Парламент Мәжілісінің Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен 2019 жылды қорытындылаған жалпы отырыс өтті.
Сессия жұмысында 36 заң мақұлданды
Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин сессия басталғаннан бері депутаттардың жұмысын қорытындылай келе, басымдық берілген бағыттар бойынша қабылданған заңнамаларға тоқталды.
– Жаңа жыл – ол әрқашанда өткенге есеп беріп, болашаққа зор үміт және сенім артатын ерекше кезең. Әрине, біздің кезекті сессиямыз әлі аяқталған жоқ. Өткен төрт айда атқарылған жұмыстарға тоқталатын болсақ, біз 30-дан аса заң жобасын қарап, мақұлдадық. Онда ең алдымен, халқымыздың әл-ауқатын күшейтуге ерекше назар аударылды. Соның арқасында тікелей әлеуметтік-экономикалық маңызы бар бірқатар заң қабылданып, оны жүзеге асыру үшін нақты қадамдар жасалынды. Осы жолда біз Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев белгілеп берген стратегиялық бастамаларды басшылыққа алдық. Сонымен қатар сессияның ашылуында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев алға қойған мақсаттар біздің басым бағыттарымыз болды. Алдағы жылы да басталған жұмысты жалғастыратын боламыз деп сенім білдіремін, – деді Спикер.
Парламент Мәжілісі бұл сессиясында жалпы 77 заң жобасы бойынша жұмыс істеді. Бүгінде оның 36-сы қаралып, мақұлданды. Атап айтқанда, бағыныштылардың сыбайлас жемқорлықпен ұсталғаны үшін басшылардың жеке жауапкершілігі заңмен бекітілді.
Бұған қоса мұғалімдерден қосымша әлеуметтік кепілдіктерді, жүктемені төмендетуді және олардың есеп беруін қысқартуды көздейтін «Педагог мәртебесі туралы» заң жобасы мақұлданды.
Сондай-ақ шағын және орта бизнестен алынатын корпоративтік табыс салығы бойынша түсімдерді жергілікті бюджеттерге беруге заң жүзінде қолдау көрсетілді. Микро және шағын бизнес компаниялары үш жыл мерзімге табыс салығын төлеуден босатылады.
Мәжіліс Төрағасының айтуынша, депутаттар мен Үкіметтің заңнаманы жетілдіру және оның сапасын жақсарту жөніндегі бірлескен жұмысы ақпараттық жағынан толық қамтылып, ашық жүргізіледі. Сессия жұмысы басталғаннан бері жаңа форматта 7 үкіметтік сағат өткізіліп, оның қорытындысы бойынша мемлекеттік органдардың қызметін жақсарту бойынша ұсыныстар жасалды. Бұған қоса Мәжіліс депутаттары Үкіметке 100-ден аса депутаттық сауал жолдады.
Мәжіліс комитеттерінің 5 көшпелі отырысы және бірқатар халықаралық конференциялар өтті. Соның ішінде ең айтулысы және маңыздысы Нұр-Сұлтан қаласында өткен «Үлкен Еуразия: Диалог. Сенім. Серіктестік» тақырыбындағы Еуразия елдері парламенттері спикерлерінің 4-кеңесі болды.
Ратификациялау туралы заң жобалары қолдау тапты
Мәжілістің бұл жалпы отырысында күн тәртібіндегі бірқатар келісімді ратификациялау туралы заң жобалары мақұлданды. Солардың қатарында депутаттар «Шанхай ынтымақтастық ұйымының экстремизмге қарсы іс-қимыл жөніндегі конвенциясын ратификациялау туралы» заң жобасына қолдау білдірді. Аталған заң жобасын Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары Нұрғали Білісбеков таныстырды. Оның айтуынша, конвенцияға Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің басшылары 2017 жылғы маусымда Нұр-Сұлтан қаласында қол қойды. Құжаттың мақсаты – ШЫҰ-ға мүше елдердің экстремизмге қарсы іс-қимыл саласында өзара әрекеттестігінің тиімділігін арттыру.
– Конвенция экстремизм түсінігін тұңғыш рет халықаралық деңгейде деструктивті көрініс ретінде белгілейді, оның мазмұны мен экстремистік іс-әрекеттің негізгі түрлерін анықтайды. Құжат ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің экстремизмге қарсы күрес саласында өзара іс-қимылын қалыптастырады. Конвенцияны іске асыру ШЫҰ елдерінің аумағында экстремистік ұйымдардың мүшелерін кіргізбеу үшін шекаралық ынтымақтастықты күшейтуге, экстремизмге қарсы шаралар әзірлеу мен іске асыруда халықаралық және өңірлік ұйымдармен өзара іс-қимылды арттыруға, экстремизмге қарсы іс-қимылдың насихатталуын, соның ішінде БАҚ пен интернет желісінде күшейтуге, экстремистік идеологияның таралуын уақтылы анықтау мен жолын кесу мақсатында мониторинг жүргізуді жетілдіруге мүмкіндік береді, – деді Нұрғали Білісбеков.
