Еліміздің Мемлекеттік хатшысы 2013 жылы Елбасының тапсырмасымен «Халық – тарих толқынында» атты бағдарламаны қолға алды. Арнайы комиссия құрды. Астанаға еліміздің бірқатар тарихшы ғалымдарын жинап жиналыстар өткізді. Ақылдасты. Осы іске Шоқан Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты арқылы біраз қаржы бөлінді. Біздің Шығыстану институтының ғалымдары да одан тыс қалған жоқ. Содан шығыстанушыларымыздың бірқатары Моңғолия, Қытай, Үндістан, Иран, Түркия, араб елдерімен қатар Еуропа жұртына да жіберілді.
2013 жылдың жазында мен де Түркияның Ыстанбұлында болып, атақты Сүлеймания, Баязит, Миллет, Нури Османия және тағы басқа да кітапханалардан бірнеше мың беттей материал алып қайттым. Осы іс 2014 жылы тағы да жалғасты. Бұл жолы Марокко мен Испанияны таңдадым. Өйткені өткен ғасырдың 1975-1976 жылдары Рабаттағы V Мұхаммед атындағы университетте біліктілік арттырудан өткенмін. Дін қызметінде жүргенде бірнеше рет Испанияда да болғанмын. Осы жұрттардың кітапханалары мен қолжазба қорларында біздің орта ғасырлардағы тарихымызға қатысты біраз құнды дүниелер бар екенін білгендіктен тағы да сол елдерге барғанды жөн көрдім.
Сонымен 2014 жылдың 12-21 қыркүйегінде Испания Корольдігіне аттандым. Сол елдегі атақты Эскуриал қаласына зиярат еттім. Ол Мадридтің батыс жағында 60 шақырым жердегі Сьерра де Гвадаррама тауының етегінде екен. Шаһардың негізі 1557 жылы қаланған деседі. Ондағы XVI ғасырдан бері дін және білім ордасы һәм кітапхана да қызметін атқарып келе жатқан даңқты кітапхананың бай қорымен таныстым. Ол Ватикан кітапханасынан кейінгі екінші орында көрінді. Мұнда әлемдегі ең көп араб қолжазбалары сақтаулы. Папа Григорий XIII Эскуриал кітапханасынан кітап ұрлаған жан діннен шығады деген. Сол себепті ондағы дүниелер жақсы сақталуда.
Директоры «Қазақстан елшілігінің хатын алғанбыз. Көмектесеміз. Бізде ескі қолжазбалар өте көп. Бірақ Орта Азияға байланыстылары аздау-ау деймін. Испанияның Андалусия өлкесін 711 жылдан 1492 жылға дейін арабтар биледі. Олар ғылым мен мәдениет бойынша үлкен із қалдырды. Испан елінде Кордова халифаты болған. Кордовада 830 жылдары салынған зәулім мешіт қазір де тұр. Севильядан да қамал, мешіт пен олардың биік мұнараларын көресіз. Гренада ше? Ол туралы ұзақ әңгімелеу керек. Осындай қалалардан көптеген Гарнати-Гранадалық, Ишбили-Севилиялық, Қуртуби-Кордовалық, Тулайтили-Толедолық секілді т.б. ғалымдар шыққан. Олар қалдырған сандаған жазба мұраларды әлем ғалымдары әлі зерттеуде. Біздің қолжазба қорында ортаазиялық ғұламалардан гөрі Мағрибтық (Тунис, Алжир, Марокко) және Андалусиялық ғалымдардың дүниелері көп. Мен араб тілі мен әдебиеті және исламтанудың маманы емеспін. Ол жайлы қазақстандық қонақ менен жақсы білетін болар. Іске сәт. Бізден еш кедергі болмайды» деді.
Эскуриалдан әуелі ислам мәдениеті мен біліміне қатысты қолжазбалар каталогын парақтап шықтым. Нәтижесінде ортағасырлардағы Қазақстан мен Орта Азияның кемеңгерлері: Әбу Насыр әл-Фараби (870-950), Әбу Йакуб Сирадж ад-дин Йусуф бин Әбу Бакр бин Мухаммед бин Әли әл-Хорезми ас-Саккаки (1160-1299), Сағад ад-дин Масуд бин Умар ат-Тафтазани (1322-1390), Әбу-л Қасым Махмуд бин Умар бин Ахмед аз-Замахшари әл-Хорезми (1075-1144) секілді т.б. ойшылдардың еңбектерін көрдім. Мені қуантқан Әбу Насыр әл-Фараби (870-950) бабамыздың теріге жазылған 10 трактатының табылуы еді.
