Нұр-Сұлтан қаласында «Қазақстанның Азаматтық альянсы» ЗТБ-ның конференциясы өтті. Онда аталған құрылымның өткен жылғы жұмысы қорытындыланып, алдағы мақсаттары айқындалды.
Конференция жұмысына Президент Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев пен Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев қатысты.
– Азаматтық альянс – уақыт сынынан өткен, ел дамуының жауапты кезеңдерінде өзінің сындарлы ұстанымын танытқан мемлекеттің конструктивті серіктесі ретінде үлкен іс-шаралардың басында жүрген қоғамдық ұйым. Ел дамуына, қоғам мен биліктің арасында ашық диалогтың орнығуына, әртүрлі әлеуметтік мәселелердің шешілуіне Азаматтық альянс және осы ұйымға кіріп отырған мемлекеттік емес құрылымдар үлкен үлесін қосуда. Соңғы бірнеше жылдың ішінде Азаматтық альянстың жұмысында тың үрдістер бар екенін көріп отырмыз. Әрі қарай да біз Азаматтық альянспен, оған кіретін ұйымдармен конструктивті түрде жұмыс істеуге, бірігіп үлкен жобаларды жүзеге асыруға дайынбыз, – деді М.Әшімбаев.
Оның айтуынша, ел дамуында жаңа кезең басталды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев үлкен мақсаттар қойып отыр. Елбасы саясатының сабақтастығын қамтамасыз етіп, мемлекетті жаңа белестерге көтеруге арналған жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бұл жұмыстар азаматтық қоғамның қатысуынсыз дұрыс жүзеге асырылмайды. Сондықтан Президент Әкімшілігі қоғамдық, мемлекеттік емес ұйымдармен қатынастарды әрі қарай жандандыруға, жаңа сатыға шығаруға мүдделі.
Мемлекет басшысының сайлауалды бағдарламасы, тың бастамаларын жүзеге асыру жұмыстары қарқынды жүруде. Жүзеге асып жатқан бағдарламалардың көпшілігі оң бағаланып, қазақстандықтардың қолдауына ие болып отыр. Жүргізіліп жатқан жұмыстардың басым бағыттарының бірі – қоғамдық диалогты жандандыру және «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру. Бұл бағыттар бойынша ауқымды жұмыстар атқарылуда. Мәселен Президент Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің екінші отырысында аталған кеңес мүшелерінің ұсыныстары негізінде әзірленген реформаларды елге жариялады.
– Мемлекеттік органдар жұмысының үкіметтік емес ұйымдармен байланысындағы ашықтықты қамтамасыз ету бағытында да жұмыс жүргізілуде. Билік қоғамның сұранысына, қандай да бір маңызды мәселенің шешімін табуға қатысты жедел әрекет етуде. Яғни бұған дейін айтып өткеніміздей, еліміз дамудың маңызды сатысында тұр. Экономиканы, кәсіпкерлікті тиімді дамыту, ауыл шаруашылығын аяққа нық тұрғызу, мемлекет өмірінің барлық саласына инновация игілігін, атаулы әлеуметтік көмектің жаңа форматын енгізу, міндетті әлуеметтік сақтандыруды енгізуге байланысты жаңа бағдарлама әзірлеу тұрғысында жұмыстар жүргізілуде. Саяси салада да бірқатар өзгеріс бар, – деді М.Әшімбаев.
М.Әшімбаев аталған жұмыстарды атқару барысында Азаматтық альянс пен оған кіретін ұйымдар тарапынан өзара әрекеттестік және қолдау боларына сенім білдіріп, осы өзара іс-қимылдың басым 5 бағытын алға тартты. Өзара іс-қимыл бір жағынан Президент Әкімшілігі, мемлекеттік органдар, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі және келесі жағынан үкіметтік емес ұйымдар арасында жүргізілетін болады.
«Біріншіден, Мемлекет басшысының тапсырмасы негізінде қоғамдық сұранысқа жауап ретінде түрлі қылмыстарға қатысты жауапкершілікті күшейтуге, қоғамдағы қандай да бір маңызды мәселелерді шешуге бағытталған бірнеше заң қабылданды. Осындай жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады. Азаматтық альянс осы және өзге де заң жобаларын әзірлеу кезінде белсенділік танытқаны маңызды. Бүгінде осы заңнамалық өзгерістерді, оның мемлекетке, халыққа берер пайдасын тұрғындарға түсіндіру жұмысы да маңызды болып отыр. Яғни, дұрыс жолға қойылған ақпараттандыру жұмысы қажет. Бүгінде бұл жұмысты Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі өзге де мемлекеттік органдармен, әкімдіктермен бірлесе отырып жүзеге асыруда. Сондықтан Азаматтық альянстың халыққа түсіндіру, ақпараттандыру жұмыстарына белсенді араласқаны маңызды.
