Екі жүз жылға таяу тарихы бар қазақтың қасиетті мекендерінің бірі – Қарқаралы. Арқаның алтын тәжі саналатын қастерлі аймақ көрікті табиғатымен бірге, елге белгілі тарихи тұлғаларымен де көзіқарақты жұртты қызықтырмай қоймайды. Біз бүгін сол өлкеде өмір сүріп, 17 жыл Қарқаралы округінің аға сұлтаны болған, Бөкей ханның нәсілі — Құсбек төре Тәукеұлы туралы сөз еткіміз келеді. Жалғыз Қарқаралы шежіресіне қатысты емес, жалпы қазақ тарихында елеулі орындардың біріне ие Құсбек төре туралы бүгінде көп айтылмайды. Кешегі Кеңес өкіметінің солақай саясатының салқынымен көркем әдебиеттерде, ауыз-екі әңгімелерде Құсбек төрені жағымсыз кейіпкер ретінде ғана сомдау басым. Бүгінгі ұрпақ бұл бұрмаланған тарихты дұрыстауы керек деп ойлаймыз.
Майор Құсбек Тәукин
Құсбек төре Бөкей ханның қарақалпақ әйелінен туған баласы Тәуке сұлтанның үлкен ұлы. Тарихи құжаттарда Құсбек төре 1799 жылы дүниеге келген деп көрсетіледі. Орыстар оған «ақылды, әділ, ел арасында ерекше сенім мен құрметке ие» деп мінездеме берген. Құсбек Тәукеұлы туралы көп деректерді Әлихан Бөкейханның туған інісі Смахан төре Бөкейхан жазып қалдырған. Бүгінгі таңда аталған деректерге сүйене отырып тарихшы ғалым, Еуразия ұлттық университетінің докторанты Арман Ахметов Құсбек төре туралы, жалпы Барақ хан, одан тараған белгілі сұлтандар туралы толымды еңбек жазып, жемісті еңбек етіп жүр. Құсбек туралы зерттеуінде келтірген мәліметтеріне сүйенсек, 1824 жылы Қарқаралы округі ашылып, Тұрсын Шыңғысұлы аға сұлтан болғанда беделі жағынан Құсбек төре екінші адам болғанға ұқсайды. «Құсбек төре 1830 жылы сәуір айында Петерборға патша сарайына аға сұлтан Тұрсын Шыңғысұлы бастап барған Қарқаралы округінің депутациясы құрамында болды. Сөйтіп, 18 мамырда Александр лентасына тағылған алтын медальмен марапатталды. Жүктелген тапсырмаларды бар ынтасымен тиянақты орындауы ескеріліп, 1840 жылы 3 наурызда шекара бастығы Ладыженскийден мақтау қағазын алады. 1841 жылы 11 тамызда майор шеніне жоғарылайды. Өзі тұрған Қара-Әйтімбет болысына әкесімен қатар билігі жүрген. Тұрсын сұлтаннан кейін 1843 жылы 26 шілдеде халықтың қалауымен Қарқаралы округінің аға сұлтаны болып сайланады. Үш жылдан кейін екінші мерзімге аға сұлтан болып, 1849 жылы 18 желтоқсанда қызметтен босайды. 1861 жылы 9 қыркүйекте қайта аға сұлтан қызметіне келіп, 1863 жылға дейін атқарады. Жылына 350 рубль төлемақы алып отырған. Талды, Жарма өзендерінің бойын жайлап, Қараша тауы аймағында қыстаған», деп жазылады «Барақ хан әулеті» дерек-шежіре кітабында. Өкініштісі, Құсбек сұлтанның қай жылы дүниеден өткені әзірше белгісіз. Төре қайтыс болғанда ақын інісі Жошы сұлтан:
Кешегі туған айдың бүгін бесі,
Мал тайса ер жігіттің қалмайды ісі.
Келсем, кеткім келмейтін ауылым-ай,
Ит байласа тұрғысыз болғаны несі?!
– деп жоқтау өлең айтыпты.