Әбу Насырдың жинағы 612 санмен беріліпті. Қолжазбаның бастапқы беттері ескіріп сарғайған. Жыртылған тұстары да бар. Санмен басталған беттегі шығарма атауынан кейін 16 жол тіпті көрінбеуге айналыпты. Оқылуы қиын болды. Одан кейінгі беттердегі жазуларды айқынырақ деуге болады. 5-беттен әрі қарай көптеген сөздердің асты қызыл-қоңыр сиямен сызылып отырған. Оны трактаттарды көшірген хаттат сызды ма, жоқ па, білмедім.
5-бет басмаламен басталған. Одан соң пайғамбарымыз Мұхаммедке (с.ғ.с.) салауат айтылған. Одан кейін «Тағлиқ ли-Әби Бакр Мұхаммед бин Йахия бин ас-Саииғ рахимаһу Алла ала китабиһи Әби Наср бин Мұхаммед әл-Фараби радиа Аллаһу анһу фи Исагуджи» деген жолдарды оқыдым. Қолжазба 126 бет.
Сондай-ақ Эскуриал кітапханасынан Шымкент қаласының шығысындағы 12 шақырым жердегі ежелгі Исфиджаб–әл-Байда-Сайрам қаласында орта ғасырларда туылған ағайынды екі ғалымның [Ала ад-дин ас-Сайрами – XIVғ.] мен [Сайф ад-дин ас-Сайрами әл-Масри әл-Ханафи] трактаттарының табылуын да үлкен оқиғаға балауға болады.
Ала ад-дин ас-Сайрами (Әли ибн Ахмед ибн Мұхаммед ас-Сайрами әл-Ханафи (?-1388) ортаазиялық ортағасырлық ас-Саккакидің «Мифтах әл-улум» атты трактатының бір бөлігіне 1342 жылы түсіндірме жазыпты. Көлемі 139 бет. Әр бет жолы 23 қатардан тұрады. Ал [Низам ад-дин] Йахия бин Йусуф ас-Сайрамидің (?-1429/1430 ж. қайтыс болған) дүниесі «Китаб Хашия әл-Мутаууал ли-шейх... Йахия бин Сайф ас-Сайрами» деп аталған. Сөйтіп оның еңбегінің ортаазиялық кемеңгер Сағад ад-дин ат-Тафтазаниге қатысы бар.
[Низам ад-дин] Йахия бин Йусуф жоғарыда айтылған Сайф ад-диннің баласы.
Кейбір деректерде оның аты-жөні Абд ар-Рахман ибн [Низам ад-дин] Йахия ибн Йусуф ибн Мұхаммед ибн Иса шейх аш-шуйух Адуд ад-дин ибн шейх аш-шуйух әл-аллама Сайф ад-дин ас-Сайрами әл-Ханафи деген ұлы да болғандығы айтылады.
Сондай-ақ оның есімі Әбу-л Аббас Таки ад-дин Ахмед бин Мұхаммед бин Мұхаммед бин Хасан Әли бин Йахия әл-Қустантини аш-Шумунни әл-Мисриге (1398-1468) байланысты да аталады. Деректерде аш-Шумунни дәріс алған ғұламалар ішінде [Низам ад-дин] Йахия бин Йусуф ас-Сайрами де бар.
Әбу Насыр әл-Фараби әлемге белгілі болса, ал қазақ жерінің ежелгі шаһарларының бірі Сайрамнан шыққан парасат иелерін жұрт түгілі ғалымдар да әдетте біле бермейді.
Араб қаламгерлері ортаазиялық тарихшы, ірі ғалымдар Джалал ад-дин Гурлани, Сыр бойының шынары Хұсам ад-дин Сығнақи, Бұхаралық Хафиз ад-дин әл-Бұхари, имамдар шамшырағы деп танылған Мұхаммед Абд ас-Саттар әл-Кердери және т.б. атай отырып, осы тізімнің бас жағына Ала ад-дин ас-Сайрамиді бостан-босқа қоймаған.
Сайрами бабаларымыздың ізбасарлары Низам ад-дин ас-Сайрами мен оның баласы Абд ар-Рахман (Адуд ад-дин) ас-Сайрамилер де ата, әкелеріне тартып, білімді, парасатты азаматтар болған.
