• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 19 Қаңтар, 2020

Қазақы таным және экология туралы кітап оқырманға жол тартты

1630 рет
көрсетілді

Астанада экосана мен мәдениетті қалыптастыруды мақсат тұтқан «Eсosophy немесе киелі табиғат» кітабының тұсаукесеріөтті. Қазақстанда алғаш рет қолға алынып отырған ерекше жоба «Отбасы хрестоматиясы» қорының кезекті жұмысы. Қазақ халқының дәстүрлі наным-сенімінде, әдет-ғұрпында жақсылықтың жыршысы, ырыс-құттың нышаны саналатын киелі жан-жануарлар туралы аңыз-әңгімелер жеңіл баяндалып, жас ұрпақты табиғатты аялауға, сүюге шақырады.

Жинақта ежелгі түркі дәуірінен басталатын қазақ фольклорының табиғат және жануарлар әлемі туралы қызықты мифтер, аңыздар жинақталған.Осы арқылы аң-құс пен өсімдіктердің ерекшелігін аңыз, қисса түрінде баяндап, қоршаған ортаға сакральді мән сіңіруді көздейді. Идеяны ұсынған Бағдар Құдияр болса, жинақты әзірлеуге дінтанушы Мұхит Төлеген, дінтанушы магистр Әділбек Нәби және филология магистрі Сәкен Нұрқабекұлы сынды авторлар атсалысқан. Кітап этнопедагогика ғылымына қызығатын мектеп оқушыларына, студенттер мен ғалымдарға арналып отыр. Ал жоба авторы, PhD докторанты Санжар Керімбайдың айтуынша, экософия деп қоршаған ортаны мән мен мазмұнға толтыруды айтады әрі заңдық шектеулерді күшейтіп, айыппұлдарды арттырумен экологияны қорғау мәселелері біржақты шешілмейді. Сондықтан азаматтардың бойында эко-мәдениет қалыптастыруды көздейтін экософия ғылымы осы олқылықтың орнын толтыруды мақсат ететіндігін тілге тиек етті.

– Жан алысып, жан берісіп жүрген Ерлан Мен Қаныштай батырларымыз бостан босқа қаза тапқан жоқ. Болмыс (human being) саналы түрді философиямен өзін емдемесе қоршаған ортаң да, орманың да осылай қирап, тозып, тоналып, өртеніп кете береді. Отбасы хрестоматиясы жігіттері осындай қауіптің алдын алуға қамданып бақты. Екі күн бұрын ойлаған, бір күн бұрын болжайды деген. Экософия деген өркениеттің тың саласы қазақ қоғамына сіңіп бастады. Мұны ғылымда субъекті мен объективті әлемнің достасуы дейді. Яғни, адам қоршаған ортамен не істесе дұрыс байланыс орната алады? Табиғат пен адамның арасы Кие, Мән, Логос арқылы ғана байланады. Оны ғылымда Web of meaning яғни Хикмет өрнегі деп атайды, – дейді Санжар Керімбай. Жиынға қатысқан Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің доценті Омар Жәлел халық ұғымындағы туған жер, өскен ел, атамекен, аяулы өлке, ауыл сынды қастерлі түсініктер туралы айта келіп, қоршаған орта мен қоғам арасындағы ара-қатынас табиғатын сақтауға бағытталған бүгінгідей жиынның маңызының зор екенін атады.

– Кітап балалардың тіліне арналып жазылған. Балаларға арналғандықтан алдағы уақытта осы кітапты мектеп бағдарламасына енгізу туралы ұсыныс жасау жоспарда бар. Әзірге 3 мың данамен шықты, сұраныс болса тағы да шығаратын боламыз. Ерекше айтып кететін жайт, біз бұл туындыны табиғат жанашырлары мен қорғаушылары, киелі киіктерді қорғаймын деп жазатайым болған отандастарымыз Ерлан Нұрғалиев пен Қаныш Нұртазиновтың рухтарына арнап отырмыз, – дейді кітап құрастырушыларының бірі, психолог Сейілбек Мырзабаев.

Экософия ұғымын 1973 жылы ғалым Арне Несс ғылыми айналымға енгізді, мағынасы табиғаттың киелі мәніне үңілу дегенге саяды. Қазір әлемнің алдыңғы қатарлы дамыған елдері экософияны мектепте қосымша пән ретінде енгізіп жатыр. Себебі жер шары – адамзаттың ортақ үйі, ортақ дүниесі. Оны қорғау үшін жұмыла кірісу керек. Сондықтан қазақ айрықша қастерлейтін обал мен сауап, кие мен қасиет ұғымдарын өскелең ұрпақ қана емес, ересектердің санасына да терең сіңдіру өркениетті қоғамға қалыптастыру жолындағы ең бір қат дүние болып тұрғаны рас.