Құсбектің үш әйелі де төренің қыздары болған. Олар Айбала Әбілқайырқызы, Айғанша Қосымқызы, Жанпейіс Жадайқызы. Мұндағы Айғанша – тобықты еліндегі Қосым Абылайханұлының қызы екенін айта кеткен жөн. 62 жастағы Құсбектің формуляр тізімінде жеті ұлы көрсетілген. Олар: Әбілхан, Тәтіхан, Сыздықхан, Әзіхан, Омархан, Сейілхан, Әбдіхан және қыздары Әйнеке мен Фатима. Смахан Бөкейханның жазып қалдырған дәптерінде Құсбектің төрт баласы Тәтіхан, Сыздықхан, Әзіхан, Әбіш есімдеріне Қоңыр есімді тағы бір баланы қосқан. «Мұнда Смахан төре ұрпақтары жалғасқан, өзі білетін адамдарды жазып отырған сияқты. Ал Құсбектің пайғамбар жастан асқанда әйелі тағы бір ұл туып атын Қоңыр қойды десек, онда ол сегізінші ұл болар еді. Бірақ 1879 жылғы деректе жеті бала деп анық айтып тұр. 1879 жылға дейін бір баласы жастай өліп, жаңа туған баламен қайта жеті бала болуы мүмкін деген ой да келеді. Қоңырдың ұрпағы Ермек Төкенұлының үйінде атадан жалғастырып жазып келе жатқан Құран-қатымда мынадай жолдар бар: «Сыздыхан, Әзіхан, Тәтіхан, Омархан, Әбілхан, Әбіш, Қоңыр Құсбек ұрқына...». Мұнда Құсбектің баласының саны тағы да жетеу. Бұл жазбада Сейілханның есімі аталмай орнында Қоңыр тұр. Егер қартайған шағында туған баласы болмаса, онда ел Сейілханды «Қоңыр» атап кетуі әбден мүмкін», дейді А.Қиятұлы.
Бүгінгі таңда Құсбек төреден тараған ұрпақтар Қарқаралы өңірінде өсіп-өркендеуде. Аға сұлтаннан тараған ұлдардың барлығының есімдері Қарқаралы ауданының Бақты ауылына қарасты қыстауларға беріліп, солай аталады. Мәселен, Талды өзені бойында «Ыбыштың жайлауы» деп аталатын жер болса, Бақты аулынан Абыз бөлімшесіне бара жатқан бағытта «Ыбыш қыстағы» деген жер атауы сақталған. Сондай-ақ Құсбектің үшінші ұлы Сыздықханнан тараған Әбілезхан есімі де Бақты ауылына жақын маңдағы «Әбілез қыстауына» берілген. Құсбектің төртінші баласы Әзіханның қыстауын да аталған ауылдың маңынан нұсқап беретін адамдар бар.
Құсбектің балаларының ішінде алтыншы ұлы Қоңыр беделді адам болған екен. Қоңыр сұлтан туралы Бөкей ханның жұрағаты марқұм Бақыт төре Тәңірбергеннің жазуынша, ХХ ғасырдың басында Қоңыр сұлтанның салдыртқан мектебі болыпты. Ол мектептің қабырғалары 1958 жылға дейін сақталған. 1928 жылы Қоңыр төре, тілеубай руынан Мұздыбай, Жақаш үшеуі бай тұқымы ретінде кәмпескеге ұшырап, Қостанай жеріне жер аударылған. Қазір Қарқаралы ауданындағы Абыз бен Бақты ауылдарының арасында «Қоңыр қыстағы» деген үлкен қыстау әлі бар.
Талды бойын жайлаған төре
Құсбек төре туралы Адольф Янушкевичтің «Қазақ даласына жасаған сапарларындағы» жазбаларында айтылады. «Қарасу бойында. Анама хат» атты естелігінде А.Янушкевич: «Аспанды басына көтеріп гу-гу еткен жұрт бағы жанған Құсбек сұлтанның жүйрігіне бас бәйгені берді. Құсбек бәйгесін сол бойда алды» деген күнделік парақшасына жазба қалдырады. А.Янушкевичтің Құсбекпен талай мәрте кездескені анық. Тағы бір деректі С.Бөкейхан Солтанғазы төре туралы жаза келіп: «Оны Құсбек төренің үйінде көрген поляк саяхатшысы Адольф Янушкевич «салмақты, көрікті қарт» деп бейнелейді», деп Құсбек пен Янушкевичтің қарым-қатынасы туралы ақпарат қалдырады.