Ала ад-дин ас-Сайрами жайлы айтқанда арабтың аталмыш тарихшылары оған әл-алим (ғалым), әл-аллама (даңқты ғалым), мұдаррис әл-ханафийа (ханафи мазһабының ұстазы), шейх әл-хадис (хадистің шейхы [білгірі], әл-байан (сыпаттау), әл-фиқһ (мұсылман заңы), әл-усул (ғылым негізі) деген эпитеттер беріп, оларды құрметті эпитеттермен атауы, олардың сондай құрметтерге лайық болуынан деп ойлаймыз.
Осыған қарап қазақ жері қалаларының моңғол шапқыншылығынан соң XIV-XV ғасырларда да өз маңызын жоғалтпаған деуге болады. Осындай бабалармен бүгінгі тәуелсіз Қазақстанның ұландары мақтануы керек.
Сайрамилер демекші, орта ғасырларда мамлюктер және ислам білім, ғылымы, мәдениетінің орталығы болған Каирге 2000-2013 жылдары халықаралық діни конференцияларға барған сайын жиын арасында атақты әл-Азһар университеті маңындағы ескі махаллаларды аралап, кезінде Бейбарыс бабамыз (1217-1277) салдырған мешіт пен медресені, ханакаларды көріп, бабалар ізімен талай жүрдім.
20 млн-дай халқы бар Каирдың бір ауданы қазір Сұлтан ағзам аз-Заһир Бейбарыс атамыздың атымен аталады.
Бейбарыс медресесін XIII-XIV ғасырларда тараздық үлкен ғалым Һибатулла ат-Тарази (1272-1233) басқарғаны белгілі. Сөйтсек Тарази, Түркістани, Иқани, әл-Фарабилерден басқа, мұнда Сайрами атты бабаларымыз да тұрған екен және олардың бәрі де халық пен биліктің де үлкен құрметіне бөленген.
Каирге Әбу Насыр әл-Фараби (870-950) де ат ізін салған деген деректер бар.
Жалпы ортағасырларда Египет пен Шам жұртында өмір сүріп, онда ізгілікті із қалдырған қазақ жерінің перзенттері аз емес.
Бейбарыс (1217-1277) мешітінен онша қашық емес әл-Худайри көшесіндегі ас-Сұргамишия медресесіне бір кездері Түркістан маңындағы Иқан селосының тумасы Қауам ад-дин әл-Итқани (Иқани) әл-Фараби ат-Түркістани (1286-1357) де басшылық еткен.
Сөйтіп Египет пен Шам елі және Бағдад пен Басра шаһарларын да ежелгі мәдениет ошақтары десек, ол мәдениетте біздің Сайрами, Тарази (1272-1333), әл-Фараби (870-980), Түркістани, Сығнақи (1240-1317) Женди бабаларымыздың да қосқан мол үлесі бар.
Сонымен Испаниядан табылған бабалар мұрасымен таныстыру үшін Мадридтегі елшілігіміздің 1-хатшысын шақырдым. Ол аталған шығармаларды көзімен көріп, қолымен ұстады. Кітапхана директорынан маған олардың көшірмелерін жасап беруді өтінді.
Ал Эскуриал және Мадридтің ұлттық кітапханасында да Әбу Насыр әл-Фарабидің «Музыканың үлкен кітабы» атты белгілі еңбегі және отырарлық тағы бір оқымысты әл-Джауһари әл-Фарабидің (?-1003) (Әбу Наср Исмайыл бин Хаммад (?-1003)) «Ас-Сихах» («Тадж әл-лұға уа сихах әл-арабийа») атты араб тілі мәселесіне арналған еңбегінің қолжазбаларын көрдім.
Бұл екеуінің аталмыш дүниелерін 2013 жылы Ыстанбұлдағы Сүлеймания кітапханасынан алып келгендіктен және олардың менде кітаби нұсқасы болғандықтан көшірмесін жасатуды қажет етпедім.
Есесіне Мадридтегі ұлттық кітапханадан Нидерланд астанасы Амстердамда 1966 жылы жарияланған неміс шығыстанушысы-арабист, библиограф Морис Штейншнейдердің (1816-1907) «Әл-Фараби» атты монографиясының көшірмесін түсіртіп алдым. (Moritz Steinschneider, Al-Farabi `(Alpharabius) des Arabischen Philosophen Leben und Schriften, Amsterdam 1966).
