• RUB:
    5.41
  • USD:
    472.49
  • EUR:
    515.44
Басты сайтқа өту
Қаржы 27 Желтоқсан, 2019

Жандар ОМАРОВ: Шағын несиеге сұраныс көп

444 рет
көрсетілді

Биыл «ҚазАгро» Ұлттық басқарушы холдингінің еншілес компаниясының бірі «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» акционерлік қоғамының құрылғанына 25 жыл толып отыр. Қор осы ширек ғасырда ауқымды жобаларды қаржыландырып, елдегі кәсіпкерлік саланы дамытуға, жұмыссыз азаматтардың жұмыспен қамтылуына ықпал етті. Қазір де әлеуметтік жобаларды сәтті жүзеге асырып келе жатқан «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ Басқарма төрағасы Жандар ОМАРОВПЕН сұхбаттасып, 25 жылда атқарылған жұмыстар жөнінде және шағын несие беру процестері туралы білген едік.

– Жандар Даниярбекұлы, Ауыл шаруа­­шы­лы­ғын қаржылай қолдау қо­ры­­ның құрыл­ға­ны­на биыл 25 жыл толып отыр. Ширек ға­сыр­­да қор қандай же­тіс­тік­терге жетті?

– Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры 2005 жылдан бері ауыл кәсіп­кер­леріне ша­­ғын несие берумен айналысып келеді. Осы жыл­­дар ішінде қор ауыл тұр­ғындары, қаржы институттары мен жер­гі­лік­ті атқарушы органдар сияқ­ты серіктестері үшін сенімді компания ре­тін­де танылды. Қор құрылғаннан бергі 25 жылда жал­п­ы сомасы 322 млрд теңге болатын 155 мың кәсіпкерге несие берілді.

Соңғы жеті жылда компания «Жұмыспен қамту» мемлекеттік бағдарламасы аясында ауыл кәсіп­керлеріне несие беруде. Соның нәтиже­сінде мың­даған ауыл тұрғыны жұмыс­пен қамтылды.

Сондай-ақ қор «Дипломмен – ауылға!» жобасы бойынша жас мамандарды бюджеттік несие­леу­дің қаржы операторы ретінде жұмыс істеп келеді. Он жылда ауылға жұмыс істеуге барған 32 мың маманға 85,8 млрд теңге несие берілді. Бү­гінгі таңда қордың несиелік портфелінде 46 мың жоба бар. Соңғы бес жылда оның көлемі екі есеге артты.

– Кәсіпкерлер үшін қор беретін несиенің қандай артықшылығы бар?

– Бұл орайда қордың несие беру шарттарын ескеру қажет. Мысалы, банк­тер несиені жылдық 16-20%-дық мөл­шер­ле­ме бойынша беретін болса, қор бағ­дар­ла­ма­ларының жылдық сыйақы мөл­шерлемесі 6%-ды құрайды. Несие өнім­де­рі­міздің тағы бір артықшылығы – несиені 7 жылға дейінгі ұзақ мерзімге беруімізде және қосымша комис­сия­лар мен алымдар жоқ.

Несиені өтеудің қолайлы кестесі бекіті­ле­ді және екі жылға дейінгі жеңілдік кезеңі қа­рас­ты­рылған. Яғни, несие алушы жеңілдік мерзімі аяқ­тал­ғанша төлем жасамайды. Кә­сіп­­керге өзінің алғаш­қы өнімін немесе фермер­ге алғашқы төлін алып, табыс табуына мүмкіндік беріледі. Сондай-ақ қор ауыл­дардағы жер учаскелерін және қай жылы қандай материалмен салынғанына қара­мас­тан үйлерді кепілдеме ретінде қабыл­дай береді.

– Қор беретін шағын несиенің ауыл кәсіп­кер­­лігін дамытудағы үлесі қандай?

– Біз несие қаражаты есебінен жұмы­сын жаңадан бастағандарды, шаруа­шылық­­тарын ке­ңей­тіп, мал басын көбейтіп, жұмыс орындарын ашып жатқан көптеген кәсіпкерді мысалға келтіре ала­мыз.

2013 жылдан бері «Жұмыспен қамту» бағ­дар­ла­масы аясында 55 мыңнан астам ауыл тұрғыны жұ­мыспен қамтылды. «Еңбек» бағдар­ламасы бо­йынша несие қаржысының 70%-дан астамы стартап-жобаларды қолдауға бағытталды.

