• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
Аймақтар 16 Қаңтар, 2020

Шалғай елді мекендер шалажансар күй кешіп тұр

534 рет
көрсетілді

Парламент депутаттарының өңірлерге сапары кезінде жергілікті жердегі бірқатар мәселелердің беті ашыла бастады. Мәселен, Шымкент қаласына қарасты Жаңаталап елді мекеніндегі қордаланған әлеуметтік түйткілдер Нұр-Сұлтан шаһарынан келген депутаттардың назарына ұсынылды. Қаншама жылдан бері жабулы қазан күйінде қалған мәселені жарыса баяндаған жаңаталаптықтар ауыз су мен көгілдір отыннан тапшылық көріп отырғандарын жеткізді. «Жоққа жоқ жамалады» дегендей елді мекендегі кәріз жүйесі мен қоғамдық көліктің «жыры» да өз алдына бөлек әңгіме.

Жуырда Парламент Мәжі­лісінің депутаттары Дар­хан Мыңбай мен Нұржан Әл­таев­пен кездескен тұрғын­дар та­лап-тілектерін ашына айтты.

 «Әкімдер жарты жыл сайын ауысады. Жаңа келгендері құрғақ уәдемен қарық қылып тастайды. Осында тұрып келе жат­қанымызға 20 жылдан асты. Әлі көшеде белуар­дан лай кешіп жүрміз. Ауылдағы жағ­дай­ды бүкпесіз айтар болсам, тұр­ғын­дар ауыз суды аула­дан кезекке тұрып, тасып ішіп, тамақты баллондағы газ­­ға жасап жүр. Ал қыстыгүні жылытқышты қосуға мәж­бүр. Осылайша, бір пәтер­де бір бөлме ғана жылып, тұр­­ғын­дары сыртқы киім­мен бүр­сеңдеп жүр», дейді Алтын­шаш Есен­гелдиева.

Анығында, Абай ауданына қарасты бұл елді мекеннің қала қатарына қосылғанына 4 жыл болса да инфрақұрылым жүйесі әлі реттелмеген.

Тұрғындармен тек депутаттар келгенде ғана кездескен аудан әкімі Ғалымжан Төлепов Жаңаталапқа ауыз су тарту үшін бюджеттен 2,5 млрд теңге бөлін­генін жеткізді. Сондай-ақ жыл соңына дейін ауыз су әр үйге тартылып, мәселе оңды шешім табатынына сендірмек болды.

Үшінші мегапо­лиске қо­сыл­ған елді ме­кенде кәріз жү­йе­сі қа­растырыл­маған­дық­тан ауыл­дың ішкі атмосферасы да бұ­зыла бас­таған. Өр­кениеттен алшақтап қал­ған елді мекенге кәріз жүйесі тар­­тыл­майынша Жаңаталап кү­лім­­сі иістен арыла қоймасы анық.

Естеріңізге салар болсақ, Шым­кент қаласының әкімі Ерлан Айтаханов былтыр күз айында қалаға қосылған елді мекендерді аралап, «қаланың шеткі аудандарын Шымкенттің орталығындағыдай етуге қыз­мет етемін», деген еді. Тіпті рес­публикалық, жергілік­ті бюд­­­жеттен бөлінген қаржы­ның қомақты бөлігін осы елді ме­кен­­дердегі ауыз су, автожол, жа­рық, көгілдір отын, қо­ғам­дық кө­лік, кәріз жүйесін рет­теу­ге жұм­сайтынын хабар­лаған болатын.

«Өздеріңізге мәлім, Шым­кент қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуына Мем­лекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі айрық­ша назар аударып отыр. Халықтың тұрмысын жақсар­ту бойын­ша нақты тапсырмалар берді. Менің басты мақсатым – шал­ғайда орналасқан елдіме­кен­дердің тұрғындарына қолайлы жағдай жасау», деген-ді үшінші мегаполис басшысы.

Алайда, әзірге жарығы жайнап, жолы даңғырап, қоғамдық көлігі үзіліссіз қатынап жатқан елді мекен көрмедік. Сол баяғы жүнжіп отырған көнбіс қара халық. Мың сан шаруасы ше­­шіл­­мей қалаға қосылған жұ­пыны ауылдар жетерлік.

Қаланың шалғай елді ме­кені түгілі шаһардың қақ орта­сындағы «Тұран» шағын ауданында да әлеуметтік түйткілді мәселе шаш-етектен...

 

Нұршат ТӨКЕН,«Egemen Qazaqstan»

Шымкент