.
Атырау аспаны жылап тұр...