Ең алдымен ескеретін ерекше жағдай Құсбектің – аға сұлтан лауазымы. Ел билеген сұсты әмірші әрине босаң мінез танытпайтыны белгілі. Қамысты бос ұстасаң, қолыңды қияды демекші, халықты харизмасыз басқару қиын шаруа. Сол себепті де билік мансабында Құсбек аға сұлтанның өңірге темірдей тәртіп орнатуы заңдылық. Сапарғали Бегалин «Қарқаралы» поэмасында:
«Табандап Талды бойын Құсбек жайлап, Обадай орда тігіп, шалқып жайғап. Ауылына аңдаусызда атпен келсе, Алғызған ат бауырына, жаяу айдап. Түсіріп түстік жерден тізерлетіп, Қусыртып қолын төске «Алла жарлап!». Сүйгенге – таяғының үшін беріп, Сүймеске – ұстатпаған, таяғын да», деп Құсбек аға сұлтанды қатал болыс, әміршіл төре деп суреттеуі осы жайлардан келіп туындаса керек. Бұл жердегі қаталдық – қатыгездік емес. Біз осыны көп ескергеніміз жөн. Негізінен Құсбек Тәукеұлын күрделі тұлға деуге болады. Ол туралы жазушы Мұхтар Әуезов 1932 жылы шыққан «Абай» журналында қысқаша айтып өтеді. «Ел басқару ісінде Қарқаралы округінің аға сұлтаны болған майор Құсбек Тәукин билік еткен жылдары жер дауы, жесір дауы әділ шешіліп, орыс ұлығына пара беру мүлде болмаған», деп жазады.
Осыдан бір-екі жыл бұрын аға сұлтанның шежірелі өмірі мен сол заманның тынысын дәл сипаттаған көркем шығарма да жазылды. Жазушы Серік Сағынтайдың «Оңқа-Жәдік оқиғасы» хикаятында Құсбек образы айрықша суреттелген. «Жасынан аймақтың кәріқұлақ қарияларын, жыршы, ақындарын тыңдап өскен Құсбек төренің білім-білігі едәуір еді», деп сипаттайды С.Сағынтай.
Күре жолдың бойында кесенесі тұр
Бүгінде аға сұлтанның күмбезді кесенесі Қарқаралы ауданына қарасты Бүркітті ауылында, Қарқаралы-Егіндібұлақ тас жолының бойында тұр. Кесенені мемлекеттік маңызы бар тарихи, мәдени ескерткіштер қатарына енгізіп, қорғауға алуға мұрындық болған белгілі ғалым, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Мыңжасар Әдекенов пен сол кездегі Қарағанды облыстық мәдениет департаментінің басшысы Рымбала Кенжебалақызы болатын. Талды өзенінің сол жағалауында орналасқан тарихи нысанның ерекше архитектурасы өткен-кеткен жолаушыларды бейжай қалдырмайды. Ескі әңгімелерден жеткен аңыз-деректерге сүйенсек, мазар кірпішін қырық қыз қалап, құрылыс балшығына аттың қылы мен ешкінің майы қосылып сыланған.