М.Штейншнейдер ортағасырлық Ибн Саид әл-Қифти мен Ибн Әби Үсайбиғаға сүйене отырып Әбу Насырдың 103 трактаттарының атын атаған. Ол осысымен де құнды.
Шынында да, Испанияның Андалусия өлкесінде ислам өркениетінің үлкен ізі қалған. Ол жерде ислам мәдениетіне де қызығушылық, құштарлық биік деңгейде еді. Ол жайлы академик И.Ю.Крачковский (1883-1950): «Арабтардың Испанияны жаулап алуының нәтижесінде араб тілі осы елдің дәулеттілер ортасының әдеби тіліне айналды. Бұл ретте айта кетер жайт – Испанияны арабтар алғанға дейін дүнияуи әдебиет онда болған жоқ. Қолданыстағы латын тіліндегі кітаптар тек діни сарында ғана еді. Сауаттылық діни ортаға ғана тиесілі-тін. Сол себепті де арабтардың жаулап алуынан кейін 100 жыл өткенде, IX ғасырда, Кордова қаласының епископы былай деп жазды: «Менің діндестерімнің көпшілігі арабтардың өлеңдері мен ертегілерін оларды жоққа шығару үшін емес, керісінше осы тілде дұрыс та шебер сөйлеу үшін зерделейді. Латын тілінде оқып, қасиетті жазбаларға түсіндірме жасай алатын бірер адамның өзін табудың өзі қиын болып барады. Олардың арасында «Інжілді», елшілер мен сахабаларды оқитындар бар ма? Өкінішке қарай христиан жастарының ішінде талантылығымен көрінгендер тек қана арабтардың тілі мен әдебиетін ғана біледі, араб тіліндегі кітаптарға қызыға қарап зерделегені, өз тілдерін ұмытқаны сонша, латын тілінде аз-мұздап досына хат жаза алатындардың жүзден біреуі табылар ма екен? Керісінше араб тілінде жоғары деңгейде сөйлей алатындар мен осы тілде әдемі өлең жаза алатындар арабтардың өздерінен де көп» деп күйіне айтқанын келтіреді.
Арабтар Испанияға үлкен өркениет, мәдениет әкелген, кезінде испандықтар ислам мәдениетіне қатты қызыққан. Арабтар Андалусияға қалалар, қамалдар, ғажайып ғимараттар салып елді көркейтті, сонымен қатар көптеген жазба дүниелер қалдырды. Өкінішке қарай испандықтар Андалусияны (Гренаданы) арабтардан тартып алған соң (1492 ж.) араб тіліндегі 20 мың қолжазбаны өртеді деген де жазба дерек бар. Оны испандық оқымыстылардың өздері де жасырмайды.
Эскуриал кітапханасынан «Ислам энциклопедиясының» соңғы басылымын да көрдім. Оның толықтырылған жаңа нұсқасын шығару 1977 жылы басталып, 2007 жылы аяқталыпты. Барлығы 12 том. Кейбір томдар 1000 беттен асады. «Ислам энциклопедиясы» Нидерланд мемлекетінің Лейден-Брил қаласында әрбір 30 жыл сайын ағылшын, неміс, француз тілдерінде шығып тұрады. Ескірді деп есептелген мақалалар жаңа зерттеулермен толықтырылып отырылады. Оған автор ретінде белгілі ғалымдар ғана тартылады және басуға ұсынылар дүниелер тың материалдарға сүйеніп жазылуы талап етіледі. Тексеріс, сүзілістен өтпеген мақалалар кітапқа кіргізілмейді. Энциклопедияның бұрынғы басылымдарында Қазақстанға жеке мақала берілмейтін. Бұл жолы тәуелсіз жұртымызға жеке мақала арналыпты. Авторы жапон тарихшысы Уяма Томокихо.
«Ислам энциклопедиясында» бізді қызықтырғаны Фараб және Отырардан шыққан ғалымдарға арналған материалдар еді. Энциклопедияда Отырарға (авторы W. Bazthold [B. Spaler]) және одан шыққан Әбу Насыр Мұхаммед әл-Фарабиге (R. Walzer), Әбу Насыр Исмаиыл бин Хаммад әл-Фарабиге (L.Kopf), Әбу Ибраһим Исхак бин Ибраһим әл-Фарабиге (H. Fleisgh) және жетісулық Жамал Қаршиге (P. Jaokson), қалалардан Тараз (G.E. Bosworth), Женд (G.E. Bosworth) секілді шаһарларға да жеке-жеке құнды да тың материалдар пайдаланылып жазылған мақалалар беріліпті.
