• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Саясат 09 Қаңтар, 2020

Мемлекет қазынасының тең жартысы әлеуметтік бастамаларға жұмсалады

378 рет
көрсетілді

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр «Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұхбатында Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы бастамашы болған әлеуметтік бастамалардың жалғаса беретінін баса айтқан болатын. Тіпті бірқатар бастаманы межеленген мерзімінен ертерек қолға алуға тапсырма да берді. Мемлекет басшысы «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты халыққа Жолдауында көп балалы және жағдайы төмен отбасыларға баса мән бере отырып, бизнеске қолдау көрсетудің жаңа тәсілдерін енгізу керектігін, Үкіметтің әлеуметтік төлемдер көлемінің артуына назар аударуы тиіс екенін атап өткен-ді. Президент тапсырмаларын орындау үшін биыл республикалық бюджеттің 50 пайызы әлеуметтік блокқа арналып отыр. Кеше Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен жиында Премьер-Министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев пен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов 2020 жылы жүзеге асырылатын әлеуметтік бастамалардың жайын түсіндірді.

Еңбекақы мен зейнетақы өсті

Ең алдымен вице-премьер жаңа жыл­дан бастап 500 мың педагогтың еңбек­ақысы 25 пайызға, 215 мың дәрігер мен мед­бикенің жалақысы тиісінше 30 және 20 па­йызға, 25 мың әлеуметтік қызметкер мен 34 мың мәдениет, өнер және мұрағат қыз­меткерлерінің еңбекақысы 30 пайызға арт­қанын атап өтті. Сондай-ақ 2,2 млн зейнеткердің әлеуметтік төлемдері 7 пайызға, 4 млн-нан астам әр­түрлі мемлекеттік жәрдемақы алатындар 5 пайызға, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры­нан 132 мың әлеуметтік жәрдем­ақы алатындар 30 пайызға көбейген. Жалақы мен әлеуметтік төлемдердің өсуі жалпы 7,2 млн қазақстандықты қамтып, мемлекеттік бюджеттен әлеуметтік салаға арналған шығыстар үлесі 47 пайыздан 50 пайызға дейін жеткен.

Сондай-ақ зейнетақы жинағын пайдалану бойынша ұсыныстар әзірленгенін жеткізген Бердібек Сапарбаев: «Прези­денттің тапсырмасы бойынша Үкіметтің жанынан арнайы жұмыс тобы құрылды. Оған танымал ғалымдар мен сарапшылар енді. Біз халықаралық тәжірибені зер­делеп шықтық. Сөйтіп, Президент әкімші­лігіне зейнетақы жинағын пайдалану бо­йын­ша бірнеше ұсыныс енгіздік. Онда зейнет­ақы жинағын баспана алуға және тегін ме­дициналық қызмет пен міндетті әлеуметтік меди­циналық сақтандыруға кірмейтін ем-дом­дарға жұмсауға мүмкіндік беру қарасты­рылған. Біз тиісті есеп-қисапты жасап шық­тық. Қазақстандықтар зейнетке шық­қаннан кейін шамамен 19-25 жыл өмір сүре­ді. Сондықтан біз әрбір адамның есепшо­тындағы қаржы зейнет жасына жеткілік­ті болатынына  көз жет­кізуіміз керек. Бір өкініштісі, қазіргі кезде са­лым­шы­лардың жартысының жинақ сома­сы 1 млн теңгеге жетпейді. Ал қажетті сома, мөл­­шермен 10-12 млн теңге болуы тиіс», деді.