Зират сәулетті-жоспарлық және көркем өнер шешімімен ерекшеленетін әртүрлі мемориал кешендерден тұрады. Кесене негізінен шошақ бейіт үлгісіне жатады. Сондай-ақ негізгі кесенеге жапсарлас жанама төртбұрышты зираттар жалғасып салынған. Құсбек төремен қатар ол бейітте Бөкейханның ұрпақтары Тәуке сұлтан, Құсбек төре, Ысмайыл сұлтан жатыр. ХІХ ғасырдың екінші жартысында қаланған мазар үш камералы діни-ғұрыптық ескерткіш ретінде ерекшеленеді. Ескерткіш Кеңес өкіметі тұсында елеусіз-ескерусіз қалып, малшы-жалшылар мазардың ішіне жылқы қамаған кездер болған. Құсбек төре туралы деректерді жинақтап кеткен ғалым, зерттеуші Мыңжасар Әдекенов: «Атақты «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама» оқиғасынан кейін азат етілген жерлерге Сырдың бойынан, әр жерден қайта серпіліп келіп жиналған елді басқаруға деп Қаз дауысты Қазыбек би мен шекшек Нұралы би Самарқандағы Барақ ханның 14 жастағы баласы Бөкейханды 1748 жылы алып келіп, Орта жүзге хан сайлаған екен. Содан бері, Бөкейхан мен одан тараған, ел басқарған сұлтандардың тарихы орталық Қазақстанның, Қарқаралы аймағының да тарихы», деп жазып кеткен. Қарқаралы өңіріне жүргізген Құсбек билігі арғы атасы Бөкейханнан бері үзілмей жалғасқан.
«Құнанбай мешітінде» қолтаңбасы бар
Тіпті кейбір деректерде қазіргі Қарқаралы қаласындағы «Құнанбай қажы» мешітін салу туралы алғашқы жұмыстар Құсбек төре аға сұлтан болып тұрған уақытта қолға алынған. Семей қаласындағы Абай музейiнiң аға ғылыми қызметкерi Мұздыбай Бейсенбаевтың «Ана тiлi» газетiнде жариялаған «Құнанбай тәкиесi мен Қарқаралыдағы мешiтi» атты архив құжаттарында Сiбiр қазақтарының Шекаралық басқармасы құрылыс бөлiмiнiң жазған қатынасында: «Қарқаралы округтiк приказында осы жылы 5 қыркүйекте баяндама тыңдалып, онда аға сұлтан және басқалардың мешiт салу жөнiндегi актiсi қаралыпты. Актiде жазылғаны: Аға сұлтанның, болыс управительдерiнiң және басқа құрметтi билердiң сұрауы бойынша Жоғары Кеңсе басшыларының рұқсатымен осы округте мешiт салу жөнiнде жарлығы болған. Мешiт құрылысын жүргiзуге халықты көмек көрсетуге шақыра отырып, олардың ерiктi түрде берген қаражатын есептеп жазып отыру үшiн қатталған баулы кiтапша (шнуровая книга) берулерiңiздi және мешiт құрылысын жүргiзетiн жердi белгiлеудi сұраймыз...» делінген құжат та бар. Аталған архив құжаттарын үлкен тарихшы ғалым, жазушы Тұрсын Жұртбай өзінің «Құнанбай» атты еңбегінің «Жәбір сұлтан» тарауында тарқатып айтып, оқырман назарына мынандай мәліметтерді ұсынады:
«Орталық мемлекеттік архивте «Қарқаралы селосындағы мешіт құрылысы жөніндегі іс» деп аталатын 32 беттік құжат сақталған. Осы буманы оқып танысқанымызда бұған дейін белгісіз болып келген бірталай жаңа деректің ұшығы шығып, мешіттің салыну тарихы көз алдымыздан тізбектеліп өте бастады. Мешіт құрылысын алғаш қолға алар тұста жасалған акт деген құжатты оқиық:
«1847 жылы 22 сентябрь күні біздер, төменде қол қоюшылар мен мөр басушылар, таңбасын салушылар, мешіт құрылысын салу жөнінде 2 сентябрде приказға берілген тілегіміз бойынша Қарақаралы селосында мешіт салуға ерікті түрде қаражат жинап береміз. Жоғары басшылар алдында мешіт салу мәселесі толық шешілгенше иелік жасауды қазақтар атынан кеңесші Итхаринге және Сарғыз Доғаловқа тапсырамыз. Олар приказда хатталған есеп қатирасын алып, халықтан ерікті түрде түскен кіріс қаражатты жазып, оны қашан құрылыс жұмысына толық рұқсат берілгенге дейін өздерінде сақтауға міндетті және солардың қатаң жауапкершілігінде болады. Ақшаның жоғалып кетпеуіне, кітапшаға кірістің дұрыс жазылып отыруына, қандай да болмасын тәртіпсіздіктің болмауына осылар бақылау жасайды. Қашан жоғарғы ұлықтардың ұлықсаты болғанша, жауапкершілікті соларға жүктейміз. Сендіру үшін акт қағаз ұсынамыз.
