Бала тәрбиесіндегі қазақтың бір озық үлгісі – әже мектебі еді. Қазір ол жойылудың аз-ақ алдында тұр. Тіпті «әже» деген жаныңа жақын аяулы атаудың өзі де көп жағдайда жалпыға ортақ «апаға» ауысқан.
Ал бірақ, әже тәрбиесін көрген азаматтарды анадайдан танисың. Ең басты ерекшелігі сол, ондай жан барынша бауырмал болады. Өйткені әжесі ондай баланы көбінесе құшағына алып, қашан көзі ілінгенше айналып-толғанып, бойындағы бар жылуын беріп, бауырына басып жататын. Осындай қамқорлық көрген соң өрен мейірімді болып өсетін. Қолындағы ойыншығын, тәттісін біреуге беруге тырысатын.
Өзіміз әже мектебін көргендерді дәл осы – бауырмал мінезінен танимыз. Қандай қызметте, қандай лауазымды атқарып жүрсе де әже мектебінен шыққандар бойындағы айрықша жылылығынан кімнен тәрбие алғанын білдіріп тұрады.
Шешелер қанша талапшыл болса, әжелер соншалық жұмсақтық көрсететін. «Осыдан бала бүлініп кетеді» деген түсінік білместіктен туған. Өркениеттің өріне шыққан жапондар да бөбектерін бес жасына дейін еркелетіп, не істесе де біздің әжелеріміз сияқты бетінен қақпайды екен. Содан жапонның балалары артық болмаса кем болған жоқ. «Баланы бес жасқа дейін патшаңдай күт, 5-тен 15-ке дейін құлыңдай жұмса, ал 15 жастан кейін құрбыңдай көр» деген даналық солардан шыққан. Әрине, еркелетудің де жөні бар, ешкім де шектен шығарып жібермейді. Әжелеріміз де солай болатын, есті ерке болсаң – бетіңнен қақпайды, ал ессіз болып бара жатсаң, ақ таяғы арқаңнан сарт ете қалады...
Жапондар бөбектің еркелеп, еркін ойнап-күлгенін қалайтыны – олардың өмірді өздігінен танысын дегенге саяды екен. Еркіндікте бәрін де өз қолымен ұстап, өз көзімен көрсін, сонда алған әсері мол болады, танымы зор болады деп санайтын көрінеді. Ал он беске келген баланы олар толық, дербес адам деп санайды. Қазақ та «он үште отау иесі» демейтін бе еді? Әжелеріміз де осы кезден үй иесі болуға үндеп, сенім білдіріп, келін әкелгеннің, қызық көрсеткеннің, бөпе сүйгеннің қызықтарын әңгімелеп отыратын еді ғой.
Баланың ерте дамып, есеюін қазір ғылым да жетістікке санайды. Дамудың жолына ерте бастан түсу керектігін де алғаш ұсынған халықтардың бірі жапондар екен.
Ұзақ жылдар орыстың ықпалында болып, солардың тәрбиелік салттарын бойымызға сіңірген біздің көптеген замандасымыз әже мектебінен кемістік таппаққа тырысады. Баланы ерте есейтуді де ондайлар қателік санап, үлкендердің әңгімесін естіртпеуге, үйдегі үлкен-кішілі проблемалардан алыс ұстауға тырысады. Бұл жасөспірімді сол балалық қалпында қалдырып, ештеңеден хабарсыз, тек ата-анасы айтқан әңгімелерге ғана малдануға үндейді. Бұдан баланың өмірге деген көзқарасы дами алмай қалады. Әрине қазіргі, интернет қолына еркін тиген бала өмірдің барлық қырларын өзі көреді. Бірақ соның бәрі әженің әңгімесі сияқты жұмсақтықпен, жылылықпен емес, дөрекілікпен, рақымсыздықпен жетіп, баланың санасын қатыгез, мейірімсіз қылып қалыптастырады. Ондай балалардан кейін не шығатынын көріп жүрміз. Тіпті қылмыстық жолға түспей, университетке түсіп оқыған болса да кейін маман болып шыққанда, бастық болып отырғанда бойында жылылық, адамгершілік жоқ екені көрініп қалады.
Қанша пайдалы болса да, қанша тиімді болса да әжелер мектебін қайтадан қалпына келтіру оңай емес. Ол үшін аналардың өзі әже болуға тәрбиеленуі, тырысуы керек. Әрине, қазіргі әжелер Мұқағали айтқандай, ақ кимешек, мәсі кимей-ақ қойсын, бірақ әженің ұлағатын бойына сіңіріп, пайдалы қасиеттері мен тәрбиесін алуына болады. Арнайы зерттеп, әжелер мектебінің озық үлгілері мен тиімді тұстары теріліп кітаптар жазылса, еңбектер жарық көрсе, сосын қазіргі апалар арасында курстар жүргізілсе, ондаймен айналысатын үкіметтік емес ұйымдар пайда болса – әжелер мектебінің қайтадан ашылмайтын несі бар? Ол біздің Рухани жаңғыруымызға да қосылған үлес болмас па еді?