Айта кетер жайт «Ислам энциклопедиясы» кез келген ел кітапханаларында бола бермейді. Оны алу үшін көлемді шет ел валютасы қажет.
Испаниядан Әбу Насыр әл-Фарабидің төмендегі 10 трактаты, екі Сайрамидің шығармалары мен аталмыш М.Штейншнейдердің (1816-1907) де неміс тіліндегі әл-Фараби атты зерттеуін елге жеткіздім:
Китаб тағлиқ Исагуджи ала фурфуриус Ард Әби Наср фи китаб Барирминийас Китаб әл-ибда Китаб Әби Наср фи-л қийас Иртийа фи Китаб ат-тахлил Калам ала аууал китаб әл-бурһан ли Әби Бакр бин Йахиа Қаул Әби Бакр Мұхаммед бин Йахия Китаб әл-Бурһан Шарх Садр әл-мақала әл-аууал бин китаб Иқлидис ли-Абу Наср Мұхаммед бин Мұхаммед әл-Фараби Шарх әл-мақала әл-халлис минһу ли-Аби Наср айдан Китаб әл-мақулат [Низам ад-дин] Йахия бин Йусуф [Сайф ад-дин әл-Мисри әл-Ханафи] ас-Сайрами. Китаб Хашия әл –Мутаууал ли-шейх. Ала ад-дин ас-Сайрами. Ас-Саккакидің «Мифтах әл-улумына түсіндірме». Moritz Steinschneidez. Al-Farabi (Alpharabius) des Arabischen Philosophen Leben und Schriftin. Amsterdam 1996, 268 p.Ал Испанияның ұлттық кітапханасындағы 627 қолжазба атақты Әбу Әли Ибн Сина (980-1037) (поэзиясына) қатысты боп шықты.
Қазақ жері рухани, мәдени жазба және материалдық мұраларға бай болған. Орта ғасырларда еліміздің әсіресе оңтүстігінде Баласағұн, Тараз, Шелжі, Жікіл, Исфиджаб-әл-Байда-Сайрам, Манкент, Отырар, Сүткент, Түркістан, Баладж, Сауран, Сығанақ, Қыпшақ, Аркөк, Асанас, Женд секілді үлкенді-кішілі шаһарлары, қорғандар мен қамалдары болды. Олар қадери халінше мәдени, ғылыми орталық қызметін де атқарды. Онда талай ойшылдар, кемеңгерлер, даналар, ғылымдар тұрып, құнды шығармалар туындатты. Өкінішке қарай түрлі жылдар мен ғасырлар, кезеңдерде ол дүниелер жан-жаққа шашырап кетті немесе жоғалды.
Мен тауып әкелген, көрсеткен жазба дүниелер солардың қаламынан туған, солардан қалған немесе солар жайлы жазылған еңбектер.
Олар орыс, қазақ тілдеріне аударылып, зерттелсе ұлтымыздың шынайы тарихын байытуға және қазақ мемлекеттілігінің құрылғанына байланысты жазылар, зерттеулер жобаларға көмегі тиері сөзсіз. Сол үшін оларды ғылыми айналымға кіргізе беру қажет. Сондай-ақ мұндай дүниелер:
– Қазақстанның ортағасырлық кезеңдеріндегі тарихын жаңа материалдармен байытады.
– Жоғары және арнаулы орта білім оқушыларына арналған оқулықтар мен оқу құралдарына Қазақстанның осындай ортағасырлық ғұламалары мен олардың еңбектерін кіргізе беру ләзім.
– Даланың ортағасырлық ғұламалары мен ойшылдарының шығармаларынан антология құрастыру керек.
– Олардың шығармаларын насихаттау және зерттеуге арналған халықаралық ғылыми теориялық және ғылыми-практикалық конференциялар өткізу ләзім.
– Магистрлер мен Phd докторларына үміткерлер жазатын ғылыми жұмыстар мен диссертацияларға олардың өмірі мен шығармашылығына арналған тақырыптар ұсыну керек.
Эскуриал кітапханасы
Әбсаттар қажы Дербісәлі,
Р.Б.Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының директоры, ҚР Жоғары мектеп ҒА-ның академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор