• RUB:
    4.75
  • USD:
    498.55
  • EUR:
    524.28
Басты сайтқа өту
Қоғам 15 Қаңтар, 2020

Өңіраралық әуе тасымалының өрісін кеңейтсек

742 рет
көрсетілді

Былтыр Атырау, Ақтөбе, Пав­лодар әуежайлары сатылымға шы­ғарылғаны белгілі. Сөйтіп елі­міздегі барлық терминалдар, ұшу-қону жолағы, әуе айлағы «Са­мұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры АҚ иелігінен аталған үш об­лыстың әкімдіктерінің комму­нал­дық меншігіне берілді.

«Са­мұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры Ақтөбе, Атырау, Павлодар сияқты облыс орталықтарындағы әуежай­л­арды же­ке­шелендіру жөніндегі аукционға шы­ғарды. Алайда бұл әуежайлардың акцияларын сатып алғысы келетін кәсіпкерлер табылмады. Сондықтан Үкімет тарапынан еліміздегі стратегиялық нысан саналатын әуежайларды облыстық әкім­діктердің коммуналдық меншігіне ауда­ру туралы шешім қабылданды. Енді әуежайлардың қызметіне облыстық әкімдіктердің өңірлік «Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары» бас­қар­масы басшылық жасайды. Ал әуежай­лардың жекеменшігінде ұшақтар жоқ. Бұл мәселемен тасымалдаушы компания­лар айналысатыны белгілі.

Қазір елімізде Нұр-Сұл­тан, Алматы, Шымкент, Ақтау, Қара­ғанды, Өскемен, Павло­дар, Көкшетау, Тараз, Петро­павл, Семей қалаларының әуежай­ларында сынақ ретінде «Ашық аспан» режімі енгізілгені хабарланды. Бұл мәселе әуе кеңіс­тігін­дегі барлық ұшу бағыт­тары­на қатысты шектеулерді алып тастауды, шетелдік авиа­ком­панияларға да «әуе еркін­дігін» беруді қарастырады. Ал елі­міздегі өңіраралық ұшу бағыт­тарында ұшақ билеттерінің қымбат екенін екінің бірі біледі. Тіпті ерте алса, арзан болады деп жарты жыл бұрын билет алып қоятындар да, одан кейін жол түспей бара алмайтындай жағдай болса, алған билетін өткізе алмай қалған, жарты ақшасын ғана алған жайлар да кездеседі немесе ұшуға бір күн қалғанда, тәулік ішінде билет сатып алатын жолаушыларға бағасын еселей қымбаттатып сататыны да көпшілікке мәлім. Сондықтан «Ашық аспан» арқылы өңіраралық ішкі және шетелдік тасымалдаушылар келсе, жаңа халықаралық маршруттар ашылса, бәсекелестік артады деген үміт бар. Яғни, авиа­билеттердің бағасы төмен­деп, қарапайым халық та ұшақпен ұшуға қолдары жетер еді.

Еліміздегі ұшақ билеттері­нің қымбаттығына Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та назар аударып, әуе кеңістігін ашу керектігі туралы Үкіметке тапсырма берді. Бұл – еліміздегі әуе­жайлар бір компания­ның мүд­десін ғана ойлайтын тәуелділіктен құтылады деген сөз. Билет бағасы да шарықтамас еді. Екіншіден, «Ашық аспан» арқылы өзге жұрт келеді, елде туризмнің жолы ашылады. Көк аспандағы «әуе еркіндігі» ше­телдік компанияларға еліміз­дің қалалары арқылы басқа елдерге ұшуына да мүмкіндік бере алады. Жергілікті отандық әуежайлар арқылы транзиттік жолаушылар тасымалы да көбейе түседі.

Облыстық әкімдіктердің қарауына берілген еліміздегі бірқатар өңірлік әуежай құры­лымдарын жөндеу, жергілікті әуе желілерінің ұшуын қалпына келтіру үшін бүгінде өңірлік санаттағы ұшақтар сатып алу жоспарланып отыр.

Жергілікті әуежай құры­лым­дарындағы тағы бір мәселе, білік­­ті мамандардың қажеттігі. Әуе­жай жұмысшыларды, инже­нер-техниктерді, авиа-дис­пет­черлерді, әуе компаниясының қыз­меткерлерін, техникалық, авиа­циялық оқу орталықтарының маман­дарын күтеді. Ал Нұр-Сұл­­­тан қаласында салынып жат­­қан «Авиациялық оқыту орта­­лығы» болашақта авиация маман­­дарының біліктілігін арттыру ор­та­лығы болатыны анық. Бұл – әсі­­ресе, қазақ жастары осы бағытқа қарай талпынатын жаңа мамандық.

Ал облыстық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Дина Мұқанованың айтуынша, алдағы жылдары облыс орталығындағы әуежай әуе бағыттарына жаңа тасымалдау­шыларды әріптестікке шақы­рып, ұшу желілері кеңейтіледі. Былтыр «Павлодар – Новосібір» бағыты қайта ашылған. Сібір жақындай түсті деп орыстар қуануда. Яғни, нарықта бұл бағытқа сұраныс бар. Бұған дейін де «Павлодар – Шымкент» бағытында әуе бағыты жарты жыл ғана ұшып, тоқтап қалған-ды. Енді алдағы мамыр айынан бастап «Павлодар – Шымкент» бағытында FlyArystan компания­сы қызмет көрсететін болады. Өйткені Шымкент бағытындағы ұшу нарығы зерттелді. Мысалы, солтүстікке көшкісі келетін оң­түс­тік тұрғындарына да, «Сер­пін» бағдарламасымен оқитын сту­денттерге, олардың ата-ана­­­ларына, оқу бітірген соң осы облыста қалып қызмет ете­тін жас мамандардың отбасы жағ­­дайларымен, мерекелерде үй­леріне ұшып барып-келу­­леріне оңтайлы болмақ. Екінші­ден, Павлодар теміржол вокза­лынан жүретін «Семей – Нұрсұл­тан» по­йы­зына бұрын бір вагон жалғанып, оған Шым­­­кент, Сарығашқа баратын жолау­шыларға билет сатылатын. Жолаушы да, студент те көп. Би­лет жетпейді, орын жоқ. Бұдан кейін теміржол басқармасы Шымкент – Сарыағаш бағытына екінші вагон жалғады. Түркияға ұшу нарығына да сұраныс жо­ғары. Жылы жаққа демалу­ға ба­ратын павлодарлықтар Қара­ғанды, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент арқылы ұшуға мәжбүр болса, енді инвесторлар келсе, ту­ристерге әуе жолы ашылады.

Ендігі мәселенің мәнісі, жер­гі­лікті әуежайдан еліміздің шығыс, батыс облыстарына ұша­тын әуе бағыттарын ашу. Елі­мізде 60-қа жуық әуе компаниясы жұмыс істейді. Авиация мамандары­ның айтуынша, әуе бағыттарына тендер жарияланғанымен, оған кез-келген компания қатыса алмайды екен. Мысалы, екі жылдан аса уақыт бұрын Баянауылда шағын ұшақтар ұшыру жоспарланды. Туристік әлеуетті арттырамыз деп қанша қаражат шығындап, шағын әуежай да салынды. Бірақ субсидия, тариф мәселелері ше­­шіл­меген соң ұшақтар көк­ке көтерілген жоқ. Шағын әуе­жайдың жағдайы осындай болып тұрғанда, біздің ұшу нарығы әлсіз «Ашық аспанға» шақыртуымызға шетелдік ком­паниялар келе ме, жоқ па, мә­селе сонда. Ұшу нарығының әлсіздігіне біріншіден, жолаушылар үшін билет бағасының қымбаттығы, екіншіден, кенеттен болатын әуе апаттары да әсер етуі мүм­кін. Еліміздің әуе кеңіс­тігінде пай­далану уақыты өтіп кеткен ескі ұшақтар ұшады деген қорқын­шыты қауесет тағы бар.

Десе де бірінші қазақстандық лоукостер саналатын FlyArystan Павлодарға арзан әуе билеттерін ұсынуда. Әуе компаниялары­ның арасында жайлылық пен қауіпсіздік деңгейімен ерек­ше­ленетін Airbus A320 реактивті ұшақтары жаңа екенін ескерген абзал. Қазір бұл ұшақтар облыс орталығынан Нұр-Сұлтан қаласына ұшады. Біржақты билет құны 5999 теңгеден баста­лады. Павлодар әуежайы өңірдегі жолаушылардың санын көбейту үшін FlyArystan және барлық әуекомпанияға қолдау көр­­сет­пек. Сонымен бірге FlyArystan былтыр 30 мамырда Алматы – Пав­лодар – Алматы бағыты бо­йынша арзан бағамен ұшақ ба­ғыт­тарын да ашты.

«Павлодар әуежайы» АҚ әуежайы былтыр халықаралық мәртебеге ие болды. Енді өңірдегі жолаушыларға қызмет көрсету сапасын арттыру үшін түркия­лық инвесторлар тартылуы мүм­кін. Басқарманың мәліметінше, әуежай­дың берешек қарыздары жоқ. Қазір әуе­жай құрылымын­да 200-ден астам адам қызмет етеді. Ішкі құжаттарды реттеу және ресімдеу, әуежай қызме­тін одан әрі жақсарту жұмыстары жалға­суда. «Қоршаған ортаны қорғау» бағдарламасы аясында «Павлодар әуе­жайы» АҚ әуе бассейнін, жер, су ре­сурстарын сақтау, табиғатты, Жер қой­науын пайдалану және қорғау сияқты экологиялық бағытта жұмыс істей­ді. Алдағы жылдары еліміздің өзге  өңір­леріне жылдам, қолайлы әрі қауіпсіз жете­тін жаңа бағыттарды жоспарлауда. Жалпы, Павлодар әуежайынан жылына 1 мыңға жуық ұшақ ұшады. Бұл күндері ұшақтар Нұр-Сұлтан, Алматы, Ресейдің Мәскеу, Новосібір, Беларусьтың Минск қалалары мен Түркияға ұшуда.

Әуе компанияларының келісі­мімен жолаушылар сұранысына сай жаңа бағыт­тар ашылмақ. Әуежай сағатына 200-ден астам жолаушы қабылдай алады. Өткен жылдың қорытындысы бойынша әуежай арқылы 200 мыңнан астам жолау­шы тасымалданып, 300 мың тоннадан астам жүк пен пошта жеткізілген.

Ең бастысы, нарықтағы ұшу ба­ғыттарының толық зерт­телуі. Павлодар әуежайынан Өске­мен, Шымкент, Ақтау, Аты­­рау бағыттарына ұшатын ұшақ­қа сұраныстың бары бай­қалды. Шығыс өңірінің Катон­қарағайдағы демалыс орындарына, Маңғыстау өңірінің Кас­пий теңізі жағалауына, оңтүс­тіктегі Сарыағашқа, Түркістанға, Шымкент пен Ташкент қала­ларына барғысы келетін туристер, құдалыққа, тойға баратын туыс-туғандар сияқты жолаушы­лар осы бағытта қызмет көр­се­тетін әуе компанияларын күтуде.

 

Павлодар облысы