• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қазақстан 05 Қаңтар, 2020

Жаңа жылдың жаңа қаласы – Тобыл

676 рет
көрсетілді

Қасиет тұнған туған жердің қай тұсы болсын қазақы қалпының сақталуымен қадірлі. Өңір-өңірді өзімізше атағанымыз өлкенің өшкенін жандырып, өркенін өсіруге серпін береді. Осындай игіліктің басы, жаңа жылдың жаршысы тағы бір жер атауын жаңғырту болды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қостанай облысы Затобол кентін Тобыл деп атау және оны аудандық маңызы бар қаламен теңестіру туралы Жарлыққа қол қойды.

Елдіктің еңсесін биіктетер 2020 жыл­дың алғашқы Жарлығы 2 қаңтарда шықты. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақ­стан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы» 1993 жылғы 8 жел­тоқсандағы Қазақстан Республикасы Заңы­ның 9-бабына сәйкес Қаулы етіп, бұл құжатта «Қос­танай облысы Қостанай ауданының аудандық маңызы бар қалалар санатына жатқы­зылсын; Затобол кенті Тобыл қаласы болып қайта аталсын» деп көрсетілді. Атал­ған Жарлық алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

Осылайша туған жерге ту тігіп, айдар тағу өңірді түлетуге түрткі болмақ. Тобыл болып түрленген қала Тобыл өзенінің оң жа­ғалауынан орын тепкен. Бұрынғы Затобол кентін қайта атау бастамасы қашаннан бері көтеріліп, оған қала мәртебесін беру де назардан түскен жоқ. Кенттің қала мәртебесін алуы ондағы әлеуметтік-экономикалық жә­не демографиялық жағдайға оң серпін бере­тініне, орталықта халыққа қолайлы ғима­рат­тар бой көтеретініне сенімдіміз. Қазір­дің өзін­де жаңа шағын аудандар салын­ған елді­ мекен одан әрі өркендей түспек. Мұнымен Қос­танай облысында алтыншы қала қанат жаяды.

Бұған дейін жергілікті деңгейде талай рет талқыланған бұл мәселеге келгенде тұрғындардың пікірі екіге бөлінген еді. 26 мыңнан аса халқы бар қалада түрлі этнос өкілдері шоғырланған. Олардың ішінде келмеске кеткен Кеңес Одағының кезінде таңылған Затобол атауын қалдыруды құптайтындар да болды. Дегенмен кентті қайта атау қала ретінде дамуға бастайтыны көпшіліктің көңіліне сенім ұялатты. Қалай болғанда да шаңыраққа қарап тіршілігін жасаған тұрғындардың ортақ мақсатқа жұмылуы бірлігімізді нығайтып, берекемізді кіргізері даусыз.

Сонымен қатар қаланың Тобыл аталуы өңірдегі мемле­кет­тік тілдің әлеуетін күшейтуге де септігін тигізеді. Бұл қала­дағы үш балабақшаның біреуі ғана балдыр­ғандарды қазақ тілінде тәр­биелесе, төрт мектептің тек бі­реуі мемлекеттік тілде білім береді екен.

Осының алдында Қостанай облысындағы Таран ауданы Бейім­бет Майлин деп қайта атал­ған еді. Соңғы кездерді облыс­та ономастика саласындағы жұмыстар оң нәтижесін көрсетіп жатыр. Өңірдегі 142 ауылдық округ­тің 42-сі, 556 ауылдың 63-і, 6138 көшенің 602-сі идеология­лық тұрғыдан ескірген. Өткен екі жыл ішінде 1 аудан, 7 ауыл­дық округ, 7 ауыл, 106 көше және 14 нысанның атаулары өзгер­тілген. Жалпы, Президент Әкімші­лігінің мәліметіне сәйкес, бүгінде елімізде идеологиялық тұрғыда ескірген 5017 көше, 901 елді­ мекен және 940 нысан бар екен. Олардың негізгі бөлігі Қоста­най, Павлодар, Солтүстік Қазақ­стан және Қарағанды облыстарында орналасқан.

Жер атауларының тари­хы­мыз­дан тамыр тартуы – тегіміз­ден ажырамағанымыздың айға­ғы. Атамекеннің әр аймағы – ел­дің айнасы. Бұдан дәл бір жыл бұ­рын 3 қаңтарда Шығыс Қазақ­стан облысының Зырян ауданы және Зырян қаласының Алтай ау­даны және Алтай қаласы болып аталғанына бар қазақ сүйін­ген еді. Осындай ақжолтай жаңа­лықпен биыл да жыл ашып отырмыз. Тобыл қаласы болып бойын тіктеген бұл мекеннің қойнауы құтқа тола берсін!