Қостанайда әдемі бір шара өтті. Тоғызқұмалақтан еліміздегі тұңғыш спорт шебері, Қазақстанның 9 мәрте чемпионы Дмитрий Поляковтың 90 жасқа толуына орай облыстық ашық турнирге республикалық жарыстарда оның өзімен бірге ойнаған, бәсекелес, әріптес ардагер тоғызқұмалақшылар шақырылыпты.
Дмитрий Степанович өзінің тоғызқұмалақшы достарымен екі күн бойы араласты, талай жарыстардағы қызықты сәттерді еске алды. Тоғызқұмалақшының өзі де әңгімешіл. 60-шы жылдары спортты дамыту жөнінде ҚКСР Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің қаулысы шығуына орай, жалпықазақстандық спартакиада спорттың көптеген түрін қамтиды. Соның ішінде қазақтың ұлттық спорт ойыны тоғызқұмалақ та бар болатын. Облыстық спорт және денешынықтыру саласын басқаратын орыс жігіті бұл ойынның не екенін білмейді де, Қостанай мен Торғай қазақтарынан айнала сұрастырады.
– Қостанайды былай қояйын, Торғайдан осы ойынды білетін ешкім табылмады ғой. Сұрастырып жүргенімде бір қазақтың айтқаны әлі есімнен кетпейді. «Грузиндердің нардасы сияқты шығар» деді. Жас кезім ғой, көшеде кездескен әлгі кісіге: «Грузиннің ойынын біледі екенсің, өз қазағыңның ойынын білмейтін қандай намыссыз адамсың?» деп айтқаным бар еді. Содан Қарағанды облысынан тоғызқұмалақ ойнайтын бір ақсақал табылды-ау, әйтеуір. Дереу Қостанайға алып келдік. Сол кезде жетпістің желкесіне мінген кісі еді, өкінішке қарай аты-жөнін ұмыттым. Тоғызқұмалақты ақсақалдан үйренген соң, өз командамыз да пайда болды. Жаттығуға бір күн қалмай қатыстық, ерекше ықыласымыз түсті. Күнде түскі ас кезінде ойнаймыз, шахматты да, басқаны да ұмыттық, – дейді Дмитрий Степанович. Қарағанды қаласында өткен өңірлік жарысқа Қостанай қалалық жарыста жеңімпаз болған Мансұр Латыповты жібереді. Жамбыл, Шымкент облысынан келген тоғызқұмалақшылар Мансұрды алғашқы турларда-ақ «лақтырып» жібереді. Ол жеңілсе де, жарыстағы мықтылардың ойындарын қадағалап, әдіс-тәсілдерін айтып келеді. Қостанайлықтар ойынның теориясына аса мән беріп, шахмат сияқты әр жүрісті жазып отыруға келіседі. Дмитрий Степанович тоғызқұмалақтан Қостанайдың командасы бірінші рет қатысқан чемпионаттың соншалықты әсерлі өткенін күні бүгінге дейін ұмытпайды, әңгімелеуге де ерінбейді.
– Есімде, республикалық чемпионат 1962 жылы Жамбыл қаласында өтті. Қостанай командасының құрамында орыс та, татар да, корей де, қазақ та бар. Ал оңтүстіктің командалары негізінен қазақтар екен. Біз әр жүрісті жазамыз ғой, сондықтан «Қостанайдың командасы үйрену үшін келіпті» деген сөз тарап кетті. Содан жарыс басталды. Бірінші турда біздің командадағы бесеуіміз де жеңдік. Кешке қарай қонақ үйде жүрістерімізді сараптаймыз. Біздің бірінші турдағы жеңісімізді «кездейсоқтық» депті қатысушылар. Екінші турда да бесеуіміз бірдей жеңдік. Үшінші турда жеңгенімізде бұрын тоғызқұмалақтың «майын ішкен» мықтылар «бұл қалай болды?» деп тосырқай бастады. Ал төртінші турдан кейін олар кешке біз жатқан қонақүйге келіп, «құпиямызды» білгісі келді, – деп қартым кеңкілдеп күліп алды. Ол кезде республикадағы үздіктер жамбылдықтар болатын. Осы чемпионаттан кейін көшбасшылық қостанайлық тоғызқұмалақшыларға өтеді. Он екі жыл бойы қандай жарыста да олар жеңісті уыстан шығармай ұстайды.