 Жәрдемақы. АӘК. Кепілдендірілген әлеуметтік көмек

Әлеуметтік көмектегі ең үлкен жаңалық­тың бірі – көп балалы отбасылардың табысына қарамастан мемлекеттік жәрдемақының тағайындалуы. Бұл жәрдемақыны 4 және одан да көп кәмелетке толмаған балалары немесе 23 жасқа дейінгі күндізгі оқу бөлімінде оқитын студент балалары бар отбасылар ай сайын алып отырмақ. Нақтырақ айтқанда, бюджеттен 4 балаға – 42 496 теңге, 5 балаға – 53 127 теңге, 6 балаға – 63 757 теңге, 7 және одан да көп балаға – 74 388 теңге тұрақты төленеді. «Мемлекеттік жәрдемақы үшін осы жылға бюджеттен 177 млрд теңге қарастырылды. Қаңтар айында 367 мың көп балалы отбасына аталған  жәрдемақы тағайындалды», деді министр  Біржан Нұрымбетов.

Ал атаулы әлеуметтік көмек осы жылдан бастап жаңа тәртіппен беріле бастайды. Ондағы өзгерістерге тоқталған Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі  былай деді: «Ең алдымен, АӘК тоқсан сайын тағайындалады. Екінші өзгеріс – мөлшеріне қатысты. Өлшем-шарттар өзгеріссіз қалды. Яғни, отбасының орташа табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70 пайызына жетпейтін болса атаулы әлеуметтік көмекке ие болады. Бірақ енді адам басына 21 мың теңге берілмейді, орташа табыстың кедейлік шегінен айырмасы ғана төленеді. Мұнда 2018 жылғы тәртіп қайта қалпына келтірілді. Есесіне АӘК алушы балаларына кепілдендірілген әлеуметтік топтама алады. Жаңа механизмнің негізгі мақсаты – атаулылығында. Егерде отбасының табысы шынымен төмен болатын болса, ол көп балалыларға берілетін мемлекеттік жәрдемақыны да, АӘК-ті де алады және кепілдендірілген әлеуметтік топтамамен қамтамасыз етіледі. Демек мөлшері артпаса, азайған жоқ. Бұл бір жағынан нағыз мұқтаждарға көмектесуге мүмкіндік береді. Үшінші өзгеріс – АӘК алатын отбасындағы еңбекке жарамды азаматқа өз мамандығына сай және қатынауға қолайлы жерден жұмыс ұсынылады. Егер ол одан бас тартса, АӘК беру тоқтатылады. Бұған мүгедек жандар, оқып жүрген еңбекке жарамды азаматтар, 3 жасқа дейінгі баламен және мүгедек жанды, қарттарды қарап отырған кісілер, 1 және 2-топтағы мүгедек ересектер, қарттар жатпайды. Баламен үйде отырған аналарға ерекше қарайтын боламыз. Оларға толық емес режімдегі жұмыстар ұсынылады».

Шәкіртақы сол күйінде АӘК тағайындауда табыс көзі ретінде есептелмейтінін, ал жаңа жәрдемақының табысқа жатқызылатынын айтқан министр орта, жоғары білім алып жүрген студент қай қалада оқып жүргеніне қарамастан АӘК алатынын атап өтті. Бұдан бөлек, АӘК алушыларға кепілден­дірілген әлеуметтік топтама беріледі. Министрдің айтуынша, биыл мектеп жасына дейінгі 220 мыңнан астам бала, мектеп жасындағы 370 мыңнан астам бала осы кепілдендірілген топтамамен қамтамасыз етіледі. «Мектеп жасына дейінгі балаларға азық-түліктің топтамасы және гигиеналық құралдар беріледі. Мектеп жасындағы балалар мектепте ыстық тамақпен қамтылып, мектеп формасы, оқу құралдары және мектепке қатынауға жол жүру жеңілдіктері, медициналық көмек қарастырылады. Қазір тиісті нормативтік құқықтық актілер әзірленді. Әкімдердің ұсыныстары бо­йынша Үкіметтің қаулысымен 493 сауда орталығы бекітілді. Олар осы топтаманы дайындайды. Оларға талап, техникалық сипаттамалар әзірленді. Оны іске асыру жергілікті атқарушы орындардың жауапкершілігінде. Азық-түлік топтамасында халықаралық тәжірибе ескерілген. Ең маңыздысы, біз Денсаулық сақтау министрлігімен бірге Дүниежүзілік денсау­лық сақтау ұйымының ұсынымдарын ескере отырып, баланың физиологиялық ерекшелігін және тағамдық, энергетикалық құндылығы жасына сай азық-түліктерді дайындадық. Мектеп жасындағы балаларға мектеп формасы, мектеп құралдарының барлығы енеді», деді Еңбек министрі.

