Премьер-Министрдің орынбасары – Қаржы министрі Әлихан Смайыловтың басшылығымен Қазақстан Республикасында инвестициялық саясатты іске асыру туралы пікірталас өтті. Бұл туралы Премьер-Министрдің баспасөз қызметі хабарлады.
Шараға Президент жанындағы Шетелдік инвесторлар кеңесінің инвестициялық саясатты іске асыру жөніндегі жұмыс тобының және мемлекеттік органдардың: Бас прокуратура, Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті, Ұлттық экономика министрлігі, Әділет министрлігі және Жоғарғы Сот өкілдері қатысты.
Кездесу қатысушылары салықтық құқық бұзушылықтарды қылмыссыздандыруға бағытталған шараларды талқылады.
«Бұл жұмыстың нәтижесі ретінде еліміздің инвестициялық ахуалы жақсартылып, сондай-ақ мемлекеттік органдардың бизнеске қысымы төмендетілуі керек» деп атап өтті Әлихан Смайылов.
Шараға, сонымен қатар жұмыс тобының шетелдік жақтан «EY», «Shell», «TOTAL» өкілдері қатысты.