Тоғызқұмалақты тапқаннан кейін Дмитрий Степанович шахматты да, өзі жастайынан айналысқан семсерлесуді де тастап кетеді. Ол осы күнге дейін қазақ қойшыларының ойлап тапқан тоғызқұмалақ ойынының адам миын дамытып, ойлау қабілетін ұштауда керемет әсері барына таңданумен келеді. Республикалық командалық және жекелей чемпионаттарға қатысқанда әріптестері «Поляков жүз жүрісті алдын ала біліп отырады» деп бағалаған ғой. Қазақ спорты ақсақалдарының біріне айналған ол жасы 90-ға келіп отырса да, компьютермен тоғызқұмалақ ойнайды.
– Мен тоғызқұмалақтан жарыстарға алғаш барып жүргенде сақалы беліне түскен қариялармен ойнайтынбыз. Ойыншылардың ең жасы мен болатынмын. Ал онда менің жасым да қырыққа келіп қалған кез еді. Ұмытылып бара жатқан ұлттық ойынды сақтап қалуда Қазақстанның оңтүстігіндегі Ақпанбетов секілді ақсақалдардың еңбегі ұшан-теңіз. Ал қазір мектеп балалары тоғызқұмалақ ойнағанда аяғыңды әлтек-тәлтек бастырады, ойынның әдіс-тәсілдерін керемет меңгерген. Мен осыған өте қуанамын, – дейді Дмитрий Степанович. Қарт тоғызқұмалақшының өзі оның нағыз насихатшысы болды. Өзі спорттың осы түрінен республиканың тұңғыш спорт шебері атанса, оның шәкірті Базарбай Әзімжанов тоғызқұмалақтан халықаралық дәрежедегі тұңғыш спорт шебері болды.
– Дмитрий Степанович Қостанайда өзінен кейін тоғызқұмалақшылардың 6-7 буынын тәрбиеледі. Ол бізге студент кезде денешынықтырудан сабақ берді. Алғашқы күні-ақ тоғызқұмалақ спорты туралы айтып, үйірмеге шақырды. Сол күннен бастап тоғызқұмалақты да тастаған емеспін, Дмитрий Степановичпен де байланысымды үзген жоқпын. Ұстазымның мерейтойына Алматыдан келіп отырмын. Мамандығым экономист. Ал тоғызқұмалақ менің өмірімнің бөлінбес бөлшегі, – дейді Базарбай.
Біз қоштасарда Дмитрий Степановичтен ұзақ жасаудың сыры неде екенін сұрадық. Ақсақал ойланбастан: «тоғызқұмалақ ойнаңдар» деді. Мұның әзіл емес екенін де айтты.
– Дәрігерлік тексеру кезінде қыздарым менің басымды медициналық компьютерлік томография аппаратына түсірген. Сонда дәрігер мына жасыма қарағанда ми қан тамырларының өте жақсы сақталғанына таңғалыпты. Ал менің тоғызқұмалақ ойнамайтын күнім жоқ. Мен бұл ойынды шахматтан артық болмаса, бір де кем көрмеймін. Мұны ұлттық ойын дегенге шеңбері тар деп ойлайтындар бар, қателеседі. Жарыстар шеңберін кеңейте беру керек, – деді Дмитрий Степанович.
Атақты тоғызқұмалақшының мерейтойында оған облыс әкімінің орынбасары Ғауез Нұрмұханбетов облыс әкімі Архимед Мұхамбетовтың құттықтауын жеткізсе, Дүниежүзі тоғызқұмалақшылар федерациясының президенті Әлихан Бәйменов арнайы өзі келіп құттықтап, шапан жапты.
ҚОСТАНАЙ