 Несие мен грант жеңілдетілген жолмен беріледі

Министрдің айтуынша, шағын несие беру жолдары жетілдіріліп, аз қамтылған және көп балалы отбасылардағы жұмыссыз азаматтарға тиімділіктер қарастырылып отыр. «Ең алдымен олар үшін несиенің мерз­імі 7 жылға дейін ұзартылады. Пайыз­дық мөл­шер­лемесін 6 пайыздан 4 пайыз­ға дейін төмен­деттік», деді Біржан Нұрым­бетов.

Сондай-ақ аз қамтылған және көп бала­лы от­басылардағы жұмыссыз азаматтар грант­ты да жеңілдетілген жолмен алмақ. «2019 жылы бізде гранттың 100 АЕК (250 мың теңге) және 200 АЕК (505 мың теңге) көлеміндегі екі түрі бар еді. Биыл­дан бас­тап біркелкі 200 АЕК күйінде қалды­рып отырмыз. Оны алу үшін адамдар «Бизнес – бастау» бағдарламасы бойынша міндетті түрде оқып, сертификатын алуы керек. Бірақ аз қамтылған және көп балалы отба­сылардағы жұмыссыз азаматтарға жеңілдік қарастырып, оқымай-ақ, тек әлеуметтік келісім­шарт жасау арқылы берілетін болады», деді министр.

 Маңызды салалар сапаға бағытталады

Денсаулық сақтау саласында 2025 жылға де­йінгі мемлекеттік бағдарлама бе­кі­­тілді, ол қазақстандықтардың өмір сүру ұзақ­­ты­ғын 73 жастан 75 жасқа дейін артты­руға, медициналық қызмет сапасын артты­руға, жеке инвестицияларды тартуға және ма­териалдық-техникалық базаны жақсар­туға бағытталған. Қазіргі уақытта «СК-Фар­мация» медициналық мекемелерге жіберілген 221 млрд теңге сомасына 88 пайыз дәрі-дәрмектер сатып алды. МӘМС енгізу шеңберінде азаматтардың «сақ­тан­дырылуы» мәртебесін сәйкестендіру және медициналық қызметтерді бөлек есепке алу қамтамасыз етілген, базалық медициналық қыз­меттер тегін медициналық көмектің ке­пілдік берілген көлемі пакетіне енгізіл­ген. 2020 жы­лы бір сақтандырылған адамға жұм­­­са­латын шығыстар көлемі 57,5 па­­йыз­ға (55 мыңнан 87 мың теңгеге дейін) өседі.

Білім беру саласында мұғалімдерге материалдық және материалдық емес ынталандыру көзделген, ерекше функцияларды болдырмайтын және мұғалімдердің құ­қықтарын кеңейтетін «Мұғалім мәртебесі туралы» заң қабылданды. Сонымен қатар білім беру сапасы мен мазмұнын жақ­сартуға, 3 жастан 6 жасқа дейінгі бала­ларды мектепке дейінгі біліммен 100 пайыз қамтуға, апатты және 3 ауысым­ды мектептер мәселелерін шешуге, қалалық және ауыл­дық жерлердегі оқыту сапасындағы алшақ­тықты 2 есеге қысқартуға бағытталған 2025 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарлама қабыл­данды, ауылдық жерлерде жоғары білімді қаржыландыру 2 есе, ғылым 7 есе өсті.