Жақында Түркияда 6,8 балл жер сілкінісі болып, көптеген адам қаза тапты. Қайтыс болғандар саны күндеп артуда. Одан қалды 1-2 апта болды «Алматыда жер сілкінеді екен» деген алыпқашпа әңгімелер халықты қатты дүрліктірмесе де, бәріміздің құлағымызға жағымсыз тиіп тұр. Осыдан кейін жер сілкінісі деген табиғат апатын ескертетін әдістің қалайша жоқ болғаны деп өзімізше ізденіп көрдік.
Ал, енді осындай техника мен технология қарыштап дамып жатқан заманда қалайша ғана алапаттың алдын ала алмаймыз деген ой туады. Керемет дамыған Жапонияның үрдісіне ілесе алмауымыз өз алдына, тіпті еліміздегі ең сейсмоқауіпті аймақ Алматы қаласының жаңа сейсмокартасы жасалмаған. Алматы қаласында жер сілкінісі болып кеткеннен кейін ғана SMS-хабарламалар келетінін көріп жүргендіктен оның не мәнісі бар деген үлкен сұрақ туындайды. Төтенше жағдайлар комитетінің өкілдері әлемде жер сілкінуді алдын ала ескерте алатын технология шықпағанын айтқанмен, кейбір елдерде ол бар көрінеді.
Мысалы, АҚШ-та қауіпті аймақ саналатын Батыс жағалауының тұрғындарын жер дүмпулерінен хабардар етіп отыратын ShakeAlert атты арнайы жүйе жұмыс істейді. Жүйеде 400 сейсмограф Калифорния штатының барлық жеріне қондырылған. Олардың ішіндегі ең болмағанда бір приборы жер сілкінудің белгілерін тіркей қалса болды, мамандар қолма-қол іске кіріседі. Жүйе жер астынан келе жатқан дүмпу магнитудаларын ерте тіркеп, ол жер бетіне жеткенше адамдарды хабардар ету үшін қызмет етеді. Керек десеңіз, әр тұрғынның смартфонына ескертпе хабарлама келіп үлгереді.
Бұл жүйе жақсы болғанмен аса қымбат көрінеді. Жоғарыда аталған ShakeAlert сейсмографының біреуі ғана 100 млн АҚШ доллары шамасында бағаланады екен және оған оның ары қарай жұмыс істеуін қажет ететін де шығындар керек болады. Көрші Ресей өзіне қажетті жүйені 6 млрд рубльге есептеп шығарып, қымбатсынып отыр екен. Біздің елде атқамінерлер тарапынан мұндай әңгіме көтерілді ме екен?
Дегенмен, адам өмірі дүниедегі ең қымбат байлық саналатындықтан кейбір елдер осы жүйені пайдаланып отыр. Мысалы, Жапон елінде орнатылған осы жүйе көмегінің арқасында 2011 жылы 9 балдық жер сілкінісі 52 млн халық алдын ала ескертіліп, зардап шеккендер мен құрбан болғандар саны өте аз болды. Ал, бұл Жапония тарихындағы ең қатты болған жер сілкінісі екен. 2018 жылы Мексика астанасында болған 7,4 балдық осы жүйе 30 секунд бұрын ескертіп, көп септігін тигізген.
ShakeAlert сияқты жүйенің болуы бәрімізді қуантқанмен, біздің елде, оның ішінде жер сілкінісі болуы ықтимал аймақтарында болмауы көңіл көншітпейді.