Сонымен қатар ҰҚК өкілі Өңірлік терроризмге қарсы құрылымның аясында тараптардың шекара қызметтері өзара байланыста әрекет ететінін мәлімдеді. Тұрақты түрде жыл сайын әр тоқсан сайын осы қызметтердің сарапшылар тобы жиналып, қажетті шешімдер шығарады. Жылда ең кемі бір рет шекара ведомстволарының басшылары бас қосып, отырыс өткізеді. Отырыста қажетті шешім қабылдап, ол шешімдер жүзеге асырылады. Бұл тәжірибе «Ынтымақтастық» деген бірлескен шекара операциясы арқылы атқарылады. Осы жылы Қазақстанның шекара қызметкерлері іздеуде жүрген 10 шетелдікті ұстап, өз елдеріне қайтарды. Сондай-ақ Ұлттық қауіпсіздік комитеті жедел іздеу жұмысын ұйымдастырады. Осы жұмыс барысында 2019 жылы терроризм мен экстремизмге қатысы бар 31 шетелдікті ұстап, олар елдеріне қайтарылды.
Жалпы отырыста депутаттар «Тұншықтыратын, улы немесе басқа да ұқсас газдар мен бактериологиялық құралдарды соғыста қолдануға тыйым салу туралы хаттаманы (Женева, 1925 жылғы маусым) ратификациялау туралы» заң жобасын мақұлдады. Бұл құжат жөнінде Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов баяндады.
– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жаппай қырып-жою қаруын пайдаланбау, барлық биологиялық зерттеулерді тек бейбіт мақсатта пайдалану, халықаралық қауіпсіздікті нығайту бойынша өз ұстанымын әлемдік деңгейде көтеріп, нақты істермен дәлелдеді. Қазақстан бактериологиялық және уытты қаруды әзірлеуге, өндіруге әрі олардың қорын жинақтауға тыйым салу және оларды жою туралы конвенцияны бұрын ратификациялаған. Уәкілетті орган ретінде 2007 жылы Білім және ғылым министрлігі болған еді. Осы қабылданған конвенцияны толықтыратын және нығайтушы элементтер ретінде саналатын Женева хаттамасы болып отыр. Бұл екі халықаралық құжат бір-бірімен өте тығыз байланысты. Ұсынылып отырған Женева хаттамасы халықаралық қауіпсіздік жүйесінде маңызды рөл атқарады әрі осы саладағы қажетті тетіктердің бірі болып саналады. Аталмыш хаттама ХХ ғасырдың басында қабылданса да бүгінге дейін ол осы химиялық тұншықтыратын, улы бактериологиялық құралдарды қолдануға тыйым салатын басты заңды құжаттың бірі болып танылды. Сондықтан министрлік Женева хаттамасын ратификациялау мәселесін назарға ұсынып отыр. Президент Әкімшілігінің және Қауіпсіздік Кеңесінің тапсырмасы бойынша Женева хаттамасын ратификациялау мәселесі біздің министрлікке жүктелген еді. Құжаттың ғылыми-құқықтық сараптамасын әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті жүргізді. Осы сараптамаға сәйкес Женева хаттамасы Қазақстанның сыртқы саясатының тұжырымдамасына, сондай-ақ еліміздің Халықаралық шарттар туралы заңға толық көлемде сәйкес келеді, – деді министр.
Томиристің ерлігін кеңінен насихаттауды ұсынды
Жиын соңына қарай әдеттегідей бірқатар депутат мемлекеттік органдар басшыларына депутаттық сауалдарын жолдады. Сауал жолдағандар қатарында Азат Перуашев, Владислав Косарев, Магеррам Магеррамов, Наринэ Микаелян, Сауытбек Абдрахманов және Тұрғын Сыздықов бар.
Мәжіліс депутаты Сауытбек Абдрахманов Үкімет басшысы Асқар Маминге жолдаған депутаттық сауалында әлемге әйгілі әмірші Кир мен массагеттер әскерінің арасындағы алапат шайқастың ел тарихындағы орны, оның ұлттық сана-сезімімізді қалыптастыруға, отаншылдық тәрбиесіне қоса алар үлесі туралы сөз қозғады.
– Біз бұл шайқасты әлем тарихын өзгерткен оқиғалар қатарына қоса аламыз. Неге? Себебі оған дейін Алдыңғы Азияны, Кіші Азияны, Мидияны, Лидия патшалығын, Вавилонияны, Месопотамияны, Сирияны, Палестинаны және Финикияны жаулап үлгерген Кир (дұрысы – Куруш) осы жорықтан кейін Египетті басып алу соғысын бастамақшы еді. Одан кейін Еуропа елдерін бірінен соң бірін басып алмақшы еді. Кирдің бұл жорыққа шыққандағы мақсаты сақ даласындағы аңызға айналған мол алтынға қол жеткізу болатын. Страбонның сақтар туралы «Оларда күміс жоқ, темір аз, бірақ қола мен алтын көп» деп жазғаны белгілі. Егер Кир массагеттермен шайқаста ажал құшпағанда әлемнің сол замандағы саяси картасы басқаша қалыптасуы, көптеген халықтардың қанқұйлы қолбасшының құлдығына түсуі әбден мүмкін еді. Арғы ата-бабаларымыздың елдің азаттығы жолындағы осы ұлы ерлігі тарихымызда тиянақты таңбаланып, мектеп оқулықтарына кеңінен енгізілуге, маман зерттеушілердің еңбектері арқылы әлем тілдерінде насихатталуға тиісті. Ұлы даламызда осы орасан оқиғаға арналған еңселі монумент тұрғызылса да ешқандай артығы жоқ, – деді депутат.
Мәжілісмен өз сауалында Болат Жандарбековтің «Томирис» хикаясы мен жақында «Қазақфильм» студиясы ұсынған «Томирис» фильмін атап өтіп, Премьер-Министр Асқар Маминнен Ұлы қолбасшы Кирді жер қаптырған шайқастың өткен орнын шамамен болса да анықтау жөнінде тиісті ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу туралы нақты тапсырма беруін сұрады.