• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Руханият 30 Желтоқсан, 2019

Айтулы Ақаң еді

448 рет
көрсетілді

Биыл Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген ғылым қайраткері, Ғылым академиясының академигі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Ақай Нүсіпбекұлының туғанына 110 жыл толды. Осы орайда, ғалымның тарих ғылымына қосқан зор үлесі мен ғылыми мұрасы биыл да кеңінен аталып өткенін ризашылықпен айтқым келеді.

Ақай Нүсіпбекұлымен қа­тар еңбек еткен академик Ма­наш Қозыбаев оған «Дәуір ше­жірешісі» деп баға берген бол­са,  қазақ тілінің үлкен жана­шыры, академик Әбдуәли Қай­дар Ақаңның жұмысты қатал талап ететін жан бол­ғанын айтады. Сөйте тұра, азаматтық абзал қасиетінен айнымайтынын да үлгі етеді. «Ақаң қоғамдық ғылымдар бойынша вице-президент қызметін атқарып жүрген кезінде мен Тіл білімі институты директорының орынбасары едім. Директорымыз белгілі ғалым Ісмет Кеңесбаев болатын. Сан алуан ғылыми-ұйымдастыру мәселелерімен күнде дәйекті түр­де айналысып отыратын вице-пре­зи­денттің «құлақ кесті құлы» – инс­ти­туттар директорларының орын­басарлары. Мен сол жылдары Ақаңмен қызмет бабына байланыс­ты жиі кездесіп, тапсырмаларын орын­дап жүр­дім. Бір қарағанда тым қа­рапайым, ауылдағы таныс адамдар сияқты өзіне баурай сөйлейтін, істен басқа ар­тық әңгімесі жоқ адам болып көрінгенмен, тапсырған жұ­мысты қатал талап ететін еді. Сол тапсырма орындалып, ой­дағыдай болып шыққанда ғана Ақаңның қабағы жадырап, біз сияқты жастау басшыларға аға­лық мейірбандықпен қарап, ашыла сөйлеп, ақылын айтып, жылы қабақпен шығарып салушы еді. Мен тәрізді академикті «дүниеге келтірген» академик ағаларымды ерекше бір ілти­патпен еске аламын. Ақаңның жақсылығын кезінде өзіне дұ­рыстап айта алмаған едім. Енді естелік ретінде болса да мар­құмның ұлы рухы алдында басымды тағы бір иіп, тағзым етемін!» депті Әбдуәли аға өз естелігінде.

А.Нүсіпбекұлы өмір сүрген кезең түрлі өзгерістерге, тіпті халық тағдыры таразыға тар­тылған сәттерге де толы болды. Академик Салық Зиманов айтқандай, аумалы-төкпелі за­манда, мұң мен зардың, айтыс пен тартыстың, өмір мен өлімнің бел ортасында жүрсе де азаматтық тұлғасына дақ түсірген жоқ. Жас мамандарға, ғалымдарға қатты іш тартып, олардың ғылым әлеміндегі өз орнын қалыптастыруына қамқорлық жасады. 

1944 жылы И.Панфилов атын­­дағы №8 гвардиялық атқыштар ди­визиясының саяси бөлімінің нұс­қаушысы, ма­йор А.Нүсіпбеков КСРО Ғылым ака­демиясы қазақ филиалының президенті Қ.Сәтбаевтың атына жол­даған хатында келешекте жазылатын Отан соғысы та­рихына байланыс­ты, майданда ерлікпен шайқасқан қазақстандық жерлестеріміз туралы материалдарды осы бастан жинай беру маңызды екенін, сондай ерлердің бірі Төлеуғали Әбдібеков туралы құжаттарды жіберіп отырғаны айтылады. Соғыста 398 фашист жендетін жер жастандырған атақты мерген Т.Әбді­бековтің мергендік кітапшасы мен хат­тарын қоса жіберіпті. Кейі­нірек сәті түскенде өзінен сұ­ра­ғанымда, майданда сая­си қызметкер ретінде мергендер арасында болғанын айт­ты. Төлеуғали жараланып, гос­питальда емделгенде, хат жа­зысып тұрған екен. Ол Новосокольники түбінде қа­за тапқанда, қоржынынан мер­гендік кітапшасымен бірге, сол хаттар да шығыпты.

Тарих ғылымдарының докторы Ибраһим Шәмшатұлы А.Нүсіпбек­ұлының батыл адам болғанын айтады. Иә, кеңес дәуірінде кей шешімдерді ба­тыл­дықпен, үлкен тәуекелмен қабыл­дауға тура келді. «Батыл­дықсыз күрделі мәселелердің шешілмейтіні, батыл емес адамның ез болатыны белгілі ғой. 1950 жылдардың бас ке­зінде қазақ ға­лымдарына кү­діктене, менмендікпен қарау етек алды. Осындай жағымсыз, нәсілшілдік құбылыстың қал­дықтары 1960 жылдары да кездесіп қалатын. Ақай бас­қарып отырған институттың ғы­лыми қызметкері В.Кузнецов өрес­кел әрекетке жиі ұрынатын. Ол Новосібірдегі бір жолдасына: «Мен­ калбиттерді үйретуден шаршап жүрмін», деп хат жазыпты. Бұл хат ұмытылып, жіберілмей қалған жері­нен қолға түсіп, Кузнецовтың шо­винистік нәсілшілдігі әшке­реленді. Институт дирек­торы А.Нүсіпбеков оның кітап­ша­сына «шовинистік көз­қарасы үшін жұмыстан бо­сатылды» деп жазып, орнынан босатты. Ол кезде бұл батыл әрекет еді» деп жазады И.Шәмшатұлы.

А.Нүсіпбекұлы соны­мен қатар  жан-жақты білім­дар, көп білетін көшелі кісі бол­ды. Өзі ғұмырын ар­на­ған тарих ғылымына ғана емес, барлық салаға қатты қызы­ғу­шылық танытып отыратын. Музыкаға қа­тысты бір ға­на мысал: қызым Мар­жан Про­копьев атындағы музыка мек­тебінде оқыды. Маржанның музыка мектебінде оқуға қабыл­дан­ғанын айтқанымда, сол күні күйсандық сатып әперді. Мар­жан төртінші сыныпқа көшкенде, «кәне, екеуміз төрт қолмен ойнап көрейікші» деп, Агинскийдің «Полонезін» ойнай жөнелді. «Ата, сіз асығып отырсыз, тыңдап тарту керек қой» дейді Маржан. Атасы оның сөзіне мәз болады. «Енді дұ­рыстап ойнаймын, қайтадан тартып көрейік» деп тағы ойнайды.

Әсілінде А.Нүсіпбекұлы­ның музыкадан ғана емес, оның тарихынан, халық фоль­кло­рынан да мол хабары бол­ды. Күйлердің, әндердің шы­ғу тарихынан әңгіме айтып, тереңнен тарқатып отыратын. Ол осындай көп қырлы білім­дарлығын, табанды, батыл, талапшыл мінезін өзі шын беріл­ген ғылымға арнады.

 

Мәкен Нүсіпбекова