Осы актіні жасағанда аға сұлтан майор Құсбек Таукин қатысты және мөрін басты». Аға сұлтан Құсбек Тәукин 1847 жылғы қазан айының 23-інде жолдаған хатында қозғалған мәселені одан әрі тереңдете, нақтыландыра түседі: «Приказдың төрт мүшесі және қазақтардың қатысымен мешіт құрылысына жаңадан салынған дүкендердің қарама-қарсы жағынан орын таңдап алдық. Шығыс жақта, далалық алаңқайдан 60 метрдей жерде. Осы жерді бекітіп беруді сұраймыз».
1848 жылғы 16 наурызда Шекара басқармасының құрылыс бөліміне Қарқаралы дуанының кеңесшісі атынан төмендегідей мазмұнда хабарлама жолданады. Онда: «Осы округтің аға сұлтаны, майор Таукин мен кішік-тобықты болысының болыснайы, хорунжий Өскенбаев өздерінің 17 ақпандағы хабарламасында Қарқаралы селосында мешіт салу жайындағы талабымызды Жоғары мәртебелі ұлықтар қолдап және құрылысты жүргізуге рұқсат беріп еді. Осы көктемнің басынан құрылысты бастамақ ниетіміз бар еді. Бірақ Қарқаралыда мұндай құрылысқа пайдалануға жарайтын бос, ерікті адамдар болмай отыр. Сол себептен Қарқаралыдағы ротаның солдаттарын мешіт салу ісіне пайдалануға болмас па екен? Оларға тиесілі заңды еңбекақыларын төлер едік, немесе қандай да болмасын жағдайларын туғызар едік, – деген. Осы жөнінде айтылғандарды Сіздің мәртебеңізге хабарлап отырмын. Қарқаралы дуанының приказ кеңесшісі» (қол қойған), деп жазылған».
Міне, Т.Жұртбай көрсеткен архив материалдары бойынша біз мешiт салу аға сұлтан Құсбек төренiң де қолтаңбасы бар екенін барлық болыстың қатысуымен әрi халықтан жиналған қаражат есебiнен, сонымен бiрге орыс әкiмшiлiгiнiң рұқсатымен басталған iс екенiн айқын аңғарамыз. Бұл да Құсбек төренің аға сұлтан болып тұрған ықпалды тұсында жасаған игі істердің бірі деуге болады.
Бүгінгі таңда осынау тұлға есімі ел ішінде тіпті ұмытылып бара жатқандай көрінеді. Ханға қарашаны қарсы қою саясаты Кеңес өкіметінен қалған кесел екенін бүгінгі жас буын жақсы түсінуі керек. Байды аяр, ханды залым қылып суреттеу өз тарихымызға өзіміз балта шапқанмен бірдей шолақ түсінік дер едік.
Осы күні жоғарыда айтылған ауқымды істерімен елге ерекше қызмет еткен аға сұлтан туралы айтылмақ түгіл, сол Қарқаралы ауданында, аудан орталығы Қарқаралы қаласында бірде-бір көшенің не кеңсенің есімі берілмеген. Бұл әділ тарихты әлі де әдейі бүркемелеу сияқты көрінеді. Бұл ретте Қарқаралы ауданының басшылығы әлбетте ойланғаны дұрыс. Әрине, қолына найза ұстатып, қара қасқа атқа мінгізіп мүсін соғу артықтау болар, дегенмен Қарқаралы округінің азды-көпті тарихына едәуір еңбек сіңірген тұлға ретінде белгі тақта орнатылып, болашақ ұрпаққа Құсбек төре есімі дұрыс насихатталуы керек деп білеміз.