Екіншіден, Мемлекет басшысы ұсынған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру барысында өзара әріптестікті нығайту көзделуде. Бұл ретте қоғамдық диалог орнату маңызды болмақ. Билік пен қоғам арасында тұрақты, жүйелі қатынас орнату көзделуде. Сондықтан бұл жұмысты іске асыру кезінде азаматтық қоғам да қарап қалмауы тиіс.
Үшіншіден, осы күнгі өзекті мәселе – отандастарымыз арасында азаматтық-құқықтық мәдениетті қалыптастыру. Құқықтық мемлекетті қалыптастыруда барлық қатынас заң арқылы реттелгені жөн. Премьер-Министр де, министр де, әкім де, мемлекеттік қызметкер де, шенеунік те, азаматтық белсенділер де, саяси партиялар да, үкіметтік емес ұйымдар да заң аясында жұмыс істейді. Ешкім де заңнан жоғары тұрған жоқ. Сондықтан осындай құқықтық мәдениетті тұрғындар арасында қалыптастыру маңызды. Азаматтық альянстың бұл бағыттағы әлеуеті жоғары. Тиісті мемлекеттік органдардың көмегіне жүгіне отырып, осы жұмысты Азаматтық альянстың қолға алуына болады.
Төртіншіден, Мемлекет басшысы 2020 жылды – Волонтер жылы деп жариялады. Сондықтан үкіметтік емес ұйымдар, қоғамдық ұйымдар биылға белгіленген іс-шараларда белсенділік танытқаны маңызды. Волонтер жылы – Батыста қалыптасқан үрдіске үн қосу емес. Ұлттық дәстүрімізде, ұлттық кодымызда ет-жақындарымызға, басына қиын іс түскен азаматтарға қол ұшын созу, қайырымдылық таныту қағидасы бар. Халқымыздың дүниетанымы, ұлттық көзқарасы осыған негізделген. Жаңа жүйелік құндылықтар қатарына волонтер ісін де қосып, оны игі әдетке айналдыруға болар еді. Волонтер ісіне қатысты мемлекеттік органдар тарапынан да маңызды бастамалар көтеріледі. Бұл іс-шараларды жүзеге асыруда Азаматтық альянс мемлекеттік органдар үшін негізгі серіктес бола алады.
Бесіншіден, билікке қашан да жақсы ұсыныстар, идеялар қажет. Бұл ретте Азаматтық альянс экономика, әлеумет, саясат салаларына қатысты тың бастамалардың, идеялардың орталығы бола алады. Қоғамдық пікірлерді, ұтымды ұсыныстарды сараптап, Президент Әкімшілігіне, мемлекеттік органдарға жолдауына болады. Бұл ұсыныстарды жүзеге асыру бойынша жұмыстар жүргізіледі» деп атап көрсетті Президент Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары.
Өз кезегінде, конференцияға қатысушылар да М.Әшімбаевқа бірқатар сауал жолдады. Түсінгеніміздей, еліміздің түкпір-түкпірінен бас қосқан қатысушыларды алаңдатып отырған – Азаматтық альянстың филиалдарына ғимарат, бас қосатын, тұрғындарды қабылдайтын орынның болмауы. Олар түрлі нысандарды жалға алуға мәжбүр. Үкімет тарапынан бөлінетін қаражаттың бір бөлігі де соған жұмсалады екен. Олар Азаматтық альянстың филиалдарын еліміздегі Достық үйлеріне орналастыруды ұсынып отыр.
– Алдағы жыл – азаматтық қоғамның даму жылы болады. Мен оны Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауымен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің екінші отырысында көтерілген мәселелерге қарап айтып отырмын. Сондықтан азаматтық қоғамның даму барысы барынша жедел жүруіне барымызды салуға тырысамыз. Ол өз кезегінде тұрғындар үшін де, азаматтық қоғам үшін де, тұтас елге де пайдалы, – деді «Қазақстанның Азаматтық альянсы» заңды тұлғалар бірлестігінің президенті Асылбек Қожахметов.