«Сыбаға» бағдарламасы бойынша екі жылда 530 шаруашылық 40 мың бас асыл тұқымды ірі қара сатып алуға несие алды. 123 отбасылық тауарлы сүт фермасы 9,4 мың бас сүтті сиыр сатып алу үшін қаржы­ландырылды. Жалпы, әр жобаның өзін­дік ерекшелігі мен артықшылығы бар. Со­ның есебінен жұмыс орындары ашылып, шаруа­шылықтар кеңейіп, шағын қалалар мен ауыл­дар дамуда. Бұл тұрғыда қордың ел дам­уына қо­сып келе жатқан үлесі үлкен деп есептеймін.

– Ауыл шаруашылығымен айна­лы­су­ға жас­­­­тардың қызығушылығы қан­ша­лық­ты дең­­гейде?

– Жұмыспен қамту бағдарламасы жас­тар­ға, өз ісін жаңадан бастаған кәсіп­кер­лер­ге үлкен мүм­кіндік береді. Сондықтан соңғы уақытта біз­ден несие алғандардың ара­сында жастар көп. Биыл 29 жасқа дейінгі мың­ға жуық кәсіпкерге 2,5 млрд теңгенің несиесі берілді.

Сондай-ақ әйел кәсіпкерлерге де осындай қол­дау көрсетіледі. Бізден несие алатын аза­мат­тар­дың әрбір үшіншісі әйелдер деу­ге бо­лады. Айта кету керек, әйелдердің қар­жы­лық жа­уап­кер­шілігі жоғары болады. Олар аза­мат­тар­ға жұ­мыс беріп, отба­сы­ла­ры­ның табысын арттырып отыр. Бұған да нақты мысалдар жетерлік.

– Несие алушылардың тарапынан қор­­дың қай бағдарламасына сұраныс көп және нақты қанша несие берілді?

– Қор жүзеге асыратын негізгі кредиттік өнім­дер екі мемлекеттік бағдарлама бойынша қаржыландырылады. Олар: агроөнеркәсіп ке­шенін дамыту бағдарламасы және «Еңбек» нә­тижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кә­­сіп­керлікті дамыту бағдарламасы. Агро­өн­ер­­кәсіп кешенін дамыту бағдарламасы ая­сын­­­да етті және сүтті мал шаруашылығын, сер­вис­тік-дайындау қызметін және ауыл шаруа­­шы­лы­ғы коопе­ра­тив­те­рін дамытуды несие­леу ба­сым­дық­қа ие.

Егер биыл қаржы берілген жобалар­ды сара­ласақ, «Игілік» (27,3 млрд теңгенің 8 914 не­сие­сі берілді), «Сыбаға» (14,7 млрд теңгенің 753 не­сиесі берілді) сияқ­ты мал шаруа­шы­лы­ғын да­мыту бағ­дар­ла­малары үлкен сұра­ныс­қа ие. Бұдан бөлек, кәсіпкерліктің барлық түрін қар­жы­­лан­дыруға бағытталған «Кәсіпкер» бағ­дар­­ла­­ма­сына сұраныс үлкен (14,3 млрд теңгенің 2 880 несиесі берілді).

 Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағ­дар­ламасы ая­сын­да шағын несие беру қа­лай жүзеге асыры­ла­ды және кімдерге бе­ріледі?

«Еңбек» бағдарламасы аясында бері­ле­тін шағын несие ауылды жерлерде өз кәсібін ашатын жеке тұлғаларға арналған. Олардың көбі жұмыссыздар мен өзін-өзі жұмыспен қам­тып отырғандар, шағын шаруашылықтар және ауыл кәсіпкерлері.

Биыл «Еңбек» бағдарламасының аясында шағын несиеге деген сұраныстың көптігі еске­ріле отырып, қор 27,5 млрд теңгенің орнына 47,8 млрд теңгенің несиесін беріп отыр. Мемлекет басшысының тапсырмасы бо­йынша кәсіпкерлікті несиелендіруге қосымша 20 млрд теңге қаржы бөлінді. Оның 5 млрд теңгесі қалаларда іске асырылатын жобаларды қолдауға бағытталды.

– Келер жылғы жоспарларыңызбен бө­ліс­­се­ңіз. Алда қандай міндеттер тұр?

– Агроөнеркәсіп кешенін дамыту және «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жап­пай кәсіпкерлікті дамыту мемлекеттік бағ­дар­ламаларында белгіленген міндеттерді жү­зеге асы­ру – негізгі жоспарымыз. Бұл са­ла­­лар қор қыз­метінің басым бағыттары болып қала береді.

Сонымен қатар несие алушылардың уақыты мен қаржысын үнемдеу үшін бизнес-процес­терді оң­тайландыру жұмыстары жал­ға­са­тын болады.

 

Әңгімелескен

Думан АНАШ,

«Egemen Qazaqstan»